Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлер Съезі Хатшылығының XIX отырысын ақпарат алаңында кеңінен насихаттау мақсатында, Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н. Назарбаев орталығы ҚР Сыртқы істер министрлігімен және Қазақстанның шет елдердегі дипломатиялық өкілдіктерімен бірлесіп “Бейбітшілік пен келісім жолындағы конфессияаралық диалог” тақырыбында дөңгелек үстелдер сериясын бастайды.
Іс-шараның мақсаты конфессияаралық даму мәселелері бойынша сараптамалық пікір алмасу, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Н. Назарбаевтың дінаралық келісімді сақтау және қамтамасыз ету жөніндегі бастамаларын халықаралық деңгейде, сондай-ақ әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының тұжырымдамалық идеяларын ілгерілету болып табылады.
Биылғы жылдың тамыз-желтоқсан айларында барлығы 13 дөңгелек үстел өткізу жоспарлануда (Армения, Венгрия, Германия, Үндістан, Иран, Канада, Қырғызстан, Малайзия, Пәкістан, Сауд Арабиясы, Түркия, Чехия және Швейцария). Дөңгелек үстелге Хатшылық пен Съез мүшелері, жергілікті діни лидерлер, жетекші сарапшылар, саяси және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ әлемдік беделді ғылыми-зерттеу институттары, сараптамалық “ми” орталықтары (think tanks), жоғары оқу орындары, халықаралық ұйымдар және жетекші әлемдік БАҚ өкілдері қатысады деп күтілуде.
Съез Хатшылығының XIX отырысы қарсаңында Мумбайда, Исламабадта, Женевада, Прагада, Эр-Риядта 5 дөңгелек үстел өткізу жоспарлануда.
Аталған іс-шараны ұйымдастыру әлемдік қоғамдастықтың, ғылыми-зерттеу орталықтарының, ірі әлемдік және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының назарын рухани дипломатия қағидаттарын дамыту мәселелеріне аударуға, конфессияаралық диалогтың қазақстандық тәжірибесін дамытуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының әлемдік аренадағы оң имиджін ілгерілетуге ықпал етеді.
Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылдың 5 қазанында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің мақсаттары мен міндеттерін ілгерілету жөніндегі уәкіл, Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының Басқармасының төрағасы Болат Сәрсенбаевтың басшылығымен Съез Хатшылығы Жұмыс тобының отырысы өтеді.
6 қазанда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының спикері, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының Басшысы М.Әшімбаевтың төрағалығымен Съез Хатшылығының XIX отырысы өтеді.