Өмір үшін жанталасып жатқандар қаншама!? Оларға жүрек жылуын ұсынып, ыстық ықыласын білдірушілер одан да көп екені көңілге жұбаныш! Осы соңғы бір айдың ішінде емханаларға оттегі концентратын алуға еріктілер тобы жұмыс жасады.
Әлемді құтқару оңай емес, алайда адамды құтқаруға толық мүмкіндік бар. Бір адамның өмірін құтқару үшін тамшыдай үлес қосуға ел болып тілек білдірді. Осы сәтте: «Әлемді мейірімділік құтқарады» деген сөз шынға айнала түсті.
Ел ішіне індет тарағалы адамдар өліммен бетпе-бет келді. Алланың аманатқа берген жаны сыздап ауырғанда, көп адамдар «денсаулық – ұлы байлық» екенін шын ұғынғандай.
Көп болды… адамдар «дүние арбасына» мінгелі біраз дүниені ұмытты. Зәулім үйлер мен есепсіз қаражат құлқынды толтыра алмады. «Екі жеп, биге шыққандардың» дәурені жүре бастады. Адамның ақысы ашықтан-ашық талан-таражға түсті… Өкінішті…
Жапырақ та Алланың қалауымен жерге түседі. Олай болса, елге індет ентелеп келгенде осыны ұмытпауымыз керек болатын. Себебі, жер бетінде мейірім азайып кетті, қатігездік қанат жайды.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Пейішке мейірімділер ғана кіреді», – деп айтқанда, сахабалар: «Уа, Алланың елшісі, біз бәріміз мейірімдіміз», – деді. Сонда Алла елшісі: «Өзіне ғана емес, басқаларға да мейірімділік танытқан кісі мейірімді», – деді.
Мейірім мен махаббат бұл – адамдар арасын жалғап тұрған нәзік сезім. Бір-біріне деген құрмет пен жақсы көру сезімі, сыйластық адамдарға өте қажет.
Нәрлі топыраққа қандай тұқым ексек, соған сәйкес өнім алынатыны бесенеден белгілі. Бидай тұқымынан бидай өсіп шығатынындай, арпаның дәнінен міндетті түрде арпа өсіп, бой көтереді. Бұл табиғи мысал. Бірақ, сөзіміз мақсатсыз емес. Рухымыздың тереңіне жақсы мінез-құлықтардың тұқымы себілсе, болмыс-бітімімізде ізгі қасиеттердің қатары түзілері анық. Мұндайда айнала қоршаған ортамен де байланыс жақсы негізде нығаяды.
Ақын Абай атамыз:
«Жаратқан махаббатпен адамзатты,
Сен де сүй Ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және осы Хақ жолы деп әділетті», – деп жырлаған. Алла Тағала адамзат баласын зор махаббатпен жаратқандығы себепті, құлдарының да бір-бірін жақсы көргенін, мейірімді болғанын қалайды.
Жалпы мейірімділік, ізгілік, ілтипат пен ізет болған жерде қашанда сұлу сыйластық орын алары сөзсіз. Ата-ана, бауыр, дос, туған-туыс және айналадағы адамдармен ерекше қарым-қатынас жасау – барлық адамның адами тұрғыдан өсіп-толысуына, кемелденуіне себепші.
Керісінше, дөрекі сөз, ғайбат, өсек және өтірік рухымызды кірлетіп жібереді. Сол үшін де жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене жүріп, асыл дінімізде көркемдікті қолдануымыз қажет. Сонда ғана ізетті, кешірімді тұлға ретінде қалыптасамыз.
Атақты бір психолог конференцияда: «Кімді жақсы көрсеңіз, оған барып жақсы көргеніңізді ашық айтыңыз», – дегенді айтады. Бір апта өткен соң психологқа бір кісі телефон соғады: «Өткен аптада айтқан сөзіңіз мені қатты ойландырды. Осыдан бес жыл бұрын әкеммен қатты ұрысып үйден кеткен біреумін. Сол кезден бері бір-бірімізге тіл қатпайтын болдық. Тіпті отбасымызбен бірге жиналған кездерде онымен кездеспеуге тырысатынмын. Үйге жеткенімде «жақсы көретінімді» әкеме айтуға ниеттендім. Осындай шешімге келуімнің өзі үстімнен ауыр жүк түсіргендей болды. Үйден шығып, ата-анамның үйі жаққа бардым. Олардың есігін қағып, есікке әкемнің шығуын тіледім. Өйткені, бірінші анамды көріп қалсам, жақсы көргенімді оған айтып, әкеме жолығуға тағы да батылым бармай кететінімді сездім. Есікті әкем ашты. Табалдырықты аттамай есіктің алдында тұрып: «Әке, сені жақсы көретінімді айту үшін келдім», – дедім. Әкем бірден мүлдем басқа адамға айналып кеткендей болды. Жүзі жұмсарып, көзі жасаурады. Мені құшақтай салып, басымнан сипалай берді де: «Мен де сені жақсы көремін, ұлым менің. Осыны ертеректе айтпағаным үшін кешір», – деді.
…Екі күннен кейін әкем инфаркт болып, ауруханаға түсті. Әкеме жақсы көргенімді айтпай тағы жүре бергенімде… оған жақсы көргенімді айтып үлгермегенімде… Олай ойлаудың өзі қорқынышты. Айтайын дегенім, жақсы көретімізді дер кезінде айту керектігін жақсы ұққандаймын. Рахмет сізге!»
Иә, өмірде орын алған осы оқиғаға қарасақ, өмірдің бағасы тым арта түседі. Адамдар болмашы нәрседен жүрекке дақ түсіріп алатыны өкінішті! Алланың разылығын көздеп, игі амал жасаушылар туралы көптеген хадистер бар: «Мұсылман бауырының пайдасы үшін әрекет жасаған кісіге Алла жолында жиһад жасағандардың сауабы беріледі».
Әнәс ибн Мәликтің риуаяты бойынша, пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мұсылман бауырының мұқтаждығы үшін жүгірген кісінің әрбір қадамы үшін жетпіс сауап жазып, жетпіс күнәсін өшіреді. Егер бауырына ол арқылы жәрдем берілген болса, анасынан туылған күндегідей бүкіл күнәларынан тазарады. Егер сол сәтте өлсе, есеп-сұрақсыз пейішке кіреді», – деген.
Міне, өзгеге қысылтаяң уақытта қол созудың ақыреттік пайдасы мен жеңісі осы болмақ. Қазір еліміз сын сағатта сыналып отыр.
Сындарлы сәтте адамдарға тым болмаса мейірім мен жылылық сыйлай алсақ – адамгершіліктің белгісі. Өйткені ауру алыпты да алып ұрып жатыр. Бай мен беделдіні таңдап жатқан жоқ! Сондықтан барша басы ауырып, балтыры сыздап, жаны қиналғандарға қоғам болып дем берейік. Жақсы сөз жан семіртеді.
Бүгінгі әлеуметтік желінің зиянын пайдаға, жақсы ниетке пайдаланайық. Қаптаған керексіз ақпаратты таратқанша, пандемия кезінде жақсылық жасағандардың мерейін үстем етейік. Сонда індеттің беті ізгі іс пен үмітпен тұмшаланады. Жақсылық үздіксіз жалғасатын болады.
«Әр қазақ менің жалғызым» деген ұран жалған болмауы керек. Себебі қазақтың қаны бұған дейін де аз төгілген жоқ. Соғыс пен аштық уақытында санаулы қазақ жан бақты, өжет ұрпақтың сағы сынбағандықтан, қазақтың бүгінгі таңы атты. Енді тәжтажалға да сондай қайсарлықпен қарсы тұратын рух керек! Ол үшін: жылы сөз, жақсы қарым-қатынас, сыйластық пен адамдарды жақсы көру сезімі болса жеткілікті.
Түйін: Миқдад ибн Мағдикариб жеткізген хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Діндес бауырын жақсы көретін адам сүйіспеншілігін оған міндетті түрде білдірсін», – деп айтты» делінген. Айналамыздағы адамдарға мейіріммен, жұмсақтықпен қарап, ата-анамызға, бауырларымызға жақсы көретін сезімімізді білдірудің пайдасы мол. Арада сыйластық орнап, бауырмалдылық жалғаса түседі. Алла нәсіп етсе, бұл індетті де еңсереміз.
Тұрар ӘБУОВ,
дінтанушы