Ирандағы Деджаг атты ауылда тұрған 94 жастағы Аму Хаджи өткен жексенбі күні өмірден озды. Оның лақап аты – “Әлемдегі ең лас адам” еді.
Бұл туралы Иранның IRNA мемлекеттік ақпарат агенттігі хабарлады. Хаджидің кір-қолажақ түрінен әбден шаршаған ауыл тұрғындары оны моншаға күштеп апарып, жуындырған. Нәтижесінде ол вирус жұқтырған.
Бұл оның 60 жылдан кейінгі алғашқы шомылуы екен.
Агенттіктің мәліметінше, ол өмір бойы тазалықтан қорыққан. Тіпті таза тамақ пен сусынды да тұтынбапты. Оларды жеп-ішсем, ауырып қаламын деп ойлаған.
2013 жылы ол туралы «Аму Хаджидің біртүрлі өмірі» атты қысқаметражды деректі фильм түсіріліпті. Сонда айтылғандай, ол Деджаг ауылындағы жергілікті тұрғындар салып берген лашықта өмір кешкен. Ең сүйікті тағамы – кірпінің өлексесі екен, ал суды таттанған ыдыспен ғана ішкен.
Ауыл адамдары оған шомылу туралы айтса немесе таза су ұсынса, қатты ренжіп қалатын болыпты.