2022 жылы Катар елінде өтетін футболдан әлем чемпионатына барғысы келетін жанкүйерлер алдын ала COVID-19 вакцинасын алуы міндетті. Екпе салдырмағандар үшін Катарға жол жабық.
Бұл шара коронавирус індетінің өршіп кетуінің алдын алу мақсатында қабылданып отыр. Катардың премьер-министрі әрі ішкі істер министрі шейх Халид бен Халифа бен Абдель Әзиз Әл Тани екпе алмаған жанкүйерлер матчтарға жіберілмейтінін растады.
Оның айтуынша, бұдан бөлек, Катар әлем чемпионатына келетін туристер арасында миллион вакцина тарататын болады. Қазіргі күні елде жаппай екпе салу үшін Pfizer-BioNTech және Moderna вакциналарына рұқсат етілген.
Айта кетейік, футболдан кезекті әлем біріншілігі келесі жылы қараша айында өтпек.