Ауызекі тілде әрқашан «алақайлап» жүрмесек те, әдеби айналымда жүрген сөз ғой. Оның түп-тамырына ой жіберген біреу бар ма? Асылы сөздің мәніне үңілгендер ше?
Иә, бұл қуанып, шаттанғанды білдіретін сөз. Қала берді балалардың қуанғанда айтатын сөзі. Сөздіктердегі анықтамалықтар да сүй деп тұр.
Бірақ бұл да өзі үшін өз тұлғасы сөйлеп тұрған сөз екен. Ондағы «ала» дегеннің тұрғаны тегін болмай шықты. Алекең де тек-негізі түркі-исламдық қайнардан өрбіген сөздердің қатарынан көрінеді.
Қалайша?
Әрине, «осы бағытта бірде-бір ізденіс жоқ» десек, қиянат болар еді. Мысалы, бұл туралы дінтанушы-филолог, PhD доктор М. Төлеген өзінің «Мұхиттың этимологиялық қойын дәптері» (ағымдағы уақытта әлі процесс үстінде, бізге қарауға және жекелеген бөліктерін алдын ала жариялауға рұқсат берген) жазбасында былай деп тарқатады:
⋘Жас балалар шаттанып, қуанған кезде өздерінің көңіл күйін білдіру үшін «Алақай!» деп айқайлайды. «Қазақ тілі» оқулықтарында бұл сөз осы себептен көңіл күй одағайы деп берілген. Алайда одағайдың ешқандай мән-мағынасы болмайтынын ескерсек, бұл пікірге келісуге болмайды. Себебі «алақай» сөзі «Алла Хай!», яғни «Алла тірі» дегенді білдіретін киелі сөз. Ол Алланы мақтап-мадақтау кезінде жария дауыспен айтылатын болған. Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикметінде» бұл сөз өте жиі ұшырасады. Осы сарындас хикмет жолдарынан ой түйетін болсақ, «Алла хай» деп көп айтқан сайын адамның жүрегі оянып, кеудесіне жақсы, ізгі қасиеттер ұялайды. Ондай кісі шайтанның азғырғанына ермей, Алланың ақ жолына ұмтылады⋙.
Сондай-ақ, ғалымның қисынына қарағанда, Әбубәкір Кердері жыраудың сөз өрнегінде де мұның дәлелеті көп. Ол оның ұзын-ырғасында былай:
Көкірек-тас, ұрсаң шоқыр «Алла хайлап»,
Мақшарда міскін басың алар байрақ.
Тағат қыл, Ібіліске көрсет айбат!
Фәниде сұм нәпсіге бой билетсең,
Иманды шайтан алар талапайлап,
– деп, «Алла хай» сөзінің мәйегін көрсеткен болып тұр.
«Діни-рухани ілім дәстүрі, жүйесі ұмытылып қалғандықтан, біраз уақыт бұл сөздің байыбына бара алмай келдік. Дегенмен, аңыз-әпсаналардың, қисса-дастан, жырлардың көмегімен қазіргі кезде осы тіркестің маңызына көз жеткізіп отырмыз» деп түйіндейді дінтанушы-филолог.
Өз кезегінде М. Төлегеннің осы лексемаға қатысты ұстанымда жалғыз еместігін атап өту керек. Заңгер-шариғаттанушы, дінтанушы ғалым, ҚМДБ жанындағы ғұламалар кеңесінің мүшесі М. Исахан да kazislam.kz порталындағы «Бесік жырындағы «Әлди-әлди» деген сөзі «Алла, Алла!» деген сөзден шыққаны рас па?» деген сауалға жауап аясында «алақай» версиясын бірсыдырғы қамтып өткен.
Заңгер-шариғаттанушы ол тұжырымында: «Біз қуанғанда «Алақай» дейміз. Мұның мағынасы не? «Хай» – «Тірі» деген Алланың сипаты» дей келе: «Дін адамды қуанышта да, қайғыда да Алланы еске алып, шүкіршілік етуге тәрбиелейді. Қазақтар қатты қуанғанда, бөркін аспанға атып, «Алла – хай, Алла – тірі!» деп қуанышын білдіретін болған. Адам өмірден озғанда «қайтыс болды» дейміз. «Хай» – тірі деген мағынада болғанда, «тыс» – сырт қалды деген сөз. «Мына дүниеден тыс қалды, бақилық болды» деген философиялық мағынаға ие» деп тақырыптың тіптен тереңіне кеткен. Яғни «қайтыс» болу сөзінің де алақаймен қанаттастығын алға тартқан десе де болады.
Жалпы, қазақ тілінде ислами түсініктен бастау алатын сөздердің көптігі бүгінде құпия емес. Алысқа бармай-ақ, «Абылай» есімі мәнінің де бір болжам нұсқа бойынша осы – «Хай» сөзіне келіп тірелетінін ескерткен ләзім. Ол бойынша, Абылай – «Абдул-хай» деген екі сөздің бірігіп, қысқаруынан пайда болдыға саяды. Былайша айтқанда, «Абдул» сөзі араб тілінен аударғанда «құл» деген мағынаны білдірсе, «Хай» – Алланың 99 есімінің бірі, яғни «тірі» деген мағынаны білдіріп, «Алланың (Тірінің) құлы» деген тіркес пайда болған.
«Адамзаттың анасы «Хауа» есімі де осынау хайдан шыққан» дегенді де бірқатар зерттеушілер дәйектейді. Алайда мұның барлығы енді бөлек тақырыптың жүгі. Ең бастысы, бұл жердегі тапқан олжамыз «алақай» сөзінің транцедентті болмысына куәлік берілгені болса керек.
Сонымен, алақай – «Алла тірі» деген мәнді білдіреді. Ислам терминологиясына салғанда, Алла тағаланың 14 сипатынан субути сипаттың бірі – «Хаят: Тірі болу. Алла мәңгілік тірі». Осыдан келіп шығатыны, Ол барлық нәрсені біледі, естиді, көреді. Қалай десе де, мұсылманның Жаратқанға солай деп сенуі міндетті саналады.
Ал алақайдың көңіл күйді білдіретін одағай болып кету мәселесіне келсек, бұл дерек ұлты мен тілі, нәсіліне қарамастан әмме момын-мұсылман жамағаты болмысының қай-қайда да өзгермес күй-сипатының заңды көрінісіндей әсерде қалдырады.
Футболдағы «оле-оле-оле» ұранының шығу төркінінің де Испания мүслімдерінің ділінен өрбігені қазіргі либералды Еуропада ашық айтылып жатқаны көп жайдан хабар береді. Оның да түп-төркіні – «Алла» сөзі. Жасалуы мен даму формасы да алақайға қатты ұқсас. Лингвистер оны VІІІ ғасырда Пиреней түбегін жаулап алған арабтардың дұғасы кезінде айтқан «Алла» сөзінің «Але», кейіннен «Олеге» түрленуі арқылы пайда болған дейді.
Аталмыш пайымға сәйкес мұсылмандар өз мінәжаттарында Алланы мадақтады, күнделікті тұрмыста ауыздарынан тастамай жүрді және бұл сөз уақыт өте келе өзгеріске ұшырап, көңіл күйді білдіретін жалпыхалықтық экспрессивтік одағайға айналып кетті.
Алғашында ол ұран фламенко биде немесе корридаларда қолданыла бастаған. Сонда көрермендер «оле-оле-оле» деп тореадорларға немесе бишілерге қайрат берген, тиісінше, жаңа заманда ситуациялық атмосфераға орай спортта, оның ішінде футболда да қолданыла бастаған-дүр. Қысқасы, танымал футбол лепесі де алақайдың алыс ағайын сөзі болып тұр.
Қызық ә?! «Бақсам бақа екен» деген осы шығар. Сайып келгенде, осындай сөздер арқылы Ислам руханиятының қазақ өміріндегі орнын ұғынуға болады.
Алақайдың «Алла-Хайлық» мәйегін тапқанымызға – Алақай!
Мәдениеттанушы-лингвист
Абылайхан ҚАЛНАЗАРОВ