Өзге елдердегідей емес өз елімізде үлкен кісілер қарасы азайғандай. Тірі жүрген ата-әжелеріміздің арасында да шеттен шықпай, ақылынан алжаспай өзінің жасына сай көрегендік танытып, салиқалы ұрпақ тәрбиелеп жүргендері де аз.
Иә, Кеңес Үкіметінің құрсауында өскендердің көпшілігі ата-әже кезеңіне жеткенге дейін тамырынан ажырап, тақия, шапан киюден қалып, сөзінен жаңылысып, аузы дуалы ақсақал атана алмай жүр.
Дегенмен, өмірінің соңғы кезеңінде жүйелі сөз, өткір ақылдың иесі ретінде, барынша қуатты, өмірге құштар боп өткенге не жетсін?!
Осыған орай, психологтар әдемі қарттыққа қазірден бастап ақыл мен тәнді баптау керектігін айтады. Ол үшін мына амалдарды уақтылы қолға алуымыз қажет:
Жаман әдеттерден арылу
Шылым шегу, ішімдік ішуден арылу өзін сыйлайтын әр жанға денсаулығы үшін міндетті. Алайда, бұлардан бөлек қартайғанда өзімізге кедергі болатын жаман әдеттер бар.
Бос әңгімеге құмар болу, өтірік айту, бос дырдумен күн кешу адам жадында негативті ақпараттар мен теріс эмоциялардың сақталуына әкеледі. Ал мұның барлығы – үлкейгенде ми үшін ауыр жүк.
Күйгелектіктен арылу
Көп уайымдап, паникаға оңай беріліп, көңіл күйі тез өзгеретін адамдар стресске оңай шалдығады. Орта жасында жиі стресске ұшыраған адамдар қартайғанда ұмытшақ келеді.
Ғалымдар 38 жыл бойы 800 әйелдің невротикалық күйлерін бақылауға алып, күйгелектік, қызғаншақтық, көңіл күйдің тұрақсыздығынан Альцгеймер аурының пайда болу ықтималдығы артқанын байқаған.
Тыныштықта болу
Ғалымдар өткен ғасыр бойы намаз бен медитацияның адам санасына орасан зор пайдасы туралы айтып келді. Бұл амалдар адам күні бойы қабылдаған ақпараттарды жүйелеп, кешкен түрлі күйлерін ретке келтіріп, сабырлы болуды үйретеді.
Өзімен-өзі тыныш күйінде жиі қалатын адамның сөзі жүйелі, ойы ұшқыр болады.
Тұрақты даму
Адамның жасы үлкейген сайын мидың қызметі баяулайды. Сол себептен, адам қырықтан асқан соң миды жаттықтыру мақсатында, әдейі өз денсаулығы үшін кезең-кезеңмен бір өнер үйреніп, ақыл-ой еңбегін талап ететін істермен айналысқаны жөн.
Мәселен, мұндайда қолөнермен айналысу, шет тілдерін үйрену, аспаздықты меңгеру, саяхаттап, өзге ортаны тану секілді жаңа белестерді бағындырған абзал.
Серуендеу
Бір орында көп отырып, енжар өмір сүретін адамның денсаулығы ерте сыр береді. Жаттығу жасау, жаяу жүру, жүгіруден бөлек, таза ауада кемінде 25 минут серуендеу ми қызметінің артуына, эмоционалдық күйінің тұрақтығы мен рухани толықтығына жол ашады.
Әдетте, автокөлік трасссаларынан алыс жерлерде, тұмса табиғат ортасында тұратын жандардың миы ауасы ластанған қалада тұратындарға қарағанда анағұрлым сау келеді.