Кинотоскопты ойлап тауып, қысқа фильмдер көрсете бастаған Томас Эдисон өз заманында «Анимациялық фильмдер кітаптардың орнын басады» деп сол кездің өзінде мультфильмдердің өте әсерлі тәрбие құралы болатынын айтып кеткен еді.
Рас, анимациялық фильмдер – кез-келген дүниені баланың санасына оңай сіңіруде таптырмас әрі өте әсерлі бір құрал. Алайда, бұл құралды бүгінде өз мүддесіне қолданып, теріс идеологияларды насихаттауда және өзінің мәдениетін тықпалауда, тіпті, әр ұлт пен діннің өзіне тиесілі менталитетін бұзуда тиімді пайдаланып жатқан топтар бар. Мұндай анимациялық компаниялар мультфильмдерді тәрбие құралы деген ұғымнан шығарып, адам санасын программалап, өзінің қалауы бойынша билеудің оңтайлы тетігі етіп алғаны ешкімге жасырын емес. Өкініштісі сол, балаларымыздың ұлттық кодын сақтауға иммунитет болатын өнімдер дайындауға қауқарсызбыз. Сондықтан да, амалдың жоқтығынан балаларымызды діні де, тілі де, ділі де бөлек бөтендердің тәрбиесіне беріп қойып отырмыз. Балаларымызға тәрбиеші жалдасақ та, оны әбден тергеп-тексермей сенбейміз ғой. Неге мультфильмге сонша сенім артамыз? Былай қарасаңыз, мультфильм тәрбиесі тәрбиешіден де әсерлі. Сондықтан да, ата-ана мультфильмді әуелі өзі көріп алып, өзінің цензурасы мен сынынан өткізіп барып қана балаларына көрсетуі тиіс.
Осы жерде ұлттық және діни менталитетімізді бұзып, сенімдегі ұстанымдарымызға пышақ сұғатын мультфильмге бір мысал келтіргіміз келіп отыр.
«Аладдин» мультфильмі
Бұл мультфильмді көрмеген қазақ кемде-кем шығар. Мультфильм мұсылман әлемінің ертегісі ретінде түсірілген. Ислам архитектурасы бойынша салынған шаһар, сәлде, тақия, шапан киген, сақал қойған, орамал тартқан халық, құман және жайнамаз… Мұның барлығы – Ислам атрибутикалары. Демек, мұсылман отбасында тәрбие көрген бала бұл мультфильмді еш жатсынбастан жылы қабылдайды деген сөз.
Оның үстіне бас кейіпкердің есімі де Аладдин (علاء الدين), арабшадан аударғанда «діннің ең жоғарғы шыңы» дегенді білдіреді. «Жаман иттің атын да бөрібасар қояды» демекші, мультфильм жасаушылар да бас кейіпкерге ырымдап жақсы есім қойған екен.
Аладдин – көшеде панасыз қаңғып жүрген ұры, күнделікті тамағын ұрлықпен табатын баукеспе, қаншама тәртіп сақшылар ізіне түссе де, ұстатпайтын жылпың. Алайда, көрермен үшін жағымды кейіпкер ретінде көрсетілген. Баршаға мәлім, шариғатта ұрлықтың жазасы өте ауыр. Мұның хикметі – ұрлықтан елдің жүрегін шайлықтыру. Себебі, ұрлық – өзгенің ақысын жеу, біреудің маңдай терісімен тапқанына қол сұғу. Бұл қылмыс жазасыз қалса, арты жемқорлыққа апарып, мемлекеттің қазынасын жымқыруға әкеп соғады. Мультфильмде шариғаттың бұл жазасын қатігездік, қаныпезерлік ретінде көрсетіп, ұрлықты ақтап шығады.
Бұған мысал, нан ұрлап бара жатқан Аладдиннің артына түскен сақшылардың: «Тоқта, ұрлықшы! Қазір қолыңды шабамын, бетімен кеткен!» – дегеніне Аладдин: «Қарным ашқаны үшін бе?» – дейді де: «Ұрлық – тірі қалудың жолы, сол себепті ұрлаймын», «Саған бұдан былай заң қорқынышты емес», «Мен тек тіршілік ету үшін ғана нан ұрлаймын» деген сөздерге құрылған әнін шырқап, сақшылардан қашып құтылады. Осы бір эпизодтың өзі балаға «қарны ашқанға ұрлық жасауға рұқсат, ондайларға жаза жоқ» деген сана қалыптастырып, ұрлықты насихаттайды. Міне, бұдан кейін балаңызға «ұрлық түбі – қорлық» деп түсіндіріп көріңіз.
Бас кейіпкер Аладдиннің Сүлеймен пайғамбарға ұқсатылып жасалғанын байқадыңыз ба? Аллаһ Тағала Сүлеймен пайғамбарға басқаларға берілмеген билікті берген. Аң-құс, жел, мыс, тіпті, жын-шайтандар да оның иелігіне берілген. Бұл жайында Құран Кәрімде: «…Сүлейменге күшті желді бағынышты еттік. Ол таңертеңнен бір айлық жолды есіп өтсе, кешке дейін дәл сондай бір айлық жолды есіп өтіп, кері қайтатын. Сүлеймен үшін балқыған мысты да қайнар көзінен сел қылып ағыздық. Сондай-ақ Раббысының рұқсатымен оның қол астына біраз жындар да жұмыс істейтін. Олардан кімде-кім оған бағынбай әмірімізден сәл ғана қиғаш тартатын болса, оған жалындаған от азабын таттыратын едік. Жындар оған қалаған нәрсесін жасап беретін, оның ішінде, зәулім қамалдар мен сарайлар, керемет мүсіндер, көлемі қауыздай үлкен легендер және жерге қағылған қазықтай мызғымас алып қазандар жасайтын», – делінген («Сәбә» сүресі, 12-13-аяттар).
Аладдиннің де әміріне жел берілген. Жәйнамаздың үстінде қалаған жеріне ұшып барады. Жын да бағынған. Құманын сипап қалса, «Әміріңізге құлдық, не бұйырасыз» деп тұрады. Аңның да тілін тапқан, маймылы ымынан-ақ түсінеді.
Енді осыдан кейін балаңызға Сүлеймен пайғамбардың қиссасын айтып көріңіз. Балаңыздың ойына бірден Аладдин оралатынына күмәнім жоқ. Бұл да санамыздағы пайғамбарға деген құрметке, мұғжизаға деген сенімге соққы беру деп білеміз.
Мультфильмнің арасында Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға (с.а.у.) да тіл тигізіп өтетін көрініс бар. Жер астында қалып қойған Аладдин үш тілегіңді орындаймын деп тұрған жынның жер бетіне шығара алатынына өтірік сенбей, күмән келтіргендей болып, намысына тиеді. Ондағы ойы да үш тілегінің мұртын бұзбай, жынның өзі алып шығуына түрткі болу. Жын да мұның қолынан келетінін дәлелдемек болып, жер бетіне алып шығады да: «Что теперь скажешь неверующий Мустафа?», – дейді. Мұнда Мұстафа есімінің не қатысы бар? Бас кейіпкердің есімі Аладдин емес пе еді? «Құдайға сенбейтін, кәпір Мұстафа» деуі арқылы күллі мұсылмандардың наным-сенімін аяққа таптап тұр емес пе? Міне, бұл жерден де Ислам дінін қорлаудың ашық формасын көреміз.
Бұдан өзге мультфильм бойы қыздардың кіндігі мен омырауының көрінуі, әсіресе, бас кейіпкер Жасминнің жартылай жалаңаш киінуі, Аладдиннің жайнамаз үстінде Жасминмен сүйіскен сахнасын ашықтан-ашық көрсетуі, мұның барлығы – балаларымыздың санасында арсыздықтың ұрығын шашатын, ерте жастан нәпсілік сезімдерін оятатын, зинақорлыққа бастайтын көріністер. Бұны көрген қыздарымыз «есті қыз етегін жауып жүреді», «қыздан қырық үйден тыйым» деген сөздеріңді қайдан ұқсын?!
Мультфильмнің соңында Аладдин жынына бостандық береді. Еркіндігіне қауышқан жын бұған анық көз жеткізу үшін Аладдиннен бірдеңе тілеуін, нақтырақ айтсақ, Нілді тілеуін сұрайды. Аладдин да жынға «Мен Ніл өзенін қалаймын!» дейді. Жын «Ни фига!» дейді де қарқылдап тұрып күледі. Неге басқа емес, Ніл өзенін тілеуді сұрайды? Ніл – Африка елдеріндегі біраз елдердің ырзығына себеп болып отырған өзен. Көп үлесі де мұсылмандардың еншісінде. Алайда, Нілді бөлісу дауы әлі күнге дейін осы өзенді «еміп отырған» елдердің арасындағы үлкен проблема. Демек, мультфильмде «атаңның басы саған Ніл» деуінің астарында «таласқанға талқан да жоқ, Ніл түбінде біздікі болады» деген батыстың саяси идеологиясы жатқан жоқ па? Әбден мүмкін…
P.S. Қорыта келгенде, балаларымыздың көңілі аппақ парақ екенін естен шығармайық. Бала кезінен бұл аппақ парақты лас дүниелермен былғап алмай, пайдалы дүниелермен толтырайық. Ол үшін балаларымыздың не көріп, не қойып жатқандарына мән берейік.
Салтан САЙРАНҰЛЫ