Бір күні Хазреті Жунәйд Бағдади теңіздің жағасын кезіп жүріп балықтарға жем лақтырып отырған мәжусиді (отқа табынатын адамды) көреді. Араларында мынадай әңгіме болады:
– Не істеп отырсың?
– Сауап жинау үшін балықтарға жем лақтырып отырмын.
– Сенің сауап жинауың үшін алдымен иман келтіруің керек. Сен мұсылман емессің ғой, қандай сауап туралы айтып отырсың?
– Жарайды, менің бұл балықтарға жем тастап отырғанымды Алла көріп тұр ма?
– Ол білмейтін, Ол көрмейтін ешнәрсе жоқ.
– Онда маған сол да жеткілікті. Арадан 3-5 жыл өткеннен кейін Хазреті Жунәйд Бағдади қажылыққа барып тауаф етіп жүріп, баяғы теңіз жағасындағы балықтарға жем лақтырып отырған мәжусидің де тауаф етіп жүргенін көреді. Хазреті Жунәйд Бағдади одан сұрайды:
– Мұнда не істеп жүрсің?
– Ол мені көрді.
– Қалай көрді?
– Сен кеткеннен кейін ішімде бір нұр жарқырай бастады. Бір қарағанымда балықтардың барлығы «шәһадат кәлимасын» айтып жатты. Ағаштарға қарадым, олар да «шәһадат кәлимасын» айтып тұрды. Одан кейін мен де «шәһадат кәлимасын» айта бастадым. Сенің Раббың мені көрді, Ол көргені үшін мен осында келдім. Саған бір насихат айтайын: Жақсылық жаса да теңізге таста, балық көрмесе де, Халиқ (Жаратушы) көреді.
Бұл ғибратты оқиға біраз саналы адамға ой салады. Жақсылық жасау мен оны көре білу, жақсылық жасаушының дәрежесін биіктетеді.
Саған біреу жақсылық жасаса, оны ұмытпай, әрдайым ізет пен сыйластық танытсаң, ол жасалған жақсылықтың қайтарымы болмақ. Ұлылар «Саған біреу жақсылық жасаса ешқашан ұмытпа, ал жамандық жасаса ұмыт!» деп айтып кеткен.
Жасалған жақсылықты ұмытпау арада сыйластық орнатса, жамандық ұмытпау кекшілдікке апарады. Сол себепті де біреу жамандық жасаса, оны санадан өшірген дұрыс болады.
Сонау бір жылдары елдің басынан алмағайып дүние өтті. Басқа түскен нәубет біраз жұртты есеңгіретіп тастады. Ана баласынан, күйеуінен, ер азамат сүйген жарынан, ал бала ата-анасынан ажырап қалды. Өзегі талмау үшін өліммен арпалысқан күндер өтті. Бір тілім нан тірі жанға талғажау болды.
Ашаршылық және соғыс жылдары қазақ деген елдің құшағынан қаншама ұлт жылу сезінді, жақсылығын көрді. Осылайша қарашаңырақ астында мейірім мен сүйіспеншілік сақталып қалды. Өзінде барды өзгемен бөлісу, жоққа жәрдем беру қазаққа ғана тән қасиет болатын.
Елімізде 1 наурыз Алғыс айту күні қазақ халқы мен Қазақстанның барлық этникалық топтарын құрметтеу белгісі ретінде тойланып келеді. Бұл мереке 2016 жылдан бастау алды. Қазақ халқы «Алтын деген жер сыйы, алғыс деген ел сыйы» деп бекер айтпаса керек. Бұл – Қазақ халқының кең байтақ даласынан пана тауып, бір отан аясында тату ғұмыр кешіп жатқан түрлі ұлт өкілдерінің алғыс білдіретін күні.
Аталмыш мерекенің алғаш рет тойлануы қарсаңында еліміздің тұңғыш президенті Н.Назарбаев: «Өмірде ізгі іс, жақсылыққа жақсылықпен жауап қайтару, өзара сыйластық таныту аса маңызды. Егер реніш туындап, көңілді түсіретін сөздер айтсаңыз, осы күні сіз кешірім сұрай аласыз. …Отбасында, жастар арасында, ұжымда кешірім сұраудың мәні зор» деген болатын.
Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.): «Кімде-кім азға шүкір етпесе, көпке де шүкірсіз болады. Ал, кім адамдардың (жақсылықтарына) алғыс айтпаса, Аллаға да шүкірсіз болғаны. Алланың нығметтерін айтып жүру шүкірліктің (белгісі), оны жасыру (яғни Алланың нығметтерін жоққа шығару) – күпірлік. Ауызбіршілікте болу – мейірім, ал бөліну – азап»,-деген-ді. Бұл хадисте де алғыс айтудың маңыздылығын түсінуге болады.
Ауызбіршілікте болу мейірімнің бастауы, ал бөлінудің соңы азап екені анық айтылады. Адамдарға шынайы алғыс айта білу, жақсылық жасай білу – ізгі адамгершілік қасиеттің бірі. Рас, зұлмат жылдардың қасіретін басынан кешкендер ғана біледі. «Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпес» демекші, сол аштықты сезінген ұлттың бүгінгі ұрпағы бейбіт күндегі мерекенің мәнін ұғынары хақ. Тарих бетін жаңғыртқан Алғыс айту күнінің бүгінгі күнтізбеге қосылуы да құптарлық. Халық ақыны Шернияз Жарылғасұлы «Ай,жігіттер!» атты өлеңінде:
«…Бәрімізге ай ортақ,
Қайырлы болса, бай ортақ.
Жақсы болса, би ортақ,
Көп жасаған көне ортақ.
Жаман адам не керек,
Жақсының елге бәрі ортақ.
Ел жабылып ішуге
Айдын шалқар көл ортақ.
Нәсіркедей бүгіліп,
Шалқалай туса, ай ортақ.
Ай батқан соң күн ортақ,
Күн батқан соң түн ортақ…» деп жырлаған-ды.
Демек бірлігі жарасқан елге күн де, ай да ортақ. Қашанда бірлік бар жерде тірлік бар екені белгілі.
Қазақ елі адамдар арасындағы алауыздық пен озбырлыққа, діндер арасындағы келіспеушілікке тосқауыл қоя білді. Достық әрі қамқорлық пейілін көрсетіп, бүгінде қаншама ұлт пен ұлыс өзара татулықты ту етіп отыр. Түрлі ұлттардың ынтымақ-бірлікте өмір сүруінің басты құндылығы – құрмет пен сыйластыққа негізделген.
Халықтардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен бір-біріне тілекші болуы бейбіт өмірдің жарқын көрінісі деп айтуға болады. «Жақсылыққа жақсылық – адамдықтың белгісі, жақсылыққа жамандық – надандықтың белгісі» деген мәтел бар.
Мұсылман адам өзіне жасалған жақсылықтың қайтарымы бар екенін білері анық. Мұхаммед пайғамбардың: «Адамға алғыс айта алмаған Аллаға да алғыс айта алмайды», – деген хадисі жақсылыққа алғыс білдірудің аса маңызды екенін білдіреді.
Жақында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Facebook парақшасында «Біз біргеміз!» бейнероликтер топтамасын жариялай келе: «Өздеріңіз білетіндей, «Алғыс айту» күні таяп қалды. Ол – бірлік пен мейірімділік мерекесі, Қазақстан халқының ортақ тарихымызға салауат айтып, келешекке ынтымақты аманат ететін мейрамы. Біз де осы жобамыз арқылы бабалар ерлігін балалар жадында жаңғыртуды және бүгінгі егемен елімізді құруға атсалысқан барлық жандарға алғыс айтуды мақсат еттік»,- деді.
Адамдардың ыстық пейілі мен жақсылығы өмірдің бағасын арттыра түседі. Сол себепті де бізді өмірге әкелуге себепші болған ата-анамызға, қуаныш пен қайғылы сәтте қасымыздан табылатын ағайын мен дос-жаранға, кейде ағайыннан да жақын болып кететін жақсы көршіге, бізге телекші бауырларымызға әрқашан алғыс айтуымыз тиіс.
Омар ибн Хаттаб (р.а.): «Егер біреу өзінің бауырына: «Алла сені игілікпен жарылқасын», – деп айтқан сөзіне не берілетінін білсе, сөзсіз бір-біріне бұл сөзді өте көп айтар еді», – деген сөзі алғыс айтудың бағасын арттыра түседі.
Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ