Жас діни лидерлер форумына қатысқан БАӘ Толеранттылық және бірлесіп өмір сүру министрлігінің бас директоры Афра Мұхаммед әл-Саабри қазіргі таңда кейінгі ұрпаққа назарымызды жиі бұрып, олардың бастамаларын қолдап, өздерінің үндерін білдіруіне жағдай жасау керек екенін айтты.
«Қоғам мүшелерінің арасында көптеген айырмашылық бар. Мысалы, нәсілдер арасындағы, экономикалық жағдай бойынша, сондай-ақ ұрпақтар арасындағы айырмашылықтар. Бірақ біздің бәрімізді ортақ құндылықтар, отбасы құндылықтары, ол жердегі тәлім-тәрбие біріктіреді. Бұның бәрі сайып келгенде өркениеттерді біріктіруші құрал» деді ол.
Оның айтуынша, өмірлік тәжірибесі мол, көргені мен білгені көп үлкендер қауымы кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болуға тиіс. Әрбір адам өмірлік тәжірибесін қоғам игілігіне жұмсауы керек.
«Жастарға есік ашатын уақыт келді, олар да дін саласында лидер болуға тиіс. Бұған дейін тәлімгерлік деген мектеп болса, енді жастардың өзіне тізгінді ұсынуымыз керек. Біз осындай үлкен мінберлерді жастармен бөлісуіміз қажет. Оларды бөліп-жармай, шетке ысырмай, ортаға тарутымыз қажет. Жастар бізге инновациялық бағдарламаларды игеруге көмектеседі, біз олармен бірге жұмыс істей аламыз. Осылайша біз ортақ құндылықтарды ілгерілетеміз. Әлемге пайда келтіреміз» деп ойымен бөлісті.
Әл-Саабри әрбір дінде «бір-біріңді сыйлаңдар» деген алтын қағида бар екенін еске салды. «Қазақстан басшылығы осы жиынды өткізу арқылы бізге бір-бірімізді сыйлауды, өзара құрметті ортаға шығаруды ұсынып отыр. Бұл бейбітшілік пен толеранттылықты дамытуға керемет мүмкіндік» деді ол.