Ортағасырлық ғұламалар еңбегінің ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, тарихымызды түгендеуде қосар үлесі зор. Осы орайда Нұр-Мүбарак университеті Ғылым және инновация департаменті «ӘБУ НАСЫР ӘЛ-ФАРАБИ ЖӘНЕ ОРТАҒАСЫРЛЫҚ МҰСЫЛМАНДЫҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ МҰРАЛАР» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. «Екінші ұстаз» атанған ғұламаны әлемнің әр елінде зерттеушілер аз емес. Олардың бірқатары бүгін ғылыми басқосуға арнайы шақырылды.
Алғы сөзді құттықтаумен бастаған НМУ ректоры, профессор Мұхаммад аш-Шахат әл-Жинди ғылыми жобаға сәттілік тіледі. Сондай-ақ проректор, PhD доктор Қайрат Құрманбаев әл-Фарабидің қазақ халқы үшін ғана емес ислам өркениетіндіге орнына тоқталып өтті.
Сирияның Қазақстандағы құрметті консулы Самир Дерех «Әл-Фараби жүрген ізбенен: Фараб – Отырар – Бағдад – Мысыр – Халаб (Алеппо) Дамаск» тақырыбында, ал Дамаск университетінің профессоры Муаффақ Дуғман «Дамаск қаласындағы Әбу Насыр әл-Фарабидың кесенесінің өткені мен бүгіні» жайлы сөз етті. Отандық ғылыми-зерттеу және қалпына келтіру кәсіпорнының негізін қалаушы Қанат Тұяқбаев Дамаск қаласындағы Әбу Насыр әл-Фараби тарихи-мәдени мемориалдық орталығын салу және әз-Заһир Сұлтан Бейбарыс кешенін қалпына келтіруде «Қазреставрация» РМК 2007-2012 жж. атқарған жұмыстары жайлы айта келе, тарихи мұраларды қалпына келтіру жұмыстарының жай-жапсарын жан-жақты жеткізді. Сондай-ақ Түркиядағы Қарым-қатынас және бағдар беру академиясында діндер тарихы және философия, усулул фиқһ және тәпсір пәндерінің оқытушысы Шехабеддин Ахмет Фарфуроғлу «Әл-Фараби мен Әл-Ғазали арасындағы сопылық және тәрбиелік мінез-құлық мәселесіне» әрі әл-Фараби бабамыздың музыка саласындағы мұраларына тоқталды. Ақындық өнерімен де көпшілікке тәнті етті. Нұр-Мүбарак университетінің оқытушысы PhD доктор Алаа Фаруқ Махмуд Иброхим «Әл-Фараби жалпы араб білімі мен араб тіл білімінің негізін қалаушы» тақырыбында сөйледі.
Байқағанымыздай, ислам өркениетіне қазақ даласынан шыққан ортағасырлық ғалымдардың үлесі мен еңбегі орасан. 2023-2025 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобасы аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті тарапынан PhD доктор Ықтияр Палтөренің «Әл-Фараби трактаттарындағы педагогикалық мұраларын қазіргі білім жүйесіне кіріктірудің ғылыми-әдістемелік негіздері» жобасы мақұлданған болатын. Бүгінгі конференция сол жоба аясында өткенін айта кетейік.