Әл-Азһар шейхы, Жоғарғы имам Ахмет Тайып 14-15 қыркүйек күні елордадағы Тәуелсіздік сарайында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезіне, сондай-ақ 16 қыркүйек күні ҚМДБ жанындағы Республикалық бас мешітте жұма намазына қатысып, уағыз айтады.
Әл-Азһар шейхы, Жоғарғы имам – Ислам басшыларының ең жоғарғы атағы. 1679 жылдан 2022 жылға дейін 50 дін қайраткері әл-Азһардың Жоғарғы имамы болды. Ең алғашқы жоғарғы имамдар Мұхаммед әл-Хараши, Ибраһим әл-Бармауи, Мұхаммед ан-Нашарти болса, 1980 жылдардан бастап бұл атақты Мұхаммед Әбдірахман Бисар, Жад әл-Хақ, Мұхаммед Саид Тантауи және Ахмет Тайып иеленді.
Шейх Ахмет Тайып – 2010 жылдан бері Әл-Азһардың Жоғарғы имамы. Ол – Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ұрпағы. Алла елшісінің күйеу баласы Хазіреті Әли мен Фатима анамыздың ұлы Хасаннан (Алла оларға разы болсын) тараған.
Ахмет Тайып ағылшын, француз тілдерін жетік меңгерген. Ақида, пәлсапа салалары бойынша бірнеше кітап жазған.
Айта кетейік, әл-Азһар шейхы бұрын Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының алтыншы съезіне де келген еді. Ол кезде республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітін зиярат етіп, имамдыққа шығып, жамағатқа насихат айтқан болатын.