«Аққастың» мағынасын ертеректе бір естіп, өзіміз қолданбайтын сөз болған соң, ұмытып қалғаным бар еді. Жақында бір басқосуда әріптесіміз Мұқан Исахан «аққастың» «қасың ағарғанша ұзақ өмір сүр, аман бол» деген мағынада айтылғанын есіме салды.
Адам қартайғанда қасы ең соңынан ағаратын көрінеді, сондықтан халқымыз ең ұзақ өмір сүру мөлшерін ақ қасты болумен анықтаған екен.
«Аққастың» мәнісін этнолог Нұрсан Әлімбай да: «Қасың ағарып қартайғанша денің сау болсын, жамандық көрме, қайғы-мұңсыз өмір сүр» деген мағынаны білдіреді» деп таратыпты.
Түшкіргенде айтылатын басқа тілек сөздерге тоқтала кетсек, «мұңсыз болдың» мәнісі айқын; «сау болдың» бертінде орысша қолданыстың аудармасы ретінде қалыптасқаны белгілі. Ал «бер Тәңіріні» айтқанда халқымыз «Түшкіру – Рахманнан (Алладан), есінеу – шайтаннан» деген Пайғамбарымыздың хадисін ескеріп, түшкіруді Алладан ишарат ретінде қабылдап, сондай сәтте игі тілек тілеп қалуға тырысса керек. Осы үрдіспен біреу сөйлеп жатқанда екінші біреу түшкіріп қалса, сөйлеушінің «сөзім шын екен» деп ырымдап жататыны, «ақ сөйле!» деп тілек айтатыны да бар. Мұндай әдеттерге «Сөйлеп жатқанда түшкіру – сөздің дұрыс екендігінің белгісі», «Дұға етіп жатқанда түшкіру дұғаның қабыл болатынының белгісі» деген хадистер негіз болған.
«Жәрекімалланың» мәнісін білмейтіндердің есіне сала кетелік, бұл арабтың «йархамукаллаһ» сөзінен шыққан. Мұсылмандық әдеп бойынша түшкірген адам: «Әлхамдулиллаһ» («Аллаға шүкір», «Аллаға мадақ») десе, оған жауап ретінде жанындағы адам: «йархамукаллаһ», яғни «саған Алла рақым етсін», «Алла жарылқасын» деген мағынадағы сөзді айтады. Бұдан әрі түшкірген адам тарапынан «йәһдина уа йәһдикумуллаһ», яғни «Алла бізді де, сізді тура жолға салсын» деп жалғастыру үрдісі де бар.
Қазіргі парапсихология ілімінің дәлелдеуінше, адам ағзасының әрбір өзгеріске ұшыраған сәті оның көкейкөзінің сол сәтте тереңірек ашылуына септесетін көрінеді. Сондай өзгеріс сәттерінде ойлаған ойдың жүзеге асу ықтималы (дін тұрғысынан алғанда – айтылған тілектің қабыл болу мүмкіндігі) жоғарырақ болатын көрінеді. Яғни отыру, тұру, жүру, ас ішу, босағадан аттау, үйден шығу, үйге кіру, көлікке отыру секілді әрбір қимыл өзгерісі болған сәтті парапсихологтар осындай оңтайлы сәтке балайды.
Әрине, мұндай көзқарастарды қабылдау-қабылдамау – әркімнің сана еркіндігіндегі іс. Дегенмен осындай өзгеріс сәттерінің бәрінде Алла есімін ауызға алуды құп көретін дініміз бен сол діннің жазғанынан жазбаған дәстүрімізде бүгінгі ілімгерлер енді ашып жатқан жаңалықтың хикметі бағзыдан тұнып тұрған деп пайымдасақ, ақиқаттан алыс кетпейтін тәріздіміз.
А.Әбдірәсілқызы