Бала дүниеге келгеннен кейін дініміз бойынша оған арналған кейбір жоралғылар бар. Бұларды орындау сүннет амал, әрі балаға деген қамқорлық болып табылады. Солардың бірі — бала үшін ақиқа құрбандығын шалу. Жаңа туылған сәбидің маңдайындағы үлпілдек шашты «ақиқа» деп атайды. Мұсылмандық жоралғы бойынша сәби дүниеге келген соң (әсіресе жетінші күні) басындағы осы үлпілдек шашы алынып, шамасы келетіндер сол үлпілдік шаштың салмағындай алтын немесе күміс садақа береді. Сондай-ақ баланың дүниеге келгеніне қуанған ата-ананың шүкіршілік ретінде шалатын құрбандығын да «ақиқа» деп атайды. Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде: «Әрбір сәби ақиқасымен тұсауланған. Жетінші күні оның атынан ақиқа құрбаны шалынып, шашы алынады және аты қойылады», деген (Нәсаи, «Сүнән» кітабы).
Пайғамбарымыздың да (с.а.с.) немерелері дүниеге келгенде құрбандық шалғандығы туралы риуаяттар бар. Осы риуаяттарды негізге ала отырып шафиғи, ханбали және мәлики мәзһабтарында бала дүниеге келгенде шүкіршілік мақсатында ақиқа құрбандығын шалу сүннет болып есептеледі. Ал ханафи мәзһабы бойынша бұл амал мәндуб, яғни ұнамды амал болып табылады.
Ханафи мәзһабы бойынша ақиқа құрбандығын бала туылған күннен бастап балиғатқа толғанша шалуға болады. Дегенмен бала дүниеге келгеннен кейін жетінші күні шалу мұстахап болып табылады. Ал құрбандық шалуға шамасы келмейтіндер бұл құрбандықты шалмай-ақ қойса да болады.
Ақиқа құрбандығына шалынатын малдың бойында ақсақтық, соқырлық, яки басқа да кемшіліктер болмауы керек. Бұл құрбандық малының етін шалған үй иелері де, тіпті баланың өзі де жеуіне болады. Басқаларға да таратқан жақсы.
Хадис кітаптарының кейбірінде Пайғамбарымыздың (с.а.с.): «Ұл бала үшін екі құрбан, қыз бала үшін бір құрбан мал шалу керек. Құрбандыққа шалынатын малдың ұрғашы немесе еркек болуында айырмашылық жоқ» деген. ( Әбу Дәуд, Тирмизи, Нәсаи) Бірақ ханафи ғалымдардың көпшілігі ұл бала үшін де бір құрбандықтың жеткілікті екенін айтқан.
Қорыта айтар болсақ, ханафи мәзһабы бойынша ақиқа құрбандығын шалу ұнамды іске жатады. Әсіресе, жетінші күні шалынғаны мұстахап. Бала балиғатқа толғанға дейін де шала беруге болады. Бұл құрбандық бала сыйлағаны үшін Алла Тағалаға шүкіршілік ниетімен шалынады. Бірақ, шалмаса да ешқандай мәжбүрлік жоқ. Сондықтан шамаңыз жетсе әлі де балаңыз үшін шалуыңызға болады.