Иә, бұл Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көңілі қаяу жетім баланың көңілін көтеру үшін сұраған алғашқы сұрағы еді. Ғибрат аларлық оқиғаны мақала ішінен толық оқи аласыз. Мақала мазмұны жетім балалар туралы болғандықтан, әуелі еліміздегі жетімдер санынан бастасақ.
«Бүгінде елімізде 22 080 жетім бала бар, оның 3 790-ы балалар үйінде тәрбиеленуде». Бұл туралы жақында Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспанов орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтқан. Иә, жетім баланың саны көппе, әлде аз ба? Оған өзіңіз пікір білдіре жатарсыз…
Біз бала кезімізде жетім атауының өзі кезінде соғыс, ашаршылық, қиын-қыстау кезеңдерде ата-аналары қайтыс болған кезде баланың қараусыз қалып отырғандығы үшін айтылушы еді.
Заманында Тәуке ханның – Жеті Жарғысы, Есім ханның – Ескі жолы секілді заңдарында жетімдерді бай қауқарлы адамдарға асырап алуға беріп отыратын болған.
Ал енді азаттық алған ақ таңда жетімдер санының артып, мейірімсіз аналардың өз құрсағынан шыққан сәбиін тастап кетуі айрықша орын алып отыр.
Ата-ана қамқорлығынан айырылған әрбір бала бақытты отбасында тәрбиеленсе дейсің. Себебі, басқа балалар отбасы жылуын сезініп жатқанда жетім, тастанды балалардың да бұл шеңберден тыс қалмағаны дұрыс дейсің.
Осы ретті «Жетім балалардың құқығын қорғау мақсатында отбасылық құрылымның баламалы нысандары енгізілді. Сонымен қатар қамқоршыларды, асырап алушы отбасыларды материалды ынталандыру көзделген. Ел өңірлерінде жетім балаларға қолдау көрсету және өмірге бейімдеу бойынша «Балалар үйі түлектерінің өмірі мен мансабын жоспарлау» жобасы іске асырылып жатыр», – дейді вице-министр Еділ Оспанов.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жетімді өз қолына алған адаммен мына екеуі секілді жәннатта жақын (ағалы-інілі) боламыз»,-деп нұсқаушы және орта саусақтарын көрсеткен.
Имам Ибн Мажәһ риуаят еткен хадисте: «Мұсылман адамдар тұратын үйлердің ең жақсысы – жетім баққан үй. Ол үйде жетімге құрмет көрсетіледі. Мұсылман адамдар тұратын үйлердің ең жаманы – жетім қиналған үй», – дейді.
Жалпы, діни тұрғыдан алып қарайтын болсақ «жетім» деп әкесі қайтыс болған баланы атайды. Әкесі бар болып, анасы жоқ болса, ол жетім болып есептелінбейді. Жетімдік үкімі бала балиғат жасына жеткенше қолданылады. Балиғат жасы деп ұл балада 12-15 жас арасы, қыз балада 9-15 жас аралығы саналады. Бұл жастан асқан соң жетімдік үкімі олардың мойнынан түседі.
Имам Бұхаридің хадис жинағында Әбу Хурайрадан (р.а.) риуаят етілген хадисте айтылады: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Бәлеге жолықтырар жеті түрлі күнәдан сақтаныңдар»,-дегенде, одан: «О, Алланың елшісі, олар нелер?»,-деп сұралды. Сонда ол: «Аллаға серік қосу, сиқырлау, нақақтан адам өлтіру, өсімқорлық, жетім ақысын жеу, соғыс майданынан қашу, мұсылман әрі ар-намысты әйелді зина жасадың деп айыптап, жала жабу»,-деп жауап берді».
Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімнің бірнеше жерінде жетімдер хақында сөз етеді: «Жетімдер кемеліне келгенше, игілік жасамай, мүлкіне жақындамаңдар. Өлшемі мен салмағын әділеттілікпен толтырыңдар. Біз адамдарға қолынан келмейтінді жүктемейміз. Туыстарың болса да сендер адал сөзді айтыңдар. Аллаға берген уәделеріңе берік болыңдар. Бұны сендерге Алла өсиет еткен, мүмкін сендер еске аларсыңдар» («Әнғам» сүресі, 152-аят).
Ал «Ниса» сүресінің 10-аятында: «Шындығында, кім жетімдердің мүлкін әділетсіздікпен ішіп-жеп қойса, олардың іші отқа толып және жалында жанады»,-деп баяндаған.
Сондықтан да болар, үлкендеріміз жетімнің ақысын жеме деп айтып отырады. Ботадай боздатып балаларын тастап кетіп жатқандар шын мәнінде бала деген бақыттың бағасын білмей жүр ме деп ойлайсың. Солай секілді… олар бақытты болуға тиісті балаларын тастап кетеді. Алла алдында да, ар алдында жауапты екендіктерін сезінбейтіні қалай?! Ақын Серік Қалиев ағамыздың жырын оқып отырып, еріксіз егілесің. Рас әкенің жүрегі мұз, ананың бауыры тас болғаны…
«Бақыттың білмей бағасын,
Адасты ма екен анасы?
Ақнеке жандар қараусыз,
Қалдырмаушы еді баласын.
Жетімнің көзі жасты екен,
Удан да дәмі ащы екен.
Әкенің мұз ба жүрегі?
Ананың бауыры тас па екен?» Олай болмаған күнде қазіргі жан түршігерлік оқиғаларды қалай жасырамыз? Жарық дүние есігін жаңа ашқан сәби күл-қоқыстан пана тауып жатса, көкірекке шер толмағанда не толады? Сәби ең алғаш ананың құшағын, омырау сүтінің исін сезуші еді ғой.
Алланың соңғы Елшісі Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жетімдерді бауырына тартып, исламдай саф діннің жетімдерге жанашыр болатынын паш ете білген.
Арабтарда ұлық айт күндері балаларын түйелерге мінгізіп, ойнататын үрдіс бар екен. Бірде пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мешіттен шыққанда, жылап отырған бір баланы көреді. Баланың әкесі қайтыс болып, ал анасы басқа күйеуге шыққан жағдайы бар екен. Өгей әкесі баланы айт күндері түйемен қыдыртып, ойнату түгілі, үйден қуып шыққан еді. «Әкем тірі болғанда мені басқа балалар сияқты ойнататын еді» деген жетімнің сөзі ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жүрегіне найзадай қадалады. Алланың Елшісі (с.ғ.с.) баладан:
– Сенің әкең Мұхаммед, анаң Айша болуын қалайсың ба? – деп сұрайды.
– Сіздің түйеңіз жоқ қой, мені неге мінгізесіз?
– Мен саған сондай бір керемет зор түйедей болам, кел менің арқама шық,-деп, жетім баланы иығына отырғызады. Жетімнің көз жасы пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жүрегін елжіреткендігі сонша, ол бала көңілі үшін лоқылдап, түйедей «уф» деп дауыстаған екен… Ардақты Пайғамбарымыз Зайд ибн Харисті өзіне бала етіп, атын беріп, Қағбаның жанына барып, ондағыларға: «Зайд ибн Харис менің ұлым» дегенде, Алла Тағала тарапынан уахи беріліп, мұндай істе шындықты айту бұйырылған-ды.
Жетім ұғымына жалпы тоқталып өтсек, жетім – ата-анасының екеуi де немесе жалғыз басты ата-анасы қайтыс болған бала болып табылады. Жетімдік – баланың психикалық дамуына қатты әсер етеді. Ата-анадан айырылған және интернат жағдайына түскен балалардың жалпы психикалық жағдайы төмендейді, өзін-өзі реттеп-бағыттауы бұзылады, көңіл-күйі жабырқау болады. Балалардың басым көпшілігінің өмірге құштарлығы жоғалады, өзіне-өзінің сенімсіздігі күшейіп, бойын үрей билей бастайды. Эмоционалдық-танымдық талпынысы төмендейді де, интеллектуалдық дамуы тежеледі.
Ал әлеуметтік жетім – ата-анасы бар немесе қайтыс болмаған, бірақ ата-ана өз келісімдерімен баладан бас тарту, сондай-ақ ата-ананың түрлі олқылықтарға бару арқылы олардың құқықтарын шектеп баланы айырып алу.
Тұл жетім деп ата-анасының екеуi де немесе жалғыз басты ата-анасының біреуінің қайтыс болуы аталады. Қазіргі таңда әлеуметтік жетім тұл жетімге қарағанда 80 пайызды құрап отыр, сала мамандары. Қалғандары тұл жетімдер екен.
Осы тұста вице-министр Еділ Оспанов: «Ерекше білім беру қажеттілігі бар 188 мың баланың құқығы ерекше назарда. Оның 97% психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылған. Жалпы білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, қоғамдық және жекеменшік ұйымдарда қосымша білім алу және түзету-педагогикалық қолдаумен 183 159 ерекше бала қамтылды. Бұл – жалпы санның 97,4 пайызы. Ерекше балаларды оңалту бойынша олардың жеке қажеттілігіне қарай арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету стандарттары қарастырылған», – дейді еліміздегі ерекше балалардың жағдайына тоқталып.
Жетім қалған балалардың негізгі бөлігі білім беру және әлеуметтік қорғау органдарының интернат мекемелерінде тәрбиеленіп жатыр. Мұндай мекемелерде бала, бірінші кезекте, ата-анасының қамқорлығына зәру, бұл оның табиғи дамуына кері әсер етіп, нәтижесінде ауыр психологиялық салдарларға әкелуі мүмкін. Балалар еркін қоғамдағы жауапты өмірге дайын болуға тиіс. Ал жетім бала балалар үйінен түлек болып шыққаннан кейін күн сайын ересектердің көмегінсіз бастан кешіруіне тура келетін түрлі проблемаларды шешуге қауқары жоқ.
Балалар үйлері түлектерінің ішінде олардың қатарластарына қарағанда, қылмысқа қатысушылар немесе қылмыс құрбандары неғұрлым жиі ұшырасады, жұмысынан немесе тұрғын үйінен неғұрлым жиі айрылады, ал өз отбасын әрең құрса, оның нашақорлық немесе маскүнемдік жолға түсуі тіпті оңай, сонымен қатар олардың арасында суицид құрбандары да жиі кездеседі. Бұл – олардың жеке-дара өмірге енуінің үлкен қиындықтармен ұштасып, әр уақытта табысты жүрмейтінінің белгісі. Бұл ненің кесірі деп ойлайсыз? Қиналғанда басынан сипайтын жанашыры жоқ балалар өз еркімен шешім қабылдауда да қауқарсыздық танытады. Себебі, сүрінгенде демейтін, жабырқағанда жұбататын ана не әке табылмайды.
«Жалғанда жалған жалғанда,
Анадан жақын жан бар ма?
Арманда ма екен анасы?
Жанында жүрген жандарға.
Аңсатқан жанға жетем деп,
Жетімдер үйін мекендеп.
Қарайлап жүр-ау анасын
Қайтіп бір келер ме екен деп?!»
Мұндай халді қаншама жетім басынан өткеріп, жетімдер үйін мекендеп жүр. Бесік жырын тыңдамай, мейірімге сусап жүрген бейкүнә сәбилердің титтей де жазығы жоқ.
Алла Тағала Құран Кәрімде: «Сол үшін жетімдерге қысымшылық көрсетпе! Қайыр сұрағандарды қуалама! Өз Раббыңның қайырымдылығы туралы жариялап айт», – деген. (Зұха сүресі, 9-11-аяттар)
Әрдайым жетімді жылатпайық дейміз, бірақ оларды жылы сөзбен жебеп, қамқорлық танытып жүрміз бе?!
Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ