Құрбан айт мейрамын тойлауды Айт намазын оқудан бастаған жөн. Себебі, Бәрә ибн А’зибтің риуаят еткен Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Алла елшісі (с.ғ.с.): «Біздің бұл күнде алғашқы жасайтын ісіміз – намаз оқу, сосын (үйге) қайтып келіп, құрбанымызды шалу..» деп, айт күнгі ең маңызды істі баяндаған. Ал намазға дейін жақсылап ғұсыл құйынып (денені толықтай жуу), сонан соң әдемі, таза киімдерін киіп, үстіне хош иіс сеуіп, мешітке айт намазына барудың сауапты іс екенін мұсылман бауырларымыз білетін болар. Содан кейін Айт күні мұсылмандар көрші-қолаң, туыс-туғандарын аралап, «Айт қабыл болсын!», «Айт құтты болсын!» айтысады.
Мереке күндері мейлінше көтеріңкі көңіл-күйде, мейірбан, кешірімді қалыпта болуға тырысу керек. Араздасып қалған кісілер болса, қайта табысып, мұсылман бауырлар бір-біріне кешірімді болғаны жөн. Науқас жандардың арнайы көңілін сұрап барып, жетім-жесір, мұң-мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, қолдан келген көмекті аямау өте сауапты істерге жатады. Сондай-ақ, әке-шешесіне, отбасындағы жандарға, көрші-қолаң, жора-жолдастарына мүмкіндігінше кішігірім болса да сый-сияпат жасап, Құрбан айт мейрамын ерекше өткізгеніміз абзал.
Ершат ОҢҒАРОВ,
доктор PhD,
исламтанушы