Сұрақ: Құрбан айт күні басқа намаздар, таң намазы, бесін, екінті, ақшам, құптан намаздары оқыла ма?
Жауап: Исламның бес парызы бар. Шаһада – Алланың барлығына, бірлігіне, Мұхаммедтің (с.а.у.) Алланың құлы әрі соңғы пайғамбары екендігіне сену, Намаз – күнде бес уақыт намаз оқу, Ораза – Рамазан айында ораза ұстау, Зекет – мал-дүниесі мөлшеріне жеткен кісі, жылына бір рет зекет беруі, Қажылық – қаржысы жеткілікті болған адам, өмірінде бір рет қажылық ғибадатын жасау.
Исламның бес парызы Құран аяттары мен хадистер негізінде міндеттелген. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадисінде: «Ислам бес нәрседен тұрады: Алладан басқа Құдай жоқ екеніне және Мұхаммед (с.а.у.) Алланың Елшісі екеніне куәлік ету, намаз оқу, зекет беру, шамасы келсе қажылыққа бару және Рамазан айы келсе оразасын ұстау» деген.
Балиғат жасына толған, ақыл-есі түзу әр мұсылман намаз парызын орындайды. Намаз – діннің ең басты белгісі. Намаз пенде мен Раббының арасындағы тұрақты байланыс көпір. Алла Тағала «Ниса» сүресінің 103 аятында: «Намазды кемеліне жеткізіп, үзбей әрі уақытылы оқыңдар. Шүбәсіз, намаз мүміндерге белгілі уақыттарда (яғни әр намаз өз уақытында өтелсін деп) парыз етілді».
Яғни, бес уақыт намаздан тыс, үтір уәжіп намазы, жылда келетін екі айт намаздары өз уақыттарында орындалады. Айт күндері бес уақыт намазыңызды орындап, айттап жүруіңізге болады. Айтыңыз құтты болсын!
Икрам АЙТАЕВ