Бұл – ислам дінінен бұрынғы арабтарда болған жаңылыс түсінік. Осы түсінік кейбір мұсылман түркі халықтарының арасында да әлі күнге дейін кездеседі. Бірақ ислам діні бұл түсінікті қолдамаған, қайта керісінше оны жоюға тырысқан. Сондықтан ислам тарихына көз жүгірткенімізде, керісінше осы екі айттың ортасында неке қиылып, тойлардың болғанын көруге болады. Мысалы Пайғамбарымыз (с.а.с.) Үмму Сәләмә анамызбен (р.а.) шәууал айында некесін қидырып, үйленген. (Ибн Мажә, «Сүнән» кітабы). Сол секілді Айша анамыздан келген риуаятта да олардың некесінің шәууал айында қиылғаны айтылады. Ибн Мажәнің Сүнән кітабының Неке бөлімінде Айша анамыздың (р.а.): «Расулулла (с.а.с.) менімен некесін шәууал айында қидыртты және біз шәууал айында қосылдық. Алла Елшісінің жұбайларының қайсысы менен өткен бақытты екенін айта алады?!» деп бұны мақтаныш еткенін көреміз. Ал шәууал айы рамазан айынан кейінгі ай. Яғни құрбан айттан бұрын. Яғни, қайта керісінше жоғарыда аталған мәліметтерден Пайғамбарымыздың (с.а.с.) шәууал айында неке қидыртуды құп көргенін байқауға болады. Сондай-ақ Пайғамбарымыз (с.а.с.) Маймунә анамызбен некесін Зулқағда, яғни құрбан айттан бұрын қидыртқан. Зулқағда айы да рамазан мен зулхижжа айларының, яғни ораза айт пен құрбан айттың ортасындағы ай. Сондықтан мұсылмандық дәстүр бойынша екі айттың ортасында той жасауға да, үйленуге болады.