Сұрақ: Әдетте әйел заты үйде отырады деп естіп үйренгенбіз. Ал енді үйде отырған әйел ғалым, хадис риуаятшысы болған дегенді естіп таң қалдым. Сонда Айша анамыздың хадис риуаятшысы болғаны ма?
Жауап: Жалпы исламда тақуа, ғалым, тіпті әулие болған әйел адамдар көп. Айша анамыз осы ғалымдардың қатарына жатады.
Хадистерді риуаят қылған сахабалардың арасында Айша анамыздың (р.ғ.) алар орны ерекше. Кейінгі мұсылман ұрпақтарына хадис жеткізуде анамыздың атқарған ролі үлкен десек артық болмас. Ол кісі екі мыңнан аса хадисті риуаят қылып «муксирун» (мыңнан астам хадис хадисты риуаят қылған кісілерге айтылады) сахабалардың қатарына кірген.
Айша анамыздың пайғамбардан (с.ғ.с.) хадис жеткізудегі кейбір ерекшеліктерін төмендегі реттілікпен көрсетуге болады:
– Алла елшісінің (с.ғ.с.) өмірлік жары, анамыз;
– «муксирун» риуаятшылардың қатарына жатады;
– пайғамбардан (с.ғ.с.) тәлім алған;
– әйелдерге тән фиқһ мәселелерін жеткізді және т.б.
Расында да ислам діні енді тарқап, адамдар жаңадан дінді қабылдап жатқан уақытта, әсіресе әйел кісілер өздеріне қатысты фиқһ мәселелерін келіп, тікелей пайғамбардан (с.ғ.с.) сұрауға ұялатын. Сондықтан да олар өмірде өздерін мазалаған мәселелерге қатысты Айша анамыздан сұрап үйренетін.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ