– Сіздің пікіріңізше, дін мен саясаттың ара-қатынасы қандай болуы керек? Қандай жағдайда екеуінің байланысы қоғамға пайдалы?
– Жалпы, дін және саясат мәселесі қазіргі уақытта өзекті мәселелердің бірі. Өкінішке орай, дінді саяси идеологияға айналдыратын бағыттар ортаға шығып отыр. Енді дін мен саясаттың екеуінің мақсаты кей жерде ұштасады, кей жерде сабақтаса бермейді ғой. Дін – адамды мәңгілікке, мәңгілік ақиқатқа, өмірдің мәні мен мәнісін дұрыс түсінуге бағдарлайтын бір рухани құбылыс.
Ал, саясатқа келетін болсақ, көбіне ол адамдардың осы дүниелік мәселелерін шешуге бағытталған ой-пікірлер, көзқарастар. Бірақ екеуінің де түйісетін жерлері бар. Мысалы, екеуі де адамдардың арасындағы ынтымақтастықты, өзара сыйластықты қамтамасыз етуі тиіс. Және осы бағытта бірге жұмыс істеуі керек.
Сонымен қатар, қоғамдағы тыныштықты сақтауда, қоғамдағы әртүрлі берекелі істерге бастау бола алады деп ойлаймын. Бірақ, әсілі екеуінің бөлек қызмет салалары бар. Сондықтан бір-бірімен ынтымақтаса отырып, ешқашан бір-бірінің ісіне араласа бермеуі тиіс деген ойдамын.
– Қазақстандық дінтану саласының бүгінгі күнгі жетістіктері деп нені айтар едіңіз?
– Бүгінгі Қазақстандағы дінтануға келетін болсақ, бірқатар ұйымдастырушылық жұмыстар қолға алынып жүзеге асырылды деп айтуымызға болады. Енді бұл саланың қалыптасқанына ұзақ уақыт бола қойған жоқ.
Өздеріңіз білесіздер, дінтану бойынша бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейінде бірқатар мамандар даярланып жатыр. Қазақстанда дінтанушылар форумы жұмыс істейді. Әртүрлі конференциялар ұйымдастырылады. Бірқатар еңбектер жазылып жатыр. Діннің тарихына байланысты, діндердің тарихына байланысты. Мысалы, Исламның тарихына байланысты еңбектер жарық көріп жатыр.
Енді дінтану саласына келетін болсақ, бұл сала бойынша іргелі зерттеулерді қолға алу керек сияқты. Дінтанудың өзінің күрделі мәселелерін көтеретін, солардың теориялық, методологиялық аспектілерін қарастыратын зеттеулер қазіргі күні бізге ауадай қажет. Өкінішке қарай, дінтанудың тарихына қатысты, жаңа діни ағымдарға қатысты бірқатар еңбектер жарық көріп жатыр. Бірақ діннің фундаменталды мәселелерін зерттейтін шығармалардың қатары әлі қолға алына қойған жоқ деп айтуымызға болады.
– Теолог пен дінтанушы, бұл екеуінің айырмашылығы неде?
– Теолог – бір дінді немесе бір дін ішіндегі конфессияны жетік меңгерген маман. Мысалы айталық, христиандарға келетін болсақ, теолог деген ұғым көбінесе протестанттар мен католиктерге қатысты қолданылады. Ал, православияда көбіне богословие термині пайданалынады. Енді олардың өздерінің конфессияоналдық айырмашылықтар бар.
Бізде исламтанушыларды теолог деп айтып жүр. Бірақ бұл шынына келгенде христиандықтағы протестантизм мен католицизмге қатысты ұғым. Оны исламға қаншалықты қолдануға болады деген сұрақтар туындайды. Теолог дегеніміз – бірінші кезекте белгілі бір конфессияның, белгілі бір діннің маманы.
Ал дінтануға келетін болсақ, ол тек қана таза діни канондалған ережелермен ғана шектелмейді. Сонымен қатар, діннің қоғамдық өмірмен байланысын, діннің мемлекетпен байланысын, отбасымен байланысын және тағы басқа психологиялық, социологиялық, феноменологиялық аспектілерін де қарастырады.
– Мектеп қабырғасында дінтану пәні енгізгеніне бірнеше жыл болды. Аталмыш пәннің оқушылардың дін туралы дүниетанымына әсерін бақылаушы мекеме бар ма?
– Мектептегі дінтану пәніне, оқушылардың дүниетанымын қалыптастыруына келетін болсақ, әрине әр діннің негіздері туралы дұрыс объективті, жан-жақты және терең білім беру керек. Бірақ, біздің еліміз – зайырлы мемлекет. Сондықтан белгілі бір діни идеологияға немесе басқа бір идеологияларға басымдық берілмейді. Бұл жерде көбінесе дінтану пәнін жүргізетін мұғалім оқушылардың ұстанымдарына байланысты болып келеді. Олар дінтануды оқытқан кезде зайырлық пен діни танымның арасын ажырата алуы керек және екеуін сабақтастыра да білу керек.
– Жалпы алғанда мектеп оқу бағдарламасындағы дінтану пәні өз мақсатын орындап жатыр ма? Пән мазмұнына қандай өзгертулер мен түзетулер енгізу қажет деп ойлайсыз?
– Енді мектептерде біршама оқытылып жатыр. Бірақ көбінесе факультативті сипатта. Бұл пәнді оқушылар да, мұғалімдер де және ата-аналар да маңызды, қажетті пән ретінде қарастырмайтын сияқты. Сондықтан осы пәнді оқытуды дұрыстап жүйеге келтіру керек. Өйткені дін адам өмірінің ажырамас бір құбылысы.
– Дінмен тығыз байланыстағы философия, әлеуметтану, психология және басқа да салалар ара-қатынасын жетік меңгеру үшін болашақ дінтанушы қандай классикалық еңбектермен танысып шығуы керек? Сіздіңше, дінтанушы міндетті түрде оқып шығуы керек әдебиеттер тізімі қандай?
– Әрине дінтануды меңгеру үшін дін социялогиясы, дін психологиясы, дін феноменологиясы, дін философиясы деген сияқты көптеген бағыттардан хабардар болуы керек. Осы орайда классикалық еңбектерді атап өтуіме болады, Макс Мюллердің, Корнелис Тиленің, Дін философиясы бойынша Гегельдің еңбектеріне, Канттың шығармаларын білу өте қажет.
Дін психологиясына келетін болсақ Уильям Джеймстің еңбектері, қазіргі уақытта дінтануда Чикаго мектебі деген бар. Сол мектептің көрнекті өкілдерінің шығармаларын да қарастырып өтуге болады. Әсіресе, дін феноменология саласы бойынша із қалдырған Рудольф Отто, Мирче Элиаде сияқты ғалымдардың еңбектерін оқу қажет деп ойлаймын.
– «Дін – мемлекеттен бөлек» деген сөзді әркім әрқалай топшалап жүр. Дінтанушы ретінде пікіріңіз…
– Дін мемлекеттен ажыратылған деген принцип біздің заңдарымызда көрініс тауып жүр. Сондықтан, Қазақстан Республикасының азаматы ретінде заңнамалық құқықтық актілерді басшылыққа алуымыз қажет. Бірақ енді дін қоғамдық өмірден жалпы шет қалу керек деп ойламауымыз қажет. Неге? Өйткені, дін қоғамдық, әлеуметтік мәселелерден шет қалса, бұл оның беделінің түсуіне алып келеді. Екінші жағынан өзіміздің діни мәдениет азаматтық идентификацияларымызды бір-бірімен ұштастыра білуіміз керек. Қазіргі уақытта діни идентификация жамағаттық деген азаматтық идентификациядан басым тұрған сияқты. Біз өзіміздің қызметімізде негізінен Қазақстан Республикасының азаматымын деген идентификацияны басшылыққа алуымыз керек. Мемлекет те осыған көп назар аударуы қажет.
– Зайырлық деген ұғымның біздің мемлекетке, қазақи менталитетке қайсы түрі жақындау?
– Зайырлық біздің қоғам үшін ХХ ғасырдың басынан бастап орныққан сияқты. Қоғамдық санаға әсер еткен фактор ретінде қалыптасқан. Көбінесе зайырлықты діннен шет болу немесе діни дүниетанымнан өзгеше ұстанымда болу деген секілді қарастырады. Мысалы, қарап отырсаңыз, зайырлықтың да әртүрлі аспектілері бар. Оның саяси-құқықтық аспектілері бар, дүниетанымдық аспектілері бар, мәдени аспектілері бар.
Ал, қазіргі уақытта көбінесе біздің қоғамда зайырлықты тек қана құқықтық-саяси құбылыс ретінде қарастырып отырған тәрізді. Ал оның дүниетанымдық, мәдени аспектілері назардан тыс қалып жатқан тәрізді боп көрінеді. Сондықтан оны біз кешенді құбылыс ретінде қарастыруымыз қажет. Зайырлық деген кезде оны дінге қарсы құбылыс деп қарастырмаған жөн. Неге? Өйткені, ол зайырлы, діндарлық деген адамның өзінің ұстанымы, өзінің таңдауы болып табылады. Ислам дінінде де «Дінде зорлық жоқ» деп айтылған ғой. Осындай алтын қағидаттарды ұстанғанымыз дұрыс.
– Елімізде қанша ЖОО дінтанушылар шығарады. Олардың қайсысы көшбасшы? Себебі неде?
– Қазақстанда бірқатар университеттер бар. Мысалы, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық универсиететі, Еуразия Ұлттық университеті Гумилев атындағы, Түркістандағы қожа Ахмет Йассауи атындағы университеті, Қарағанды мемлекеттік университеті және «Нұр Мүбарак» университеті.
Бұл оқу орындарының бірін көшбасшы деп атау қиын. Өйткені, әрбір жоғары оқу орнының өзінің ерекшелігі, спецификасы бар. Мысалы, «Нұр Мүбаракка» келетін болсақ, дінтану негіздерімен қатар мамандардың исламды да жете меңгергендігін байқаймыз. Қожа Ахмет атындағы университеті Йассауидің шығармашылығын терең зерттеулер жүзеге асып жатқанын байқаймыз. Ал ұлттық университеттер қазіргі кезде зайырлық принцептеріне, дінтануды объективті ғылыми негізде оқытуға басымдық береді.
– Соңғы жазған еңбегіңіз жайлы айтсаңыз…
Біраз шығармаларды жазсам деп ойлап жүрмін. Бір-екеуі Құдай қаласа, жақында аяқталып қалар. Соның бірі, қазақ мәдениетіне байланысты, соның ішінде діни мәдениетіне байланысты оқырмандарға «Ұлы дала мәдениеті» деген монографиямды ұсынсам деп отырмын. Сонымен қатар, қазіргі кезде дін мен мемлекет қарым-қатынасын терең түсіну үшін студенттерге, жалпы көпшілік оқырманға арнап Қазақстан Республикасындағы мемлекет конфессияаралық қатынастар деген оқу құралды дайындап жатырмын.
– Дінтанушы магистранттар мен докторанттарға қандай тақырыптарды зерттеуді ұсынар едіңіз?
– Дінтанушыларды фундаменталды дінтанулық зерттеулерге қарай бағыттағым келеді. Әсіресе, дін психологиясы саласындағы зерттеулерге, дін әлеуметттану саласындағы зерттеулерге, дінді феноменалогиялық тұрғыдан зерттеуге бағытталған тақырыптарды ұсынар едім.
Қазіргі кезде діни идеология деген не? Оның қоғамға ықпалы қандай деген мәселелер мені толғандырады. Сонымен қатар, докторанттарымыз зайырлы мемлекет пен діннің қарым-қатынасы деген тақырыптарда да зерттеулер жүргізіп жатыр. Бірақ, шынын айтқанда өзім дінтанушы ретінде жоғарыда айтқан іргелі зерттеулерге көбірек көңіл бөлетін едім. Өйткені, соңғы уақыттарда бірқатар ғылыми жобаларға қатыстым.
Көбінесе, олар осы дінтанудың қолданбалы жақтарына қарай бағытталған зерттеулер. Әрине, олар да қажет. Бірақ, ғылым –ғылым болуы үшін ең бірінші кезекте оның іргелі мәселелері қолға алынып зерттелуі керек. Міне, осы мәселені әрқашан жастарға айтып жеткізгім келеді. Және өзімнің дәрістерімде осы мәселелерге көбірек тоқталамын.
– Салиқалы сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан – Руслан ҚАМБАР