Қасиетті жұма күні Павлодар облысы, Ақсу ауданына қарасты Қ. Қамзин ауылдық округінің Айнакөл ауылында жаңа мешіттің салтанатты ашылу рәсімі болды.
Мешіттің ашылу салтанатына Павлодар облысының бас имамы Жолдас қажы Қоспақұлы, Ақсу ауданының әкімі Дүйсенбинов Нұрлан Шайхсләмұлы және аудан, қалалық жауапты қызметтегі азаматтар, кәсіпкерлер, ақсақалдар, әжелер, ауыл халқы жиналды.
«Мешіт Ақсу ауданы көлемінде 12-ші, ал Павлодар облысындағы 108-ші мешіт болып тіркелді. Мешіттің құрылысы Айнакөл ауылының тұрғыны Қазқанов Ерсін Еркінұлының бастамасымен 2021 жылы басталған еді. Арықарай аталмыш ауылдың, Ақсу, Павлодар және Астана қалаларының кәсіпкерлері мен азаматтарының демеушілік қаражаты мен қайырымдылықтары арқылы толық салынып ауыл халқының игілігіне табысталуда»-дейді облыстың бас имамы Жолдас Қоспақұлы.
Ашылу рәсімі қасиетті Құран аяттарын оқумен басталып, мешіт құрылысына қатысқан белсенді азаматтарға облыстың бас имамы және аудан әкімінің алғыс хаттар табысталды. Әжелер шашу шашып, аталар алқалы батасын берді.