− Армысыз, Айнұр Әбдірәсілқызы! Қазіргі дін саласындағы өзекті жаңалықтардың бірі еліміздің «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңына және басқа да бірқатар заңдарға өзгерістер енгізу мәселесі болып отыр. Осы үдерістің алғышарттарына тоқталып өтсеңіз.
− Заңгерлік қисын бойынша кез келген заң әдетте шамамен он жылға есептеліп жасалады. Яғни заңды әзірлеу кезінде ағымдағы ахуал, күн тәртібіндегі қажеттіліктер ғана емес, алдағы таяу онжылдықта орын алуы мүмкін үдерістерге де болжам жасалып, талданып, сарапталып, жеті рет өлшеп, бір рет кесілген ережелер жасақталады.
Дегенмен қоғам тіршілігі – жанды әрі аса белсенді үдеріс, жаңа қатынастар үздіксіз туындап жатады, ол өз кезегінде еңсерілмеген мәселелерді алға тосады. Ал құқықтық мемлекет құруға бет алған қоғамда барлық қатынас заңнамалық нормалармен реттеледі. Сондықтан әрбір саладағы заңнамаға қажеттілігіне орай кезең-кезеңімен өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп отыруы заңды. Экономика саласындағы кейбір заңнамаларға кейде жыл сайын өзгеріс енгізуге тура келетінін де жұртшылық жақсы біледі.
Әлемдік қоғамдастық назарында тұрған дін саласында да қазіргі кезеңде тоқтаусыз құбылыстар орын алуда. Бұл ғаламдық интеграцияның, ақпарат ағымының, қозғалыс белсенділігінің ғана емес, саяси мүдделер қақтығысы мен рухани ізденістердің күшеюінің де заңды салдары болып табылады. Оның Қазақстандағы көріністері де көпшіліктің көз алдында.
2011 жылы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң қабылданғаннан бері діни қатынастар саласында да, діни сана дамуында да елеулі өзгерістер болып өтті. Теріс пиғылды және дәстүрлі емес діни ағымдар белсенділігінің күшеюі жалпы қоғамда, әсіресе жастар және жасөспірімдер арасында дін атын жамылған залалды идеологияның таралуына заңмен тосқауыл қоюды күшейту қажеттілігін негіздеп отыр. Шет елдерде діни білім алу мәселесін реттеуді күшейту, діни ұрандар мен атрибутиканың орынсыз қолданылуын шектеу, мемлекеттік мекемелердің діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-әрекетінің тиімділігін арттыру, діни қатынастар субъектілеріне бақылауды күшейту, екпе, неке-талақ, дін ұстану немесе ұстанбау секілді мәселелердің заң аясында реттелуін күшейтудің өзектілігі айқындала түсті.
Сондықтан діни қатынастар саласын реттейтін заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттілігі пісіп-жетілді деуге толық негіз бар.
− Заңға енгізілетін өзгерістер бірқатар орталарда таныстырылып, талқылаудан өтіп жатқанынан хабардармыз. Қандай жаңа нормалар көпшіліктің назарын көбірек аударуда?
− Бірінші кезекте бет-жүзді жасыратын, заң тілімен айтқанда тұлғаның келбетін тануға кедергі келтіретін киім түрлерін қоғамдық орындарда қолдануға және таратуға тыйым салу жөніндегі норма көбірек назарға ілігуде. Бұл орайдағы жекелеген үстірт пікірлер көпшіліктің аталған норманы бастапқыда дұрыс түсінбей қалуынан туындап отыр. Дін істері мен азаматтық қоғам министрлігі басшылығының сұхбаттарында, жарияланымдарында бірнеше рет атап көрсетілгендей, бұл орамал тағуға тыйым салынады деген сөз емес. Бет-жүзді жасыру – бұл ниқаб, чадра, балаклава секілді киімдер кию мен бетперде (маска) тағуды білдіреді.
Қоғамдық орында бет-жүзді жасыратын киімге тыйым салу толығымен заңға сыйымды және халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылатын іс-әрекет. Өйткені кез келген адамға, азаматқа қандай да бір іс-әрекеті үшін жауапкершілік жүктеу оның тұлғасы толық танылғанда ғана жүзеге асады. Ал қоғамдық орын жоғарыда атап көрсеткеніміздей – тежеусіз қарым-қатынас кеңістігі, оның ішінде мәміле мен қақтығыс қатар жүріп жатады. Сондықтан кез келген жағдайда тұлғаның толық танылуының мәні ғана емес, қажеттілігі де зор.
Ал қауіпсіздік тұрғысынан алғанда бет-жүздің ашық болуының қаншалықты маңызды екенін қазір бесіктегі балаға дейін біледі – өкінішке орай көптеген қылмыстар – ұрлау, тонау, кісі өлтіру, тіпті террористік актілерге дейін бет-жүзді жасыру арқылы жасалады. Яғни бет-жүзді жасыру жазадан жалтарудың ең тиімді құралы ретінде қолданылуда.
Сонымен қатар бет-жүзді жасырудың өзге тұлғалар тарапынан қорқыныш, қауіптену, тартыну сезімдерін туғызатыны айқын. Бұл азаматтардың қоғамда еркін, қауіпсіз өмір сүруіне лайықты жағдай жасалмағанының көрсеткішіне айналуы мүмкін, яғни бұл орайда жеке тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіріледі.
Осындай көптеген залалды себептер мен салдарларды ескере отырып, Франция, Нидерланды, Испания, Болгария, Бельгия секілді бірқатар елдерде бет-жүзді жасыратын киімге тыйым салу туралы заң шығарылған. Бұл тәжірибені қазір көптеген елдер өз заңнамасына енгізу тетіктерін қарастыруда. Қазақстан заңнамасына мұндай ереженің енгізілуі оның уақыты жеткендігінің айқын дәлелі болып табылады.
Әрине, бұл орайда мәдени, спорттық, кәсіби шаралар кезінде және медициналық себептермен бет-жүзді толық танытпайтын киімдерді киюге тыйым салынбайтынын да ескеру қажет.
− Шет елдерде діни білім алу мәселесі заңнамада қалай реттелмек?
− Баршаға белгілі, бұл мәселе мемлекет пен қоғам назарына бүгін ғана алынып отырған жоқ. 2011 жылғы заңнаманы жасақтау кезінде де шет елдерде діни білім алуға шектеу шараларын қою мәселесі алға тартылған болатын. Дегенмен заң шығару тәжірибесіндегі қағидаттарға сәйкес заңнама қатаңдандырылуға емес, ізгілендірілуге бейімделеді. Мемлекет өз азаматтарына шектеулер мен тыйымдардан гөрі құқықтар мен бостандықтардың көбірек берілуін қалайды әрі қамтамасыз етеді. Сондықтан бұл мәселе еркіндік нормалары аясында көбірек қарастырылды және соның негізінде шет елдерде діни білім алудың қауіпті тұстары жайында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге көбірек назар аударылып келді.
Ал қазіргі жағдайда бұл мәселе де тиісті шектеулерді енгізуді талап ететін жағдайға жетті. Өйткені көптеген дәстүрлі емес діни ағымдар идеологиялық бастауын шет елдік діни оқу орындарынан алатыны белгілі, әсіресе мұсылман елдеріндегі мемлекеттік емес кіші-гірім оқу орындары мен білім орталықтары осы тұрғыдан қауіпті болып табылады. Осындай оқу орындарында білім алып, елімізге дәстүрлі емес ағым уағызшылары болып оралғандардың мысалы да соңғы кезеңде көбейе түсті, ағымдағы түсіндіру жұмыстары ендігі кезекте бұл мәселені еңсеруге өз деңгейінде септесуі қиын.
Осыған орай әзірлену үстіндегі заңда Қазақстан Республикасының азаматтарына діни білімді шет елдерде алуға тек жоғарғы діни білімді елімізде алғаннан кейін ғана жол берілетіні жайында норма енгізілуде. Дәстүрлі негіздегі жоғары діни білім мен қалыптасқан азаматтық тұрғыға ие болғаннан кейін отандастарымыздың білімін әрі қарай жетілдіруі үшін шет елдерге баруы қауіпті салдарларға соқтырмайды деп сенуге негіз бар. Сонымен қатар жаңа заңнама ережелеріне сәйкес Қазақстанда заңды түрде тіркеліп, жұмыс жүргізіп отырған діни бірлестіктің елімізде діни білім беру ұйымы жоқ болған жағдайда халықаралық келісім негізінде ғана шетелде діни білім алуға мүмкіндік берілмек. Айта кету керек, мұндай заңнамалық ережелер Түркия, Малайзия, Тәжікстан секілді елдердің тәжірибесінде бар.
− Екпе және неке мәселесіне қатысты да жаңа заңнамалық ережелер енгізу көзделіп отырғанын жоғарыда атап өттіңіз. Жұртшылыққа осы сауалдар да қызықты болса керек…
− Әрине, көпшілік үшін әлеуметтік мәселелер қашанда маңызды. Екпе мәселесіне қатысты норманы Қазақстан Республикасының «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексіне енгізу ұсынылуда. Бұл норма ел азаматтарының тегін медициналық көмектің кепілдендірілген мөлшері шегінде жұқпалы ауруларға қарсы алдын алу мақсатында егілетін екпелерді қабылдауды міндеттейді (қолданыстағы нормалар бойынша азаматтар мұндай екпелерді қабылдауға құқылы болған).
Бұл міндеттеудің мақсаты жұртшылыққа жақсы белгілі – соңғы кезеңде екпеден бас тарту, соның ішінде діни себептермен бас тарту жиілеуде. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне жүгінсек, екпеден бас тартудың 2006 жылы 1000 мысалы тіркелсе, 2016 жылы ол 9685-ке дейін өскен. Атырау облысында – 88,9%, Ақтөбе облысында – 87,9%, Батыс Қазақстанда 89,3% азаматтар екпеден діни себептермен бас тартқанын мәлімдеген.
Әрине, екпеден бас тарту тек діни себептерге ғана емес, жеке себептерге де байланысты. Екпенің салдары туралы жағымсыз ақпараттардың әсерінен немесе екпенің сапасына күмән келтіргендіктен бас тарту жағдайлары да аз кездеспейді. Дегенмен атап айту керек, соңғы кездері әсіресе дәстүрлі емес ағым ұстанушылары қатарында екпеден діни себептермен бас тартып отырғанын бүркемелеу мақсатында екпенің зияны туралы мәліметтерді алға тартушылар көптеп кездесуде. Сондықтан жоғарыда аталған көрсеткіштердің өзі белгілі бір дәрежеде салыстырмалы болып табылады.
Жұқпалы ауруларға қарсы екпеден бас тартудың азаматтардың өзіне және өзгелерге қаншалықты залалды екенін, оның діни негізі жоқтығын қайталап түсіндірудің қажеті бола қоймас, бұл жайында аз жазылып жүрген жоқ. Азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауды қамтамасыз ететін мемлекет мүддесіне де қайшы мұндай әрекеттерге жол бермеудің бір жолы – аталған заңнамалық нормалардың міндеттелуі болып табылады.
− Осы қисынмен пайымдасақ, неке мәселесіне қатысты нормалар да тиісті заңнамаға енгізіледі ғой?
− Иә, неке қатынастарына қатысты норманы «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекске енгізу жоспарлануда. Көзі қарақты оқырманға белгілі, соңғы кезеңде заңды түрде мемлекеттік органдарда тіркелмеген, тек мұсылманша неке қиюмен ғана шектелген жайттардың жиілеуі, олардың ащы салдары жайында көп айтылып, жазылып келеді.
ҚР Әділет министрлігінің мәліметіне сүйенсек, соңғы 10 жылда тіркелмеген некелердің саны 30 000-нан асыпты. Бұл – белгілі болғаны ғана, ал белгісізі қаншама! Соның ішінде 14-17 жас аралығындағы кәмелетке толмағандардың мәжбүрлі түрде тұрмысқа шығу жағдайлары да аз кездеспейді екен. Оның барлығы діни көзқарас себебінен деуден аулақпыз, бірақ заңдастырылмаған некелердің ішінде олардың да үлес салмағы аз емес.
Атап айту қажет, дәстүрлі емес ағым өкілдері арасында қыз баланың ата-анасының келісімінсіз және ресми тіркелусіз неке қию, ешбір жауапкершілік сезімінсіз болмашы себептермен әйелін талақ ете салу немесе өзге діндес бауырына «сыйға тарту» секілді дінге де, заңға да сыймайтын керітартпа құбылыстар көптеп кездесуде. Ата-анасының келісімінсіз тұрмыс құрып, олармен қарым-қатынасын үзіп алған қыз бала талақ алған жағдайда барар жер, басар тауы жоқ болғандықтан жамағат ішінде қалып, тағы бір «діндес бауырына» тұрмысқа шығуға мәжбүр болады. Осылайша тағдыры қақпақылға түсіп, қолдан-қолға өтіп жүріп, дүниеге әкелген балаларының әкесі кім екенін білмейтін, кімнен көмек сұрары белгісіз қыз-келіншектердің жылаулы жай-күйі жайлы да аз ашынып жазған жоқпыз.
Осының бәрі құқықтық жауапкершілік жүктеуге мүмкіндік бермейтін заңсыз қатынастардың кері салдары бола отырып, әлеуметтік дертке ұласуда. Әрине, қабылданған шаралар да жоқ емес – соңғы кезеңде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты мешіттерде неке қидыруға келген жұптардан алдымен АХАЖ орындары берген неке куәліктерін көрсету талап етілуде. Қыз баланың, әйел-ананың, болашақ сәбилердің құқығын қорғауды қамтамасыз ететін және отбасының беріктігіне кепіл болатын мұндай қадамды заңдастыру қажеттілігі де қазір өзекті деңгейге көтерілді.
Сондықтан жаңа ережелер қатарында діни рәсіммен неке қию кезінде мемлекеттік органдар берген неке куәлігінің көрсетілуін міндеттейтін, неке қию мен ажырасуды тек діни жолмен ғана жүргізуге жол бермейтін нормалар қарастырылуда.
− Байқауымызша, дін саласындағы заңнамалық өзгерістер қоса қамтитын басқа да салалық заңдар аз емес сияқты…
− «Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы кейбір заңнамаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы негізінде 17 заңнамаға 60 өзгеріс енгізу көзделген. Оның ішінде жоғарыда аталған кодекстермен қатар Қылмыстық кодекске, Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске, «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы», «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы», «Ұлттық қауіпсіздік туралы», «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызмет туралы», «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», «Балалардың құқықтары туралы», «Мәдениет туралы», «БАҚ туралы», «Жарнама туралы» заңдарға өзгерістер енгізу ұсынылуда.
Ал ең негізгі өзгерістер мен толықтырулар, әрине, ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңына енгізілмек. Бұл өзгерістер бірқатар салалық терминдерге заң мәтінінде түсінік беруден бастап, жоғарыда аталған көптеген ережелердің қолданысын нақтылай түсетін нормаларды қамтиды.
Діни қатынастар саласындағы заңнамалық өзгерістер мен толықтырулар алдағы уақытта да көпшілік назарына ұсынылып, кеңінен талқыланатындықтан оқырман көкейіндегі көп сауалға жауап алудың мүмкіндіктері мол болмақ.
− Сұхбатыңызға рахмет!
Kazislam.kz