− Айнұр Әбдірәсілқызы, соңғы кездері БАҚ беттерінде еліміздің әр түкпірінде «Дін және әйел» форумы өткізілгені туралы хабарламалар жиі беріліп жүр. Онымен қанаттас «Қыз Жібек» клубтарының құрылғаны жөнінде де айтылып келеді. Осы бастамалардың мән-жайын толығырақ түсіндіріп берсеңіз.
– Бұл идея 2012 жылдың қараша айында туындады. Бір қызығы, «Дін және әйел» форумын ұйымдастырып, оның аясында «Қыз Жібек» клубтарын құрубастамасыәйел адамның емес, ер азаматтың идеясы еді. Идея авторы бұрынғы Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Қайырбекұлы Лама Шариф болатын.
Ал «Қыз Жібек» клубтарының қара шаңырағы ретінде осы идеяның ел аумағында кеңінен таралуына сүбелі үлес қосқаны үшін біз Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры Нөкетаева Динар Жүсіпәліқызына қарыздармыз.
2013 жылы 4 наурызда аталмыш идеяның алғашқы көрінісі ретінде «Дін және әйел» халықаралық форумы Алматы қаласында ұйымдастырылды. Бұл шараға Қазақстанның, Ресей мен Қырғызстанның көрнекті ғалымдары атсалысты. Форум аясында Қыздар университетіндегі «Қыз Жібек» клубының тұсаукесер рәсімі өтіп, клубтың арнайы жабдықталған бөлмесі ашылды. Клуб мүшелері «Қыз Жібек» операсынан үзінді көрсетіп, жүргізілген жұмыстарымен, әзірленген ақпараттық, танымдық материалдарымен таныстырды. Осы күн «Қыз Жібек» клубының ресми тарихына алғашқы атаулы күн ретінде енді.
− Жоғарыда айтылғандай, бұл идеяның ел аумағында жалғасын тапқанынан бүгінде көпшілік хабардар. Игі бастаманың іске асуында қай өңірлер көбірек белсенділік танытып отыр?
− Бастаманы бірінші болып Қыз Жібектің аққулы мекені – Ақ Жайықтың алабы іліп әкетті. 2013 жылдың өн бойында Атырау, Көкшетау, Павлодар, Қызылорда, Шымкент және Астана қалаларында бірінен кейін бірі «Дін және әйел» форумы өткізіліп, «Қыз Жібек» клубтары ашылды.
Көп ұзамай Өскемен, Талдықорған, Жамбыл және Орал қалаларында осы үрдіс үзіліссіз жалғасын тапты. Бір ерекшелігі, әзірге соңғы айтулы шара болып табылатын кезекті форум үстіміздегі жылғы 12 қарашада тағы да Ақ Жайықтың бойында – Орал қаласында өтті.
Бұл аралықта 2014 жылы Қыздар университетінің ұйымдастыруымен ел аумағындағы клуб мүшелерінің онлайн-конференциясы өткізілген болатын. Оралдағы соңғы шара кезінде де онлайн режимдегі басқосу ұйымдастырылды.
− Үш жыл бір бастаманы жолға қою үшін аз да, көп те уақыт емес. Дегенмен, осы жұмыстың басы–қасында жүріп аңғарғаныңыз аз болмаса керек. Қандай өсу, өркендеу байқалады?
− Ең алдымен осындай бір жасампаз идеяға жастар аудиториясы көптен зәру болып келгенін олардың бастаманы қызу қолдап, жан сала кіріскенінен аңғардық. «Көптеген ұлы істер жастық шақтағы албырт армандардың, асау қиялдардың нәтижесі болып табылады» деген екен бір данышпан. «Мың сіз-бізден бір шыж-быж артық» дейді қазақ. Теріс пиғылды ағымдарға, адастырып, азғындататын идеяларға қарсы жүргізілген жүздеген насихат шараларымен салыстырғанда бір балама ретінде жасампаз, жарқын идеяны ортаға салу және оны жүзеге асыру тетіктерін қалыптастырып беру қаншалықты пәрменді болатынын осы қозғалыс көрсетті.
Шынымды айтсам, осы идея мұншалықты өміршең болады деп өзім де күтпеген едім. Күні кешегі онлайн-басқосуда атқарған шараларын жарыса тізбектеп, жаңа идеяларын құлшына баяндап, ақ жарыла алғысын айтып жатқан жүздеген жастарды, олардың артындағы мыңдаған қолдаушыларды көргенде бастамамыздың біз ойлағаннан да берік орнығып, сан жүрекке жол тапқанына көзіміз жетті. Себебі, бұл бастама құндылықтарға қозғау салды. Жан тазалығына жетеледі. Жастарға іздегенін табуға, тұлғалық бағдарын айқындауға, қоғамға кірігуге және қызмет етуге көмектесті.
Бұған дейін клуб мүшелері қыздар арасындағы көптеген іс-шараларға, кездесулер мен кеңестерге ұйытқы болып, университет ішілік газеттер ұйымдастырып, кішігірім басылымдар шығарып келсе, енді қоғамдық мәселелерге назар аудара бастады. Жақсыны жақсарта түсу қиын емес, ең қиыны – жолдан адасқанды жолға салу. Соны айқын сезінген жастар әртүрлі ағымдар мен құнсыз «құндылықтар» шырмауында жүрген замандастарына көмек қолын созып, өз ортасына тартуға әрекет жасауда.
− Демек, «Қыз Жібек» клубы көздеген мақсатқа қол жеткізе бастады ғой?
− Клубтың мақсаты ұлттық рухани құндылықтар мен заманауи озық мәдениетті қатар сіңірген қыз балалардың алдыңғы қатарлы буынын қалыптастыру болатын. «Ұлтыңды тәрбиелеймін десең, қызыңды тәрбиеле» деген ұлағатты сөз қалдырған бабалар үрдісімен біз де осылай әрекет ете бастаған едік. Еңбегіміз жеміссіз емес. Құндылықтарды қайта безбендеу басталған жерде оң өзгеріс болмай тұрмайды. Өйткені, рухани құлдыраудың өзі құндылықтар қолдан құнсыздандырылған шақта пайда болады.
Мысалы, ата-анасын «Қарттар үйіне» тапсыру деген әлеуметтік дерт мұсылман қазақ елінде қалай пайда болды? Бұрын мүмкін емес болып саналған нәрселер «мүмкін» деп табылған сәттен басталды. Яғни, адамдар санасына сондай сенім сіңірілді. Қарттар үйінің қараушысы жоқ қарияларды қамқорлыққа алу үшін салынатыны қаперден шығарылды. Әке-шешесін сол жерге апарып тапсыру қалыпты жағдай ретінде қаралды. Оған дейін бірнеше ұрпақ санасы күрделі өңдеуден өтті. Нәтижесінде ата-анаға деген бүкіл қадір-құрметті былай қойғанда, «Ата-анаң жынды болса, байлап бақ» деген қарапайым қағидат да құнынан айрылып қалды. Содан кейін қоғамды, заманды, жастарды кінәлау басталды. Ол – салдар ғана. Ал себеп не еді? Ұлт болып, қоғам болып, құндылықтарды қорғай алмағанымызда еді.
Бірер буын жалған идея жетегіне еріп, қателесті, құнсыз «құндылықтардың» құрбандығына шалынды. Мен мұны түңілгендіктен немесе түңілдіру үшін айтып отырған жоқпын. Тарихи сана, елдік сана тұрғысынан пайымдағанда шын мәнінде солай болды.
Ал аралық буын құндылықтардың құнын қайыра алмай әлек. Олардың санатында өзіміз де бармыз. «Жоғалған жұмақты» жоқтау жайына қалып, күйреген құндылықтарды қалпына келтіру, жамап-жасқап, жаңғырту біздің буынның еншісіне көбірек тиді.
Ендігі буын есті буын болып қалыптасар деген үмітпен қолдан келгенді жасаудамыз. Жасай да береміз. Өйткені одан өзге біз сенетін шындық жоқ…
− Болар елдің бағына біткен бастама екен бұл. Сіздің толғамды да тебіреністі тұжырымдарыңыздан кейін бұл бастаманың маңызы мүлде басқа қырынан ашылды. Соны жастардың сезіне білгені қуантады…
− Жастар қашанда құбылыстарды терең сезінеді. Басқосуда мына бір мысалға назар аударған едім. Бала кезімізде бәріміз сүйіп оқыған Антон Чеховтың бір шығармасында жас кейіпкер қарт кейіпкерге: «Сізде ақыл бар, бірақ күш жоқ» дейді. Сонда қарт: «Ал сенде ақылсыз күш бар» деп жауап береді.
Ақылсыз күшті айлалы адам қалауынша пайдаланады. Дегенмен мен қазіргі жастарға ақылсыз күш туралы әңгіме айтпас едім. Жастарда жан тазалығы бар. Сол бәріне жетеді. Тазалық жоғалған жерден мағына да, мақсат та жоғалады. Мағына мен мақсат бар кезде үлкен істерге ұмтылу қажет. Таза, текті, тегеурінді жырларымен талай буынды тәрбиелеген ақын ағамыз Мұхтар Шаханов «Сенім патшалығы» атты кітабында:
«Мәңгі лаулап жану үшін ғаламда,
Үлкен бақыт табу үшін ғаламда,
Үлкен болып қалу үшін ғаламда,
Үлкен арман керек екен адамға!» деп жазған еді. Сол сөздердің мәні әлі өзгерген жоқ. Жастарда үлкен арман әлі де бар. Осы бастаманың басы-қасында да сол үлкен арманды жастар жүр.
− Осы сөздеріңізді тыңдап отырып өзіңіздің:
«Түнекті түлек түргей де,
Тірлікті Тәңірі теңеді.
Көшіңді түзе күнгейге,
Дария тасып келеді!
Жасықты қалдыр жұртыңда,
Теңіздің тартсын тереңі.
Асылды қимай құрдымға
Дария тасып келеді.
Бұйығы дүние бұлқына
Кемелдік кернеп кемерін,
Бастауы болған бір тұма
Дария тасып келеді» деген өлең жолдарыңыз ойыма оралып отыр. Осы сезімдеріңізбен орайлас келген сүйінішті басқосуда қандай бастамалар көтерілді?
− Бастамалар баршылық.Қазіргі күнге дейін Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті газетінің қосымшасы ретінде «Қыз Жібек» газеті жарық көріп келді. «Қызым, саған айтам» атты ғибратты әңгімелер, насихат сөздер мен пайдалы кеңестер жинағы да қалта кітапшасы ретінде осы университет тарапынан жарыққа шығарылды.
Қазір клуб мүшелері «Қыз Жібек» тоқсандық журналын шығаруды ұсынып отыр. Бұл мәселе шешімін тапса, журналдың онлайн-нұсқасын шығару да ойда бар. Жалпы клубтың дербес ғаламтор ресурсын жасақтау біршама уақыттан бері ойда жүрген іс болатын.
Еліміздің түкпір-түкпірінде құрылған клубтар қызметін айшықтайтын фотоальбомдар, бейнематериалдар әзірлеу, оларды ғаламтор ресурстарына орналастыру, клуб жұмысын оқу орындары аясынан шығарып, қоғамның әртүрлі санатындағы жастар аудиториясына бағыттау қажеттіліктері айқындалып отыр. Клуб жұмысына қажетті әдістемелік және тәжірибелік ұсынымдарды әзірлеу де маңызды.
Қыздар тарапынан ұлтымыздың ұлағатты аналары туралы кітаптар шығару, зерттеулер ұйымдастыру, арнайы танымдық телехабар әзірлеу ұсыныстары түсіп отыр. Осы және басқа да идеяларды жүзеге асырудың нақты жолдарын айқындап, толығырақ тәжірибе алмасу мақсатында желтоқсан айында ел аумағындағы барлық клубтар өкілдерінің қатысуымен Астана қаласында дөңгелек үстел өткізу ойымызда бар.
− Сұхбатымыздың барысында «Осы шараларға Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық–демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия қай деңгейде атсалысты?» деген сауал мазалап отыр…
− Атап айту қажет, 2013 жылы «Дін және әйел» форумының ел аумағындағы жұмысына ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның сол кездегі төрайымы Әбдіхалықова Гүлшара Наушақызы тұрақты түрде қатысып отырды.
Бертінгі шараларда да Ұлттық комиссияның өзіндік үлесі бар. Комиссия құрамында «Дін, балалар және жастар» жұмыс тобы қызмет атқарды. Аталмыш жұмыс тобы басқосуларының бірінде рухани-адамгершілік тәрбие мәселесін қоғамдық деңгейде қарастыруды ұсынған болатынбыз. Осы идеяны қолдай отырып, Ұлттық комиссия «Рухани-адамгершілік тәрбиенің инновациялық әдістері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырды. Шара барысында «Қыз Жібек» клубының қызметі жайлы көпшілікке жан-жақты мәлімет берілді.
Ұлттық комиссияның Сараптамалық кеңесінің мүшесі ретінде алдағы отырыста клуб жұмысының нәтижесін көрнекі түрде таныстырып, жаңа идеяларды ортаға салу ойымда бар. Бастамаларды бірлесе жүзеге асырудың нақты тетіктері Сараптамалық кеңес отырысында жасақталатынына сеніміміз мол.
− Иә, қыздар аудиториясына қатысты қызғылықты шаралар аз емес көрінеді. Ал ересек жастағы немесе басқа санаттағы әйелдер аудиториясына арналған жұмыстар жайлы не айтар едіңіз?
− «Дін және әйел» форумының негізгі мақсатының өзі әр жастағы, әр санаттағы әйел-аналардың басын қосып, ортақ мәселелерді талқыға салу, ортақ мүдде – өскелең буынның рухани адамгершілік тәрбиесі жолында күш біріктіру болатын.
Осы үш жылда форумдарды қоса есептегенде жеке өзімнің қатысуыммен әйелдер аудиториясымен отызға жуық кездесу өткізіліпті. Соның басым көпшілігіне әр өңірдің әйелдер қауымдастықтарының жетекшілері мен мүшелері, қоғам қайраткерлері санатындағы белсенді әйелдер, ардақты аналар, әйелдер жамағатының басшылары мен өкілдері атсалысты.
Діни оқу орындарындағы шәкірт қыздар мен әйел ұстаздар қауымымен, діндар әйелдер жамағатымен жүргізілген жұмыстар өз алдына бір жосын. Әсіресе Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітінің әйелдер жамағатымен бірлесе отырып, рухани-танымдық бағыттағы жұмыстар жақсы жолға қойылды. Соның нәтижесінде қоғам өміріне белсене араласатын өкілдер әйелдер жамағатынан да шыға бастады. Оларға тікелей қолдау білдіріп, Дін істері комитетінің ақпараттық-түсіндіру тобының құрамына қосып, ел аумағында әрекет етуіне ықпал жасап келеміз.
Атап айту қажет, Қазақстандағы мұсылман әйелдердің қоғамдық бірлестігін құру идеясын да біз ұсынып отырмыз. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бірлесе отырып, әр аймақтағы әйелдер жамағатының танымал өкілдерінің басын қосып, оқыту семинарын өткізу де ойымызда бар. Мұның барлығы бұған дейінгі сұхбаттарымызда айтылған Орта Азия мұсылман әйелдерінің ІІ форумын Қазақстанда өткізу бағытындағы жұмыстарға біздің қосар үлесіміз болмақ.
− Әңгімеңізге рахмет! Ел игілігі жолындағы еңбектеріңізге жеміс тілейміз!
Сұхбаттасқан Асхат ЫСТЫ