− Армысыз, Айнұр Әбдірәсілқызы!Таяу күндерде тағы бір үлкен істі ұйымдастырғандарыңыздың куәсі болдық. Діни білім мекемелерінің әйел ұстаздарына арналған «Зайырлы мемлекет және дін қатынастары дәстүрлі рухани құндылықтар аясында» тақырыбындағы екі күндік оқыту семинарын жоғары деңгейде өткіздіңіздер. Көпшілік дән риза болып аттанған осы шараның негізгі баянын оқырманның өз аузыңыздан естігені жөн болар деген ойдамыз.
− Ойлы оқырманның жадынан шыға қоймаған болар, қараша айының соңында жарияланған «Діни білім дамуының жаңа кезеңі басталды» атты сұхбатымызда біздің Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы тарапынан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бірлесе отырып, 2015 жылдың 7-8 желтоқсанында ҚМДБ қарамағындағы діни сауат ашу курстары мен діни оқу орындарының ұстаздарына, аймақтардағы мұсылман әйелдер бірлестіктерінің жетекшілеріне арналған оқыту семинарын өткізу жоспарланып отырғаны хабарланған болатын.
Ойлағанымызды орындау нәсіп болып, аталмыш семинар белгіленген күндері Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітінің мәжіліс залында өткізілді. Біздің орталық ұжымы басшылық еткен семинардың ұйымдастыру шараларына наиб-мүфти, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Серікбай қажы Ораз бастаған ұжым бір кісідей қолдау көрсетті. Сонымен қатар қатысушылардың еліміздің түкпір-түкпірінен келуіне тікелей ұйытқы болып, бірқатар шаралардың басы-қасында жүрген ҚМДБ Оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі Бақтыбай Бейсенбайұлының еңбегін ерекше атап өтпеуге болмайды.
Жұмыла атқарған жұмыс нәтижесі күткендегіден де асып түсіп, 45-50 қатысушының келуі жоспарланған семинарға 85 адам қатысты. «Қыз Жібек» клубының дөңгелек үстеліне қатысушыларды қоса алғанда келушілер саны жүзден асып жығылды.
− Баяндама оқып, дәріс өткізушілердің де деңгейі жоғары болғанын көпшілік ризалықпен айтып жатты…
− Иә, алты алашқа апталап сауын айтып, тәмам жұртты жинаған соң, оларға тәлім айтушылардың да лайықты деңгейде болуын қолдан келгенше қамдадық. Семинардың ашылуында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитетінің Төрағасы Шойкин Ғалым Нұрмағамбетұлы және ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкіл имамы, наиб-мүфти Наурызбай Тағанұлы кіріспе сөз сөйледі. Семинардың бірінші күнінде Дін істері комитеті Төрағасының орынбасары Б.К.Күлекеев, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның жанындағы «Отбасым» ұлттық құндылықтар орталығының төрайымы Ш.В.Сыздықова, Дін істері комитетінің Дінтану сараптамасы басқармасының басшысы Б.Мырзаев, біздің орталықтың Исламды зерттеу бөлімінің басшысы, исламтану докторанты М.Исахан, ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі, PhD докторы Е.Оңғаров, «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб-имамы Р.Қамбаров, «Нұр-Астана» мешітінің наиб-имамы Т.Оспан баяндама жасады.
Семинардың екінші күнінде ҚМДБ Оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі Б.Қыдырбаевтың және өзімнің жеке дәрістеріміз бен талқылау сағаттарымыз ұйымдастырылды. Осы күні сонымен қатар біздің Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының Исламды зерттеу бөлімінің жетекші ғылыми қызметкерлері М.Муслимов, С.Мәдиева, Т.Мұстафиналар дәріс оқыды.
Бұған дейін де хабарланғандай, оқыту семинары барысында мемлекет және дін қатынастарының негізгі қағидаттары, зайырлы мемлекет және жоғары руханият, исламдағы дінаралық диалогтың рөлі, ханафи мазхабының қазақ даласында таралу ерекшеліктері, Матуриди ақидасының қазақ дүниетанымындағы орны, дәстүрлі рухани құндылықтар және отансүйгіштік тәрбие, дін мен дәстүр сабақтастығы, исламдағы «жиһад» ұғымының шынайы мәні, неке, талақ және отбасы тақырыптары мен басқа да өзекті діни-әлеуметтік және қоғамдық мәселелер бойынша дәрістер өткізілді.
− Семинар аясында «Қыз Жібек» клубының дөңгелек үстелін де ұйымдастырып үлгердіңіздер. Бұл қандай мақсаттан туындады?
− Діни білім беру мекемелерінің ұстаздары мен қоғамдық бірлестіктер өкілдерін еліміздің түкпір-түкпірінде құрылып, белсене жұмыс жүргізіп жатқан «Қыз Жібек» клубының жұмысымен жан-жақты таныстыруды, олардың өзара тәжірибе алмасуын көздедік. Сондықтан семинардың екінші күні түстен кейін «Қыз Жібек» клубтарының жетекшілері мен өкілдеріне арналған «Дәстүрлі рухани құндылықтарды қайта жаңғыртудың заманауи үрдістері» тақырыбында дөңгелек үстел өткізіп, оған семинарға келушілердің толық қатысуын қамтамасыз еттік.
Дөңгелек үстел барысында негізгі баяндаманы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Әлеуметтік және тәрбие істері жөніндегі проректоры З.Қ.Сабырова және аталмыш университетте құрылған «Қыз Жібек» клубының жетекшісі, Жастар саясаты бөлімінің басшысы М.Б.Ахтаева жасады.
Өңірлерде құрылған қыздар клубтарының жетекшілері мен өкілдері қатысушыларды өз жұмыстарымен көрнекіліктер арқылы таныстырды. Дөңгелек үстел барысында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің Тәрбие ісі және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректоры А.А.Сейтқасымов және аталмыш университетте құрылған «Қыз Жібек» клубының жетекшісі Н.Смағұлова, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «Қыз Жібек» клубының хатшысы Г.Б.Орынбекова, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Сырғалым» клубының жетекшісі Қ.Оралжан, Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжінің «Серпін» жастар қоғамдық бірлестігінің төрайымы А.С.Имашева, Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің «Ақжүніс» қыздар клубының жетекшісі Д.Оспанова сынды еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған қатысушылар баяндама жасады.
Бұл шараның нәтижесі де көңілден шықты. Діни білім беру мекемелерінің ұстаздары өз аймақтарындағы клуб мүшелерімен танысып, бірлесе жұмыс жүргізуге уағдаласты. Қыздар клубтарының ешбір қаржылық шығынсыз, тек қоғамдық негізде орасан зор жұмыстар атқарып отырғаны қатысушыларды тәнті етті.
− Екі күндік семинардың ең басты нәтижесі ретінде нені атар едіңіз?
− Әзілге сая сөйлесек, көптен келелі басқосу көрмей, әйел азаматтарымыздың іші толып-ақ қалған екен» сондықтан семинар жұмысы өте қызықты әрі тартысты өтті. Қызу сұрақ-жауап алмасылып, тәжірибелік мәселелер кеңінен талқыланды, болашақ бағыттар белгіленді.
Ал семинар жұмысының ең басты нәтижесі қоғамның әлеуметтік-мәдени және рухани өміріне әйелдердің атсалысуын күшейту, өскелең ұрпаққа рухани-өнегелік тәрбие беру, діни және дінтанулық сауатты арттыру, дін бағытындағы өзекті мәселелер бойынша кеңес беру жұмыстарын жүргізу мақсатында Қазақстан әйелдері қоғамдық бірлестіктерінің қауымдастығын құружөнінде шешімнің қабылдануы болды дер едім. Аталмыш қауымдастыққа мүше ретінде еніп, қызметіне атсалысуға семинар қатысушыларының барлығы дерлік ынта танытты.
Шара соңында қатысушыларды құр қол жібермейік деп, барлығына сертификаттар мен ақпараттық материалдар табыстадық. Біздің орталық тарапынан арнайы әзірленген әйелдер мәселесіне арналған таңдаулы мақалалар жинағы, «Социальный статус женщины в казахстанском обществе» және «Исламдағы әйелдің жағдайы мен құқықтары»атты ақпараттық-талдамалық материалдар қатысушыларға электрондық нұсқада ұсынылды.
Екі күн бойы күндізгі семинар жұмысы аяқталғаннан кейін де кешкі бейресми талқылаулар көптеп жүргізілді. Семинар өткеннен кейін іс-шараға қатысушылар тарапынан көптеген ғаламтор ресурстарында, әсіресе ҚМДБ сайттарында, әлеуметтік желілерде ризашылық пен қолдау сезімдерін білдірген материалдар мен пікірлер молынан жарияланғанына куә болып, еңбегіміздің ел кәдесіне асқанына қуандық.
− Еңбек емес, ерлік деп атаса да жарасқандай екен…
− Менің бір досым: «Адам ерлікті жасаймын деп жасамайды, қалай жасап қойғанын білмей қалады» деуші еді. Қазір игілікті іс тындырмақ тұрмақ, жер басып жүрудің өзі құлшылық пен ерлікке барабар болып қалған секілді. Бұл менің естірте ойланып отырғаным деп білерсіз.
Ал Мұхтар Шаханов ағамыздың сөзімен пайымдасақ, «ерлікті жасамаудан бағаламау әлдеқайда қауіпті». Үлкен істің артында үлкен ұжым тұрады. Осы семинардың қысқа мерзім ішінде жан-жақты ұйымдастырылып, сапалы түрде өтуінде өз ұжымым – Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы қызметкерлерінің күн-түн демей атсалысып, табанынан тік тұрып қызмет еткенінің үлесі мол.
Ең қызығы, бұл шара біздің жылдық жоспарымызда да болмаған, ешкімнің тарапынан тапсырылмаған, ешбір дүнияуи мақсатты көздеп жасалмаған жұмыс болатын. Керісінше ел намысы, руханият мүддесі үшін көтерілген осы бастаманы жүзеге асыру үшін кейбір жоспарлы шараларды құрбан етуге тура келді. Дегенмен, «құрбандықтың» құны өтелді деген ойдамын.
− Нардың жүгін көтерген бастаманың жүзеге асуынан кейін түйінделген тұжырымдар да аз емес болар?
− Иә, нағыз жұмыстың енді басталатынын айғақтайтын талай-талай тұжырымдарға тоқырадық. Ең өзектілерін ғана айтып өтсем, алғаш рет ұйымдастырылып отырған мұндай семинарды діни білім беру мекемелеріндегі әйел ұстаздар қауымының шектелушілігін жою, білімін жетілдіру және өзара тәжірибе алмасуын жолға қою мақсатында жыл сайын тұрақты түрде өткізу қажеттігі айқындалды.
ҚМДБ құрылымдарындағы әйел ұстаздарға арналған радикалды идеология ықпалына түскен әйел жамағаты өкілдерімен жұмыс жүргізу жөніндегі әдістемелік нұсқаулық жасақтап, онымен жұмыс істеу әдістерін үйрету мақсатында арнайы шаралар ұйымдастыру керектігін де осы семинар талқылаулары көрсетті.
Семинарға қатысушылар тарапынан әйел ұстаздардың ортақ киім үлгісін қалыптастыру, сауат ашу курсының ұстаздарына арналған білім жетілдіру курстарын ұйымдастыру, сауат ашу курстарын ақылы ету, ұстаздарды көтермелеу тетіктерін қалыптастыру, мешіттер мен сауат ашу курстарының кітапханасын оқулықтармен, дін саласындағы өзекті әдебиеттермен, соның ішінде ханафи мазхабының көрнекті өкілдерінің шығармаларымен толықтыру жөнінде ұсыныстар жасалды. Қазақ халқының руханиятқа қызмет еткен, мешіт-медресе салдырған әйел азаматтары, рухани қайраткер, әулие ретінде танылған өнегелі әйел тұлғалары жөнінде танымдық жинақтар құрастырып, зерттеулер жүргізу қажеттігін де қатысушылар назарға салып өтті.
Сонымен қатар, мен сауат ашу курсының әйел ұстаздары «мұсылман» деген ұғымды тек мешіт жамағатына қатысты қолдану белең алып бара жатқанын атап көрсетті. Олардың мәлімдеуінше, қазір мешітке келушілер сырт адамдар туралы сөз бола қалса, «мұсылман ба, мұсылман емес пе?» деп сұрауды үрдіске айналдырған. Яғни бес уақыт намаз оқымайтын ерлер мен әйелдер, орамал тақпайтын әйелдер жамағат түсінігінде – мұсылман емес. «Радикалдану үдерісі мешіт жамағатынан басталмас үшін «мұсылман» ұғымы жөнінде ҚМДБ тарапынан ресми ұстаным шығарылып қана қоймай, әрбір уағызда айтылып отыруы қажет» деген ұсыныс білдірді семинарға қатысушылар.
ҚМДБ құрылымдарындағы сауат ашу курстарында білім алатын шәкірттер арасында тәжірибелі ересек тұрғындар – бұрынғы педагогтар, мемлекеттік қызметкерлер, кәсіпкерлер мен үлгілі отбасын құрған көп балалы аналар бар. Олардың әлеуетін қоғамдық шаралар мен ақпараттық-түсіндіру топтарының жұмыстарына толық пайдалану мүмкіндіктерін қарастыру қажеттігі де шара барысында айқындалды.
Атап айту қажет, семинарға арнайы шақырылған «Әмина», «Алаш-аманат», «Жанашыр», «Ғаламат» қоғамдық бірлестіктерінің жетекшілері де барлық талқылауларға белсене атсалысып, өз тәжірибелерін ортаға салып отырды.
− Ал «Қыз Жібек» клубының дөңгелек үстелі қандай нәтижелі ойларға табан тіреді?
− Мұнда да белсенді бастамалар аз болған жоқ.Қазақстан өңірлерінде құрылған «Қыз Жібек» клубтарының құрылу тарихына, қызметіне қатысты фото және бейнематериалдар мұрағатын жасақтау, клубтардың ортақ таңбасын, әнұранын, киім үлгісін, басылымын және ғаламтор ресурсын қалыптастыру, республика бойынша бірыңғай әдістермен жұмыс жүргізу үшін әдістемелік құрал жасақтау, тәжірибе алмасу барысында айқындалған бірқатар ықпалды, маңызды іс-шараларды барлық өңірлерде қатар жүргізу жөнінде ұсыныстар айтылды. Ықпалды шаралар қатарында клуб мүшелері «Жас отбасылар сайысын» ұйымдастыру, клуб негізінде қыз ұзату салтанаттарын өткізу, барлық өңірлердегі Наурыз тойына клуб мүшелерін белсене араластыру, «Бір кітап» акциясы бойынша клуб мүшелерінің бір мезгілде бір көркем әдебиетті оқып, талқылауын және кітап авторымен кездесуін ұйымдастыру, өнегелі әрі белсенді қыздардың ата-аналарына алғыс хат жолдау үрдісін дәстүрге айналдыру секілді шараларды атап көрсетті.
Дөңгелек үстел барысында клуб жұмысын ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия назарына ұсыну, қаржылық мүмкіндіктерді белсенді түрде тарту үшін қоғамдық бірлестік нысанында жұмыс жүргізу мүмкіндіктерін қарастыру, 2016 жылғы клуб жұмысының басты бағыттары ретінде қыздарды отбасылық өмірге тәрбиелеу мен жат ағымдар ықпалынан сақтандыру шараларын белгілеу ұсынылды.
Жат діни дәстүрлерден туындаған Хэллоуин, Валентин мерекесі секілді шараларға балама ретінде ұлттық үрдістерді жаңғыртып, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу күні», «Ғашықтар күні» секілді жаңадан қалыптаса бастаған мерекелерді насихаттау, клуб жұмысына оралман азаматтарды көптеп тарту, жастар аудиториясына бағдарланған жұмыстарды жүргізу кезінде солтүстік өңірлерге көбірек көңіл бөліп, жастарды ұлттық рухани құндылықтармен кеңірек таныстыру, клуб жұмысын өзге ұлт өкілдері арасында насихаттау мәселелері де «Қыз Жібек» клубының мүшелері назарынан тыс қалмады.
− Ендігі кезекте семинар шешімдерін жүзеге асыру шаралары тұр. Ол қалай жүргізілмек?
− «Бір кітаптың аяғы – бір кітаптың басы-дүр» деген нақыл бар Шығыста. Біз үшін де бір шараның аяғы бір шараның басы болып саналады.
Семинар өткен күннің ертеңіне біздерҚазақстан әйелдері қоғамдық бірлестіктерінің қауымдастығын құру шаруаларына кірісіп те кеттік. Қазір Жұмыс тобының мүшелері Қауымдастықты құру жөніндегі хаттама мен Қауымдастық жарғысын әзірлеп, топ мүшелеріне және өңірлердегі белсенді өкілдерге танысып, ұсыныстар беру үшін жолдады. Жарғы қолдау тауып, хаттама бекітілгеннен кейін Қауымдастықты тіркеу жұмыстары жүргізілмек.
Қауымдастық ресми тіркелгеннен кейін 2016 жылғы қаңтар айында әрбір облыстан белсенді өкілдерді шақырып, жұмысты ұйымдастыру және жүргізу мәселелері бойынша алғашқы талқылау жиынын өткізуді көздеп отырмыз. Жалпы болашақ іс-шаралар семинар тұжырымдамасында көзделгендей ағарту-түсіндіру, кеңес беру және әлеуметтендіру, рухани-өнегелік тәрбие беру бағыттарын қамтымақ.
Діни және дінтанулық бағыттағы ағарту-түсіндіру жұмыстарымен, радикалды ағымдар ықпалына түскен тұлғаларды дәстүрлі көзқарасқа қайтару шараларымен өкілдер мен ұстаздар осы қауымдастық аясында орталықтанған түрде айналысады. Болашақта облыстық орталық мешіттердегі білікті әйел ұстаздар ұжымы мен жергілікті қоғамдық бірлестіктер әлеуеті негізінде кеңес беру орталықтарын қалыптастырмақ ниетіміз бар. Ал рухани-өнегелік тәрбие беру бағытында бұған дейін де қызмет атқарып келген өзге қоғамдық қорлармен, мұсылман әйелдері бірлестіктерімен қатар «Қыз Жібек» клубтары да Қауымдастық аясында қызмет атқарады деп күтілуде.
Қауымдастық жұмысы жолға қойылғаннан кейін жұмыс бағыттарына қатысты әдістемелік құрал әзірлеп, аймақтарда көшпелі семинарлар өткізу көзделуде. 2016 жылдан бастап Қауымдастық әйелдер мәселелеріне қатысты рухани бағыттағы республикалық деңгейдегі маңызды шараларды, оқыту семинарларын, Қазақстан мұсылман әйелдерінің форумын өткізу мақсатында жан-жақты жұмыстар жүргізуге күш салмақ.
− Шын мәнінде, үлкен істер енді басталғалы тұр екен. Ендеше, руханият мүддесі жолындағы еңбектеріңізге толағай табыстар тілейміз!
Сұхбаттасқан Шарафат РЫСБАЙҚЫЗЫ