− Айнұр Әбдірәсілқызы! Құрбан айт құтты болсын!
− Айтсын, жақсылығы бірге болсын! Көргенді елдің ұрпағы екеніңізді көрсетіп, дұрыс құттықтау айта білгеніңізге рахмет.
Әдетте айт мерекесі жақындасымен «Айт қабыл болсын!» деген құттықтаулар көбейеді. Содан бірнеше күн бойы: «Айт» дегеніміз арабша «мереке» деген сөз. «Мереке қабыл болсын» делінбейді, «мереке құтты болсын» делінеді. «Қабыл болсын» дегенді ниет, дұға, тілекке қатысты айтады. Сондықтан «айт құтты, ниет қабыл болсын!» деген жөн» деп үлкен-кішіге жар салып жүруге тура келеді. Дегенмен, шүкіршілік, сөз мәнісін түсініп, дұрыс қолданатындар бұрынғымен салыстырғанда көбейе бастағандай көрінеді.
− Тіл мен діннің арақатынасына байланысты бұған дейін де біраз мәселелер көтерген едіңіз. Солардың кейбіріне назар аударудың орайы келіп тұрған тәрізді…
− Иә, дін мәселесін тілден оқшаулап алып, бөлек қарастыру мүмкін емес. Өйткені тіл – мәдениеттің жемісі. Тіл жоғалса – ұғымдар жоғалады, ұғымдармен бірге құндылықтар күйрейді, құндылықтармен қоса мәдениет те жоғалады. Рухани мәдениет тілсіз жасалмайды да, жасамайды да.
Тілдің қолданысының кемуі дәстүрлі рухани құндылықтар қолданысының кемуіне алып келеді. Рухани құндылықтар кем қолданылған сайын әлсірейді, жұтайды, ақырында ұмыт болады. Ешбір қоғам өкілін өз ұлтының рухани құндылықтарынан тыс жат құндылықтар толыққанды тұлға ретінде қалыптастыра алмайды. Сондықтан да тіл – тұлға санасын қалыптастырушы фактор.
Рухани ұғымдар, соның ішінде діни ұғымдар ана тілінің дархан құшағы аясында қалыптасып, дамиды, санаға сіңеді, болмысқа бекиді. Әрбір рухани ұғымды өзімен байланысты мың-сан ұғымдар толықтырып, кемеліне келтіріп, тіпті керек кезінде қия бастырмай, тізгіндеп ұстайды.
Осы айтылғандарды рухани ұғымдарымыздың төресі «иман» ұғымы арқылы дәйектеуге тырысалық. Ескерте кетейін, бұл аз әңгіме болмайды, сондықтан сіз маған тиянақтаушы сауалдар қойып отыруға тырысыңыз.
− Түсінікті, ендеше бірден мына мәселеге ден қойсақ. Таяуда сіз «Әзірет Сұлтан» мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қызметкерлеріне «Матуриди ақидасының қазақ дүниетанымындағы орны» тақырыбында қызғылықты дәріс оқыдыңыз. Сол дәрісте «иман» ұғымының қазақы қолданысына жан-жақты тоқталған едіңіз. Әңгімені осы тұстан бастаған орайлы тәрізді…
− Солай-ақ болсын. Ол дәрістің иманға қатысты бөлігінде біз имам Матуриди қалыптастырған ақидалық көзқарастардағы қағидаттарды халқымыздың қалай қабылдағанына, қандай ұғымдар арқылы дүниетанымында орнықтырғанына тоқталған едік. Бұл жөнінде біздің арнайы мақаламыз да жарық көрген, дегенмен әңгіме тақырыбын аша түсетіндіктен оның кей тұстарын қайта назарға салу артықтық етпейді.
Алдымен атап өтелік, исламдағы сенім негіздерін тұжырымдаған қос ғұлама имам Матуриди мен имам Әшғаридың ақидадағы көзқарастарында бірқатар ерекшеліктер болғаны белгілі. Әрқайсысының өзіндік дәлелдері, сүйенген шариғи негіздері бар. Иманға қатысты Имам Матуриди «иман көбеймейді де, азаймайды да» десе, имам Әшғари «иманның азаюы да, көбеюі де мүмкін» деп пайымдайды.
Ал қазақы қисынға келсек, ұлтымызда «иманды» және «имансыз» деген ұғымдар бар. Ал «иманы аз» немесе «иманы көп» деген ұғым қазақта жоқ. Яғни қазақ үшін иман не бар, не жоқ, ол көбеймейді де, азаймайды да. «Иманы көбейіп қалыпты» немесе «иманы азайған екен» деп сөйлемейді қазақ. Есесіне «иманы күшті», «иманы берік», «діні берік» («дәті берік»), «діні қатты», «иманы әлсіз» деген ұғымдар кездеседі. Осы ұғымдардың кеңінен қолданылуы қазақтың имам Матуриди ақидасына негіз болған «иман кемімейді де артпайды да, оның күшеюі немесе әлсіреуі мүмкін» деген қағидадан ауытқымағанын дәлелдейді.
Қазақ зиялыларының бәрі сусындаған, сілтеме жасаған ХVІІ ғасыр ғалымы Сопы Аллаярдың «Сабатул ажизин» кітабында да: «Йақын білгілки, иман болмағай кәм, Ерур бірдек, зияда болмағай һәм» деп, иманның кемімейтіні де артпайтыны, оның біртұтас екендігі айқын көрсетілген. «Уа гар на болмас иман зайид-у кам (артық не кем), Ақида бұлдұр, ей, фәрзәнди Адам!» деп, иманның көбеймейтіні және азаймайтыны адамзат баласына ортақ ақида негіздерінің бірінен екені баяндалған.
− Ендігі кезекте «иман мен ислам бір» қағидаты тұрған тәрізді…
−Иә, имам Матуриди «иман мен ислам бір» десе, имам Әшғари «иман мен ислам екі басқа нәрсе, ислам сеніммен бойұсыну болса, иман – сенімін амалмен дәлелдеу» деп тұжырымдаған.
Ал қазақтың «иманды» деген ұғымына назар аударсақ, оның имам Матуриди ақидасының аясында қалыптасқан ұғым екеніне көзіміз жетеді.«Иманды» деп қазақ жүректегі берік сеніміне қоса терең адамгершілік қасиетке ие, ізгі мінез-құлықты жанды ғана атаған. «Жүзінен иманы төгілген» деп жүректегі жылуы жүзінен танылатын нұр келбетті жандарға сүйсінген. Мұндайда ол адамның бес уақыт намазын оқитын-оқымайтыны, басқа мұсылманшылық парыздарын өтейтін-өтемейтіні, яғни сенімін амалмен дәлелдейтін-дәлелдемейтіні негізгі өлшем болып саналмайды. Қазақ қашанда жүректегі иманды басты орынға қойған, ішкі сенімі берік, ниеті түзу адамның мұсылмандығына шүбә келтірмеген. «Сырт тазасы не керек, Тазарт әуел ішіңді» деп, риякерліктен тыйған.
«Сыртқа қасиет бітпейді, Алла Тағала қарайтұғын қалыбыңа (жүрегіңе), боямасыз ықыласыңа бітеді» деген Абай ақын да осы қисынмен пайымдаған. Ал бес уақыт намазын қаза етпегенімен, өз нәпсісіне ие бола алмаған адамды көрсе, қазақ оны «имансыз» деп айыптаған. Бұл мұсылманшылық парыздардың ұлтымыз үшін маңызы кем болған дегенді білдірмейді. Атамыз қазақ алдымен сырт пен іштің бірлігін пір тұтқан, «иман» ұғымының жан тазалығынан бастау алуын қамдаған, көркем мінез-құлықтарды кемелдендіру үшін келген Пайғамбарымыздың ар тазалығына негізделген имани іліміне адал болған. Содан кейін барып ниет пен амалдың бірлігін өсиет еткен.
Мұсылманшылықтың абзалы жүректегі иманның дүние тіршілігінде көрініс табуында екендігін жақсы түсінгендіктен Шалкиіз жырау:
Жығылғанды тұрғызсаң,
Жылағанды уатсаң,
Қисайғанды түзетсең,
Тәңірінің үйі бәйтолла,
Сұлтан ием, қарсы алдыңда жасапты,
деп, би Темірді қажылық сапарынан тоқтатты.
Мекке менен Медине жолдың ұшы,
Алыс сапар дейді ғой барған кісі.
Атаң менен анаңды құрметтесең,
Мекке болып табылар үйдің іші,
деген Шал ақын да сол жүректегі иман мен риясыз көңіл ілімін жалғады.
Дін мұсылман баласы
Адамдықтан жерімес,
Тіл мұсылман, қарашы,
Арамдықтан шегінбес,
деген Үмбетей жырау мен:
Мұсылманшылық кімде жоқ,
Тілде бар да, ділде жоқ,
деп назаланған Әбубәкір Кердері қазақтың болмысына біткен жүректегі иманын жоқтады. Иман мен исламды ажыратып қарамаған қазақ өз танымын осылай өрнектеді.
Ал өзіне дейінгі рухани ілімді сана сүзгісінен өткізген Абай ақын өз «Қарасөздерінде» сырттағы ғибадатты іштегі иманның көлеңкесі дей келіп: «Иман екеу емес, біреу» тұжырымдаған. Абай ұстаз тұтқан Сопы Аллаяр еңбегінде: «Ерур бір мағнада иман-у ислам, Мұны білсә керәк һәр хас, һәр ғам» деп, иман мен исламның мағынасы бір екендігі, оны әрбір адамның да, барша халықтың да білуі қажеттігі айтылады.
Міне, кешегі қазақтың «иман» ұғымы жөніндегі дәстүрлі түсінігі мен қолданыстары осындай болатын. Тек қазақ халқы ғана емес, исі Орталық Азия мұсылмандары «иман» дегенде ең алдымен жүрекке бекіген сенімді, сол сеніммен тәрбиеленген көркем мінез-құлықты, сол мінез-құлықтың жемісі болған, отан мен отбасын береке-бірлікке ұйытқан ізгі амалдарды түсінетін.
− Ал бүгін ше?
− Дәстүрлі түсінікті біреу біліп, біреу білмейтін халге жеттік.Өкінішке орай, бүгінгі буынның шетін көзқарасқа еліткен бір бөлігі «иман» десе сенімін сыртқы амалмен – бес уақыт намазбен дәлелдеуді ғана түсінеді. Жүректегі иман, көркем мінез-құлық, ізгі амал – иманның негізгі көріністері екенін ұмытқан жастар намаз оқымағаны үшін ғана ата-анасын «кәпір» санап, шариғат заңымен басқарылмағаны үшін ғана діни сенім бостандығын қамтамасыз зайырлы мемлекетті кәпірге шығаруда. «Кәпірстаннан ислам мемлекетіне хижра жасадық» деп алданып, жат жұртқа ауа көшіп, «шәһид боламыз» деп шатасып, құдай жаратқан жанына қол салып, мезгілсіз, мәнсіз қазаға ұшырауда. Бір ғана «иман» ұғымының дәстүрлі түсініктен ауытқуы қаншама зардапты салдарларға соқтырып отыр!
Жаңа буынның өз ұлтының дәстүрлі рухани құндылықтарынан сусындамауы жаттың ілімін өнеге тұтуына алып келді. Ұлттың сан ғасырлық рухани ілімдері мен мұрасы тәрк етілді, «алдыңғы жақсы артқы жасқа тәлім айта алмай» (М.Әуезов), ұрпақтар сабақтастығы үзілді. «Өз аулыңда әулие жоқтың» кері келіп, шетелден шайх іздеп, шабылу басталды. Нәтижесі жоғарыдағыдай – ай-күннің аманында адасқан жастардың өтеусіз құрбандығы мен орны толмас өкініші.
− Иә, бұл бүкіл ұлттың өкінішіне айналып отыр десек, артық айтпағанымыз болар. Жоғарыда айтылған әңгімелерді бекіте түсетін бір сауал: имам Матуридидың ақидалық көзқарастарын имам Ағзам Әбу Ханифаның еңбектеріндегі пайымдаулар негіз болған дегенді жиі оқимыз. Демек, иман мен исламның бірлігі мәселесі мазхабымыздың негізін қалаған ғұламаның да еңбектерінде көрініс тапқаны ғой?
− Әрине. «Кім Алланы және одан түсірілгендерді тілмен де, жүрекпен де мойындаса, онда ол Алланың алдында да, адамдар үшін де мұсылман» деген тұжырым Әбу Ханифаның «әл-Ъалим уәл-Мутаъаллим» еңбегінде айтылады. Осы кітабында ғұлама иманның амалдан жоғары екеніне көптеген дәлелдер келтірген. Мысалы, Құрандағы: «Иман келтірген құлдарыма айт: Намазды толық орындасын!» («Ибраһим» сүресі, 31-аят), «Әй, мүминдер! Сендерге қысас (есе қайтару) парыз етілді» («Бақара» сүресі, 178-аят), «Әй, мүминдер! Алланы өте көп зікір етіңдер!» («Ахзаб» сүресі, 41-аят) деген аяттарды келтіре отырып, имам Ағзам: «Егер осы діни парыздардың барлығы иманмен тепе-тең болатұғын болса, онда олар тек солардың барлығын орындағанда ғана мұсылман боп есептелер еді. Алайда аса жоғары Алла иман мен амалдың ара-жігін ажыратып көрсетті» деп тұжырымдаған.
Сонымен қатар «…иман келтіріп, ізгі іс істегендер» («Аср» сүресі, 2-аят) және «Ал кім мүмин болған түрде ақыретті қалап, сол үшін тырысса» («Исра» сүресі, 19-аят) деген аяттарды келтіре отырып, имам Ағзам мынадай пайымдаулар жасаған: «Міне, осылайша Алла Тағала иманды амалдардан артық етіп бекітті. Мүминдерді құлшылық етуге, зекет төлеуге, ораза тұтуға, қажылықты өтеуге ұмтылдыратын, Аллаға иман келтіруге шақыратын зекет, ораза немесе қажылық амалдары емес, керісінше, олардың имандары болып табылады. Бұл – осылай, өйткені олар алдымен иман келтірді, содан кейін амалдарды орындауға көшті. Аллаға деген сенім оларды діни парыздарды орындауға жұмылдырды, ал керісінше (болған жоқ), діни парыздар Аллаға деген иманды олардың жүректеріне қондырған жоқ».
Міне, осындай тұжырымдар Әбу Ханифа имам Ағзамның иман мен амалдың бөлектігін айқын дәлелдегенін аңғартады.
− Шынында да сенімді дереккөздің орны қашанда бөлек. Осы сұхбаттың өн бойына тіл мен діннің бірлігі тақырыбынан туындаған рухани ұғымдар мәселесі арқау болды. Тақырыпты қалай түйіндер едіңіз?
− Әңгіменің түйіні мынада: Қоғам – біртұтас жүйе, оның бір тетігі дұрыс жұмыс істемесе, ақаулық бүкіл жүйеге әсер етеді. Ана тіліміздің белсенді қолданылмауы көптеген ұғымдардың ұмыт болып, құндылықтардың құнсыздануына алып келді. Бұл өз кезегінде бірқатар рухани дерттердің туындауына алғышарт болды. Ондай дерттердің, соның ішінде радикалды ағымдар идеологиясына арбалудың ұлттық тәрбиеден алыстап қалған орыс тілді қаракөздеріміздің арасында көбірек екенін де ешкім жоққа шығара алмайды. Ертерек ес жиып, етек жаппасақ, ертеңгі күннен бұдан тәуірірек нәтижені күту тағы қиын.
Дін мәселесін тіл мәселесінен бөлек қарастырмау керек. Тілді тірілтсек, дәстүрлі рухани құндылықтарды тірілтеміз. Дәстүрлі құндылықтар ұлттық болмысты, ұлттық мінезді тірілтеді. Қазақ өз мінезіне оралса, ешқашан шетін діни көзқарастарға бой алдырмас еді. Себебі қазақ – мәмілегер (толерантты) халық, оның табиғи болмысында шетін көзқарасқа бейімділік жоқ.
Бүгінгі күнге керек азықты бұрынғы күннен табамыз. Ата-бабамыз мың жыл бойы қалыптастырған құндылықтар алдағы буынның мың жыл рухани азығы болуға жарайды.
Айта берсек, әңгіме көп, сондықтан дәл осы тақырып төңірегінде ізін суытпай келер апталарда тағы бір сұхбат құрудың реті келетін тәрізді. Ал әзірге осымен оқырманды шаршатпайық дегім келеді.
− Әңгімеңізге рахмет!
Арнайы «E-islam» порталы үшін