− Иә, әңгіменің ізін суытпай аяқталмаған ойларды жалғастырған жөн болар.Бұл жолы мен дін мен тіл тақырыбына діни әдебиеттердің аудармасы төңірегіндегі мәселелер арқылы назар аударғанды жөн көрер едім. Өйткені баршаға аян, қазір біз рухани қазынамызды аударма әдебиеттер арқылы толықтыруға көбірек бейімбіз. Әрине, әлемдік діни әдебиетті, соның ішінде жаңа тарих кезеңінде жазылған үздік туындыларды, дін мәселелеріне қатысты зерттеулерді отандық оқырманға таныстыруда бұл үдерістің маңызы ерекше.
Дегенмен осыдан туындайтын екі түрлі мәселе назардан тыс қалып барады. Бірі – аударма дүниелердің кейбірінің сапасы сын көтермейтіндігі. Екіншісі – біздің аудармашылдығымыздың ана тіліміздің көне қалыбында жазылған дүниелерді қазіргі қазақ тіліне көшіруге келгенде ақсап қалып жататыны.
− Cөзіңіз аузыңызда, діни әдебиеттер қай тілдерден көбірек аударылуда?
− Ислами еңбектердің елеулі бөлігі түрік тілінен, бірқатары өзбекшеден, енді бір бөлігі арабшадан аударылуда. Ішінара басқа тілдерден аударылатындары да кездеседі. Ал өзге діндерге қатысты әдебиеттердің үлкен бөлігі орысшадан, бірқатары ағылшыншадан аударылады. Сонымен қатар олардың арасында діни еңбектердің түпнұсқа тілінен аударылатындары да бар.
− Сапа туралы сөзді жалғасақ…
− Біздің алдымызға дінтану сараптамасына мыңдаған кітаптар келеді. Алысқа бармай-ақ солардан мысал келтірейін. Дін саласына қатысты кітаптардың қай тілден аударылғаны сөз саптауынан-ақ көрініп тұрады. Жақында түрікшеден аударылған бір кітаптың тіліне түсінбей сарсаң болдық. Стильдік қатеден аяқ алып жүргісіз, сөйлемдер дұрыс құрылмаған, ой аяқталмаған, қазақ тіліне жат сөз тіркестері қалай болса солай қолданылған. Мысалы: «Мүминнің рухына нақыш болады», «қате жолдарға жолданбайды», «қатарлардан үйренілген», «әсем түсінген», «қиямет шақырушы», «тәблиғ етуші», «үсуәтүн хасәнә» секілді қай тілде екені белгісіз сөздермен жалғасып кете береді. Діни ұғымдар, жер-су аттары, жалқы есімдер қазақ тіліне аударылмай, түрік тіліндегі айтылу мәнерімен берілген әрі қате жазылған.
Мұндай сапасыз әрі ұғынықсыз дүниелер діни мазмұндағы әдебиеттің сапасы мен сенімділігін төмендеткені былай тұрсын, оқырманды сарсаң етеді. Түсінгісі келген оқырман еріксіз санасымен қоса тілін бұрмалап, сол кітапқа бейімделуге мәжбүр болады. Сөйте-сөйте қатарымыздан есті, ойлы, талғамды оқырман жоғалады. Сана иілгіш емес, сергек болуы қажет. Көрінгеннің қалыбына құйыла берсе, елдік санадан не қалады?
Ал енді жақында «Он бір айдың сұлтаны – Рамазан» деген кітап сараптамаға келді. Авторы айды аспанға бір-ақ шығарып, рамазанды он екі айдың емес, он бір айдың сұлтаны деп санауды жөн көріпті. Сонда ғасырлар бойы «Сұлтаны он екі айдың – Рамазан» деп жырлап келген қазақ айналдырған он екі айды дұрыстап санай алмағаны ма?! Бір топтың ішінен біреуді сұлтан деп таныр болсаң, оны сыртына қойып есептемейсің ғой. Өз ішінен шықпаса, ол солардың сұлтаны болып қалай саналмақ! Осылайша қарапайым қазақы қисыны жоқ адамдар да қазақша кітап жазып немесе аударып, өзін ешкімнен кем сезінбей жүріп жатыр. Иә, тілінің мүкістігін, ойының қисынсыздығын, сөйлеу мәдениетінің жоқтығын кемшілік деп санамай, соған еті үйренген, қалыпты жағдай деп ұғынған тұтастай буын қалыптасып келеді! «Тіл – тұғыр, дін – діңгек» деген керемет теңеулер айтамыз. Ал соны сезінгеніміз қайсы?» дегің келеді осындайда…
− Иә, ойландырарлық мәселе екені даусыз. Ал басқа діндердің аударма әдебиеттерінің сапасы қаншалық?
− Ащы да болса ашығын айту керек, Қазақстан үшін дәстүрлі емес діндер өкілдерінің аударма еңбектері анағұрлым сапалы. Өйткені дәстүрлі емес діндер насихатшылары өз сенімін кеңінен таратудың басты құралы діни әдебиеттер болып табылатынын жақсы біледі. Сондықтан олар үшін аударманың сапалы, мәтіннің түсінікті болуы ерекше маңызды. Үлкен қаржының үлкен мүмкіндіктер туғызатыны тағы бар.
Мұндай әдебиеттердің аударма мәселелеріне басқа қырынан келген жөн. Дәстүрлі емес діндер әдебиеттерін қазақшаға аударушылар ислами терминдерді өз мәтіндерінде тігісін жатқыза қолданып, жөпшенді оқырманды қай діннің кітабын оқып отырғанын ажырата алмайтын жағдайға жеткізіп қояды. Мысалы, христиандық әдебиеттегі «Бог» сөзін − «Алла Тағала», «Хақ Тағала», «община» сөзін − «жамағат», «развод» сөзін − «талақ», «кидар» сөзін − «сәлде», «благочестие» сөзін − «имандылық», «благодарение» сөзін − «шүкіршілік ету», «аминь» сөзін «әумин» деп аударған мәтінді оқысаңыз, қандай сезімде болар едіңіз? Сөз жоқ, исламның шариғи терминдері қолданылып, имани құндылықтары дәріптелген еңбекті қолға ұстап отырғаныңызға күмәнданбас едіңіз. Міне, ай-күннің аманында қарапайым оқырманды қарадай шатастыру осылай жүріп жатыр. Тілі мен діні басқа болса да, дәстүрлі емес діни бірлестіктер уағыздарының жергілікті халыққа әсерлі болуының негізгі тетіктерінің бірі − осында. «Өзім ақсақ едім, ит қапқан соң не сорым» деп қазақ осындайда айтқан болар…
− Осы арада оқырманның да білгісі келетін бір сауал көкейге келіп тұр: осындай аудармаларға сараптама жасалғанда оң қорытынды беріле бере ме?
− Дінтану сараптамасының негізгі мақсаты аударманың сапасын тексеру емес. Бірақ аударма сапасы немесе әдісі кері салдарлар тудырып жатса, ол әрине, есепке алынады. Алдыңғы жағдайда (сапасыз аударылған ислами әдебиеттерді айтып отырмыз) діни әдебиет мазмұнының дұрыс жеткізілмеуіне себеп болғаны ескертіліп, сапасы мен сенімділігі төмен аударманы дайындаушыларға негізгі кемшіліктер көрсетілген хабарлама жолданады. Мұндайда көбіне-көп аудармашылар (немесе баспалар) жіберілген қателіктерін дұрыстап, кітапты қайта сараптауға ұсынып жатады.
Ал екінші жағдайда Қазақстан үшін дәстүрлі болып табылмайтын діндердің терминдік қолданыстарын дәстүрлі діни ұғымдарымен аударып, рухани ұғымдарды прозелитистік мақсатта қасақана бұрмалағаны ескертіліп, еңбектер аудармашыға қайтарылады. Тиісті түзетулер енгізілген жағдайда мұндай кітаптарды да қайта сараптауға жолдауға болады.
− Діни еңбектер аудармасының түйткілдері біз күткендегіден көбірек тәрізді…
− Иә, тағы бір айта кететін мәселе – аудармаға кәсіби көзбен қарамау да елеулі зардапқа соқтырады. Аударма екінің бірі ермек ететін жеңіл-желпі кәсіп емес, ол − өнер. Сөз өнерінің соқталы бір саласы. Оның да өзіндік теориясы мен тәжірибесі қалыптасқан. Аударманы түрлері мен әдіс-тәсілдеріне қарай тікелей аударма, сатылай аударма, жолма-жол аударма, сөзбе-сөз (әріпқойлық) аударма, еркін (шығармашылық) аударма, көркем аударма, транспозициялық аударма, т.б. деп жіктеу қалыптасқан.
Өкінішке қарай, біздің көптеген аудармашыларымыз аударма теориясы мен тәжірибесінен мүлде хабарсыз халде тіл білгеніне ғана сүйене отырып, діни мәтінді аударуға кірісіп кетеді. Ең қиыны сол кейбір аудармашылардың діннен де хабары аздау болып, «жығылған үстіне жұдырықтың» кері келіп жатады. Нәтижесінде қандай әдіске сүйеніп, қай түрдегі аударманы жасап шыққанын өзі пайымдай бермейтін аудармашылар қалыптасуда.
Мәселен, сеніміне сын жоқ болса да, «күпіршілік» ұғымын білдіретін сөзді «кәпір» ұғымымен аударып, ойламаған жерден тәкпіршіліктің терминін қолданып кеткенін өздері де аңғармай қалатын аудармашылар шыға бастады.
Енді бір аудармашылар түпнұсқадағы тұрақты сөз тіркесін қазақшаға сөзбе-сөз аударып, қазақы дүниетанымға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын тіркес жасап, тілге – қиянат, өзіне ұят келтіреді.
Кей аудармашылар өз еңбегінің сатылай аударма екенін ұмытып кетіп, шығармашылық әдіспен қалауынша көсіліп кеткенде, түпнұсқа мәтіннен алшақтап кететіні соншалық, марқұм авторлар тіріліп келсе, өз еңбегін өзі танымай қалатын жағдайға жеткізіп барып тоқтайды.
Осы жерде айта кету керек, сатылай аударма, яғни бір тілдегі еңбекті өзге бір тілдегі аудармасынан аудару – мамандар тапшылығы кезінде ғана өзін ақтайтын үдеріс. Ал тіл мамандары мен дін біліктілері қалыптасып қалған қазіргі кезеңде күрделі де күрмеулі дін саласындағы еңбектерді өзге тіл арқылы сатылай аударудан тартынған жөн. Сатылай аударма кезінде түпнұсқа мәтіннің мазмұны едәуір өзгеріп қана қоймай, рухы да жоғалуы ықтимал. Ол заңды да: Араб тіліндегі ұғымды түрік аудармашысы тек өз тілінің сөздік қоры шеңберінде, мүмкіндіктері аясында ғана аударып, балама сөздермен береді. Оны қазақ аудармашысы тек түрікше баламасына сүйене отырып, өз тіліне икемдеп, ары қарай түрлендіреді. Сөйтіп, аударма түпнұсқадан барынша алшақтай түседі. Мұндайда екі тілдегі аудармашы да тіл мен діннің жетік маманы болған жағдайда ғана сатылай аударманың түпнұсқаға жақын болу мүмкіндігі жоғары болмақ. Немесе сатылай аударып отырған маман өзі сүйенген аударманы түпнұсқа мәтінмен салыстырып тексеру мүмкіндігіне ие болуы тиіс. Осы екі шарттың бірі сақталмаған жағдайда аудармадан толымды нәтиже күту қиын.
− Бір мысал…
− Классикалық туындылар аудармасынан имам Ғазали еңбегіне тоқталайық. Ғазалидің «Әййуһәл-уәләд» («Ей, балам!», «Шәкіртке хат» деген аттармен аударылған) атты кітабының қазақ тілінде сатылай аударма түріндегі екі нұсқасы бар. Бірі – өзбекшеден аударылған марқұм Тұрсынәлі Айнабековтің, екіншісі − орысшадан аударылған «Ұлы мұра» қайырымдылық қорының аудармасы. Екі нұсқадағы мәтіннің мына бір тұсына назар аударсақ, екі түрлі мағынада аударылғанын аңғарамыз:
Бірінші аударма мәтіні: «Үгіт-насихат айтуда өте ықтият болмақтың екінші жағы: насихаттың мақсаты − мәжіліс қауымын таңқаларлықтай, олардың ынта-ықыласын аударып, «Ой, қандай ұлық аталы сөздерден насихат айтылды!» дейтіндей дәрежеде сөйленіп, тыңдағандар жағасын ұстап, мейір-махаббатын асырып, өзіңе қарай бетін аудара білу керек. Өйткені олардың бәрі риякерлікке жақын».
Екінші аудармада былай делінеді: «Уағыз айтарда халық сенің алдыңда жылайтындай немесе толқып, өз киімдерін өздері жыртып, «Неткен күшті уағыз!» деп айтатындай дәрежеге алып келме. Өйткені мұның барлығы − дүниеге бейімдеу».
Көріп отырғанымыздай, екі аударманың мағынасы бір-біріне қарама-қарсы болып шыққан. Атап айту қажет, бұл жерде айып қазақ тіліндегі аудармашыларда емес. Әр аудармашы өзі сүйенген аудармаға адалдық танытқан, дегенмен өзбек және орыс тіліндегі аудармалардың екеуі екі түрлі мағынада болып шыққан. Араб тіліндегі мәтінмен салыстырып қарасақ, орыс тіліндегі аударманың түпнұсқаға жақын екенін, сондықтан оған сүйенген қазақша аударманың да сәттірек шыққанын аңғаруға болады. Тағы бір ерекшелігі, орыс тіліндегі мәтіннің жанында араб тіліндегі нұсқа толығымен келтірілген, бұл аудармашының түпнұсқамен салыстыра отырып аударуына септігін тигізген.
Осы тектес олқылықтар діни мәтін аудармаларында едәуір жиі кездеседі. Бұл жоғарыдағы сатылай аудармадан тартыну немесе мұндай әдіспен аударған жағдайда түпнұсқамен салыстыру қажеттігі жөніндегі ойымызды құптайды.
Ал түпнұсқа тілінен тікелей жасалған аудармалардың ішінде сапалы, толымды дүниелер аз емес. С.Ибадуллаев, З.Оразбай, А.Махат, Ж.Сандыбаев, Р.Батталұлының, тағы басқа исламтанушы-аудармашылардың осындай еңбектері қазынамызды молайтып отырғанын атап айтуға болады.
− Құран Кәрім де қазақ тіліне аударылуда. Олардың сапасы қандай? «Құран Кәрім ешқандай тілге аударылмайды. Құранның мағынасын түсіну үшін оның аудармасын оқымау керек. Аударманы оқыған кісі Алла Тағаланың айтқандарын емес, аудармашының өзінше түсіндіргісі келгенін үйренеді» деген пікірді ұстанатындар да баршылық. Шынында да Құранның аудармасына тыйым салынған ба?
− Бұл жөніндегі сөз басқарақ. Құран Кәрімді қазақ тіліне аудару сынды аса жауапкершілікті және күрделі іске кім көрінген қол ұра бермейді. Маман адамдар айналысқан соң және жоғары жауапкершілікпен қарағандықтан, Құран аудармаларының сапасы өзге діни әдебиеттермен салыстырғанда оқ бойы озық тұрады. Дегенмен Құранның бүгінге дейін жарық көріп үлгерген жиырмаға жуық қазақша аудармасының әрбірінің өз ерекшеліктері, жетістіктерімен қатар кемшін тұстары да баршылық. Кей аудармалар әдеби тілге бейім болса, кейбірінің нақтылығы басым. Қалай болғанда да қазақ оқырманының Құран Кәрімнің мағынасымен танысып, ислам қайнарынан сусындауына аталған аудармалар үлкен септігін тигізіп отыр.
Осы жерде Құранды басқа тілдерге аудару-аудармау төңірегіндегі сіз атап өткен мәселеге келсек, бірнеше ерекшеліктерді назарға алған жөн. Адам қолымен жазылған кез келген туынды еңбектің өзін басқа тілге сөзбе-сөз аударған жағдайда мағынасын толық беру мүмкін болып табылмайды. Ал Құран Кәрім секілді аяндар мәтінінің кемел мазмұнын сөзбе-сөз жеткізу тіпті мүмкін емес. Бірақ Құранды үйрену барлық мұсылмандар үшін парыз. Олардың арасында араб емес ұлттардың үлес салмағы басым. Ал араб тілін үйреніп, Құранды түпнұсқадан оқуға барлық адамның мүмкіндігі жете бермейтіні әмбеге аян. Сондықтан ғасырлар бойы Құранның мағыналық аудармалары жасалып келе жатыр және бұған еш жерде тыйым салынбаған.
Әрине, мағыналық аударма да түпнұсқаның толық мағынасын береді деу қиын, оның үстіне аударма барысында араб тіліне тән әуезділік те жоғалады. Дей тұрсақ та, Құранның мағынасын түсіндірудің аударма мен тәпсірден өзге жолы жоқ екені де мәлім.
Құран аудармасы – Құранның өзі болып саналмайды, сондықтан ғибадат барысында – намазда, Құран бағыштауда, қажылық рәсімдерінде Құранның аудармасы қолданылмайды. «Құранды аударуға болмайды» деген жаңсақ түсінік осы ғибадат рәсімдерінде Құран мәтінінің арабша түпнұсқасында оқылатындығын дұрыс түсінбеуден қалыптасқан болса керек.
Хижраның 127 жылынан бастап Құран бербер, парсы, үнді, түрік, латын тілдеріне аударыла бастаған, дамыған орта ғасырларда француз, ағылшын, неміс тілдеріне тәржімаланды. Жаңа тарих кезеңінде (соңғы үш ғасырда) Құран аудармалары қазақ, орыс, урду, малай, бенгал, жапон, т.б. тілдерде жарық көрген. Құран аудармашыларының бірі, исламтанушы ғалым Халифа Алтай Түркияда жарық көрген «Құран Кәрім аудармаларының дүниежүзілік библиографиясы» атты еңбекте «1515-1980 жылдар аралығында Құран 60 тілге 2668 рет аударылған» деген дерек келтірілгенін жазады.
Қазақ тіліндегі тәржімаларға келсек, оның ғылымға мәлім тарихы 1912 жылғы Мұса Бегейұлының қолжазба аудармасынан басталады. Бірақ бұл аударма жарық көріп үлгермеген, ол туралы тек мәлімет сақталған. Шығыс Түркістандық қандасымыз Ақыт Үлімжіұлы жасаған екінші Құран аудармасы 1939 жылдары қытай отарлаушылары тарапынан жойылып кеткен. 1960-70 жылдар аралығында жерлес ғұламамыз Сәдуақас Ғылмани Құранның алғашқы үш тарауын қазақшаға аударған, ол әзірге ғалым отбасының мұрағатында сақтаулы.
1988 жылы отандық авторлар Н.Өсерұлы мен Ж.Истаев Құранды қазақшаға аударуды аяқтаған, дегенмен бұл аудармалар 1993 жылдары кешеңдеу жарияланды. 1989 жылы араб графикасымен жазылған Құранның қазақ тіліндегі аудармасы Түркияда Халифа Алтай тарапынан жарық көрді. 1990 жылы осындай араб графикасымен жазылған Құранның қазақша кезекті аудармасы Пекинде Ғазез Ақытұлы мен Мақаш Ақытұлының дайындауымен баспадан шықты. 1991 жылы Халифа Алтай жасаған қазақ тіліндегі аударма кирилл әріптерімен Сауд Арабиясында көптеп басылып, отандық оқырманның игілігіне айналды.
1991 жылы Р.Нысанбайұлы мен У.Қыдырхановтың Құран аудармасы жарияланса, 2006 жылы Ә.Смановтың, 2006-2010 жылдары мағыналық аударма мен тәпсірді қоса қамтыған З.Оразбайдың, 2012 жылы С.Бекенқызының, 2013 жылы А.Ахмет, С.Андарбайдың, сонымен қатар Е.Мұқатай, М.Шыңғыс қажының аудармалары жарық көрді.
Айта кету қажет, Е.Мұқатай, М.Шыңғыс қажы жасаған аударма Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан ең толымды аударма ретінде құпталып, қазір көптеп таратылуда.
− Бір сұхбатқа еркін жететін өзекті мәселелер қамтылған тәрізді. Байқауымша, ана тіліміздің көне қалыбында жазылған дүниелерді қазіргі қазақ тіліне көшіру жөніндегі ой-толғамдарды кезекті әңгіме арқауына қалдыратын тәріздіміз.
− Солай-ақ болсын.
− Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Асхат РАЙҚҰЛ