– Шариғатта «Алла тағаланың разылығы ата-ананың разылығында, Алла тағаланың ашуы ата-ананың наразылығында. Балалары ата-анасын қаншалықты әлпештеп сыйласа, олардың ғұмыры да соншалықты ұзақ болмақ» – дейді. Бұл тұжырымға қалай қарайсыз?
– Мұның барлығы адам өмірінің өнегесінен – өмірлік тәжірибеден туындаған тұжырымдар. «Адам – қартайғанда бір бала» деп қазақ бекер айтпаған. Жас кезінде адамның алаңы көп болады. Тұрмыс тауқыметі, түздегі жұмыс секілді әртүрлі қам-қарекетпен жүргендіктен, санасы сан саққа бөлініп, көп нәрсені көңіліне ала бермейді.
Ал адам қартайғанда отбасынан, балаларынан, немере-шөберелерінен өзге қызығы да, қам-қайғысы да қалмайды. Сондықтан олардың әрбір ісі, әрбір сөзі ата-ананың назарында тұрады, қатты айтса көңіліне алып, жақсы айтса, медеу тұтып отырады. Бұрынғыдай қажыр-қайраты, белсенділігі қалмаған қарт адам қолынан келері аз болған соң, қамкөңіл келеді, көбірек мейірімді қажет етеді.
Адам өмірінің ұзақтығы көңілмен өлшенеді. «Ата-анаң (екеуі немесе біреуі) жаныңда қартайса, оларға «түһ» деп айтпа» (яғни «кейістік білдірме»). Ол екеуіне мейірім құшағын жай да: «Иә Раббым! Олардың мені кішкентайымнан тәрбиелеп өсіргеніндей сен де оларды рахымыңа бөле» деп дұға ет!» деген Пайғамбарымыздың хадисі бар. Ендеше адамның қартайғанда қорғансыз халге түсетінін түсініп, балалары кейістік білдірмей, ата-анасын алақанына сала білсе, ол да бір кездегі ата-ананың еңбегінің жемісі және перзенттердің иман байлығының тереңдігі деп бағалауға болады.
– Бүгінгі біздің қоғамда балалардың ата-анаға деген сыйластығы көңілден шыға бермейді. Бұл жөнінде қандай ой қосасыз?
– Ата-анаға деген сыйластықтың кемдігін жас буынның құрметсіздігі деп біржақты бағалауға болмайды. Адам «ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетінін» де ұмытпауымыз керек.
Біздің бала кезімізде, ұмытпасам, 2-3 сыныптың біріндегі «Ана тілі» оқулығында бір мысал әңгіме бар болатын. Келіні мен баласы қартайған аталарына шыны аяқпен ас бермей, оңаша отырғызып, ағаш аяқпен ас береді екен. Шыны аяқ қолына тисе, қолы дірілдеп, сындырып алады деген ойлары болса керек. Бір күні олардың кішкене ұлы ағаштан ыдыс жасап отырады. «Не істеп отырсың?» деп сұраса, баласы: «Итаяқ жонып отырмын. Қартайғанда сендерге осы ыдысқа тамақ құйып беремін» дейді…
Сол мысалда айтылғандай, адам жасында қандай тәрбие берсе, қартайғанда соның нәтижесін көреді. «Сәлеміне қарай жауабы» деп бекер айтылмаған ғой. Ата-анаға деген сыйластықтың кемшін болуы біздің үлкен-кіші замандастарымыздың да, өзіміздің де айыбымыз деп білген жөн. «Бала тәрбиесі бесіктен» болған соң, тәрбие мәселесіне әрбіріміздің жауапты екенімізді сезінуіміз қажет.
– «Жақсылықты алдымен кімге жасау керек?» дегенде, Пайғамбарымыз с.ғ.с. үш рет «анаңа» деп, төртінші рет сұрағанда «әкеңе жаса» деген екен, мұны қалай түсіндіресіз? Асқар таудай әкелеріміз жайында да пікір қоса отырсаңыз.
– Пайғамбарымыздың сүннетімен алдымен ана туралы айталық. Сәбиін тән азабымен де, жан азабымен де дүниеге келтіретін және тәрбиелейтін ана еңбегін ешбір нәрсемен салыстыру мүмкін емес. «Ана баланы тоғыз ай құрсағында, үш жыл қолында, өмір бойы жүрегінде көтеріп жүреді» деген сөз тегін айтылмаған. Бұл жөнінде адамзат жаралғалы бері аз айтылып келе жатқан жоқ. «Жұмақ аналардың аяғының астында» деген хадис те ананың қайталанбас қадірінің кемел бағасы болып табылады.
Ал қазіргі қоғамда мен ер азаматтардың беделін көтеруге көбірек көңіл бөлінуі керек дер едім. Өтпелі кезеңнің сын-тегеуріндері салдарынан ерлердің қадір-қасиетінің төмендеуі, әкелер тәрбиесінің кемшіндігі орны толмас рухани зардаптарға соқтыруы мүмкін. Мектептерде білім және тәрбие беретін ер-азаматтар санының күрт азайғандығы жиі айтылып жүр. Мұның өзі ұл балалар психологиясының қалыптасуына кері әсер етуде. Әке тәрбиесін дұрыс алмаған, «әкең келе жатыр» деген ескертуді естіп өспеген бүгінгі бала буын ертең ел басына келеді. Ертеңгі ұлттың уығы берік, шаңырағы биік болсын десек, бұл мәселеге қазірден көңіл бөлуіміз керек.
– Жасыратыны жоқ, соңғы кездері әйелінің қас-қабағына қараймын деп, ата-анасын қарттар үйіне тастап жүргендер баршылық. Бұл нені көрсетеді, ұлдың жасықтығы ма, әлде келіннің ақылсыздығы ма?
– Ислам қағидаларында айтылғандай, адамның Алла тағаладан кейінгі қасиеттісі – ата-анасы. Ал біздің қазақ көз алдында жүрген ата-анасын ғана емес, өмірден әлдеқашан өтіп кеткен жеті атасының, одан арғы ата-бабаларының әруақтарына дейін қастер тұтады. Соларға арнап құран бағыштап, солардың разылығын іздеп отырады. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деп санайды. Осының өзі қазақтың иман дүниесінің қаншалықты тереңде жатқандығын аңғартады, яғни, тек ата-анаға қатысты емес, одан да жоғары тұрған ата-бабаларға қатысты үлкен парыздарды өтеуге ден қойғанын аңдатады.
Ата-анасын қарттар үйіне қалдыру ұлдың жасықтығы мен келіннің ақылсыздығына қоса екеуінің де тәжірибесіздігі мен иманының кемдігінен деп білген жөн. Бұған жоғарыда айтылған рухани тәрбиенің кемшіндігін қоса ескерсек, жауапкершіліктің бір ұшы тағы да өзімізге, әрбірімізге тіреледі. Біз кінәлауға немесе ақыл айтуға емес, тәрбиелеуге асығуымыз қажет. Ал тәрбие дегеннің отыра қалып құрғақ ақыл айту арқылы емес, өз жүріс-тұрысың арқылы берілетінін ұмытпауға тиіспіз.
– Қоғамымызда кейбір ата-аналардың ішкілік ішу дерті бар, оның зардабын бірінші кезекте балалары тартып отыр. Ішкілікке салынған ата-аналарына наразы болып жүрген балаларға не айтар едіңіз?
– Әр адам – өз заманының, өз қоғамының перзенті. Адамға ең алдымен адам ретінде қарау керек. Ата-ана болудан бұрын ол ең алдымен – адам, жеке тұлға. Оның да өз тағдыры мен өз қам-қайғысы бар. Ішкілікке салынған сәттері – ол адамның тағдырдың үлкен сындарын көтере алмай, күйреген кездері шығар. Бірақ, сол кезең мәңгі жалғаса береді деп үміт үзудің керегі жоқ. Алла тағала көңіліне ақыл салған күні ол да салауатты өмірге қайта оралар. Перзенттің ата-анасына қай кезде де түсіністікпен қарағаны жөн. Адам баласы барлық нәрсеге құқығым бар деп ойламауы керек. Адамның иман дүниесімен шектелген құқықтары болады. Ата-анасын жек көруге ешкімнің құқығы жоқ. Ата-анаға әр уақытта кешірім бар.
Екіншіден, өмірдің бәрін сүріп болғандай, ата-ананың қылығы үшін өз ертеңінен күдер үзудің ешбір жөні жоқ. Және барлық мәселені ата-ананың тәрбиесімен байланыстырып, үзілді-кесілді шектеп қоюға да болмайды. ХІ ғасырда жазылған Гилан шахтың «Қабус-намасында»: «Сен балаңа тәрбие бермесең де, ол ай мен күннен тәрбие алып өсе береді» деген өнегелі сөз бар. Яғни баланың тәрбиесіне тіпті жансыз табиғат та әсер етеді. Өскен ортасы, бауырлары, туған-туыстары, көршілері, тіпті, ауыл-аймағы – бәрі-бәрінің ықпалы зор. Сондықтан ата-ананың кемшіліктері салдарынан ғана адам өміріне үлкен нұқсан келді деп алдағы өмірді торлаған тұман ретінде елестетіп қажеті жоқ. Бұл сайып келгенде, өзін-өзі тәрбиелеуден және жауапкершіліктен қашу деген сөз. Мұндайда өмір тәжірибесі аз балаларға айналасындағы аға буын өкілдерінің көмек қолын созғаны жөн.
– Намазға жығылмаған немесе орысша сөйлейтін ата-әженің немересін тәрбиелегенін қаламайтындар да бар, осы мәселеге сіздің көзқарасыңыз қандай?
– Бұл жерде бір нәрсені ескеру керек. Қай тілді немесе қай дінді ұстанатын адам болсын, ол бірінші кезекте немересі үшін – ата мен әже. Қандай жағдайда болмасын, баланы ата-әжесінің қызығынан айыруға болмайды. Өйткені өмірлік тәжірибесі мол, ұрпақ қадірін білетін ата-әженің немереге ықыласы ерекше болады. Күйбең тіршілікпен алданып жүріп, әке-шешесі бере алмаған мейірімді балаға ата-әжесі береді. «Ата-анаң аман болса, жарты байлығың» деген бар, сол секілді ата-анаңның әке-шешесі көз алдыңда жүрсе, ол – ен байлықтың өзі. Немере болып еркелей алу да көп адамға бұйыра бермейтін бақыттың бірі. Дәл қазір біздің қоғамымызда сол ата-әжелер институтының тәрбиесі жетіспейді.
Ал адамның имандылығы тек намаз оқу-оқымауымен өлшенбейді. Сенім мен ғибадаттың маңызын ешкім жоққа шығармайды, дегенмен «иманды» деген ұғымды қазақ ең алдымен адамгершілік қасиеттері ересен адамға қатысты қолданған. Намазға жығылмағанымен ол адамның жан дүниесінде рухани құндылықтар тұнып тұрған болуы мүмкін. Кімнің иман дүниесі қай уақытта кемелденетіні бір Аллаға аян. Сондықтан рухани мәселелерді тар таныммен кесіп-пішпеген жөн.
– Бүгінгі жастарымызға қандай тілек айтар едіңіз?
– Алдымыздағы аға буынға: «Сіздер алдыңғы жақсы болып, артқы жасқа тәлім айтып кеткен армансыз буынсыздар. Арттарыңызда аманатқа адал, ұлт рухының темірқазығы болар кейінгі толқын бар» дер едім.
Өз буынымның өкілдеріне айтарым: Біз өтпелі кезеңге тұспа-тұс келіп, жақсы мен жаманды, озық пен тозықты ерте көріп есейген буынбыз. Біздің буынның алдыңғыдан ала білген, соңғыға бере білетін нәрсесі көп. Біз білгенімізді жоғалтпай, алдыңғылардың аманатын кейінгілерге тапсыруымыз керек.
Ал өзімізден кейінгі өндірдей жастарға: «Сіздердің буындарыңыз – бақытты буын. Өйткені, алдарында ағалыққа жарайтын аға буын өкілдері бар, ала білсе, берері мол қазыналы қарттарыңыз да көп. Өмірде оқып, білген бір басқа, көкірегіне тоқыған жандардан көре білген бір басқа. Сол қайталанбас қазыналарыңыздың қадіріне жетіңіздер» дер едім.
Қазақтың ел ұстар азаматтарына айтарым: Мемлекет ең алдымен адам факторын басты орынға шығаруы қажет. Өзінің мемлекетке керек екенін әрбір азамат сезінген жағдайда ғана әлеуметтік дерттер азаяды. «Мемлекеттің ең басты құндылығы – адам және оның құқықтары» деген абзал қағида сөз жүзінде қалып қоймауы тиіс.
– Әңгімеңізге рахмет!
E-islam.kz