Arman-PV баспасының бас редакторы Айгүл Бекболатова Франкфурттағы кітап көрмесі туралы ойларын бөлісті, деп хабарлайды Egemen.kz.
– Айгүл ханым, Франкфурт кітап көрмесі көптеген ел үшін әдеби байланыс орнатуға мүмкіндік беретін әлемдік алаң саналады. Сіз үшін осы көрмеге қатысудың негізгі мәні мен маңызы неде болды?
– Франкфурт кітап көрмесіне қатысуымыз – бұл Arman-PV баспасы үшін ғана емес, жалпы еліміз үшін де мәдениет пен руханият саласындағы маңызды қадам. Әлемнің әр бұрышынан жиналған зиялы қауымға Қазақстанның әдеби мұрасы мен рухани байлығын паш ету – біздің баспамыз үшін үлкен мәртебе. Бұрын әр баспа өз алдына көрмеге қатысса, биылғы жылы ҚР-ның Мәдениет және ақпарат министрлігі бізге тұтас платформа жасап, үлкен қолдау көрсетті. Бұл павильон отандық әдебиетті жаһандық деңгейде көрсетуге ерекше мүмкіндік сыйлап, ұлттық құндылықтарымызды жан-жақты танытуға жол ашты. Көрменің ұйымдастырылуында Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы маңызды рөл атқарды. Arman-PV және басқа да жетекші баспалар, атап айтқанда, Алматыкітап, Атамұра, Steppe&World, Мектеп, Көкжиек-Горизонт баспалары бір павильон аясында біртұтас құрылым ретінде жұмыс істеп, Қазақстанның рухани мұрасын әлемдік сахнаға шығаруға атсалысты.
Франкфурт көрмесінде қандай тақырыптар көтерілді, сіз үшін қайсысы ерекше маңызды болды?
– Биылғы Франкфурт кітап көрмесіне 4,300-ден астам баспа мен ұйымдар 100-ге жуық елден жиналып, өз жұмыстарын таныстырды. Бұл шарада тұрақты даму, цифрлық технологиялар, мәдени алмасу және жасанды интеллекттің қоғамға әсері сияқты өзекті мәселелер талқыланды. Жаһандық климаттың өзгеруі мен демократиялық құндылықтарды қолдау сынды маңызды бағыттарға ерекше назар аударылды.
Көрме барысында кітаптардың білім мен ақпарат көзі ғана емес, сонымен қатар қоғам алдындағы жаһандық жауапкершілік пен болашаққа ықпал ету құралы екені айқындалды. Әртүрлі тақырыптық бағыттардағы пікірталастар, кездесулер, мәдени байланыстар бізді жаңа идеялар мен жобаларды іске асыруға шабыттандырды. Осы талқылаулардың нәтижелері біздің оқу материалдары мен басылымдарға инновациялық көзқараспен қарауымызды және оларды жетілдіруге деген ынтамызды арттырды.
– Білуімше, Arman-PV баспасы ұзақ жылдар бойы оқу әдебиетін шығарумен айналысып келеді. Неге интерактивті және танымдық кітаптарға қызығушылық таныттыңыздар, толығырақ айтып бере аласыз ба?
– Біз 22 жылдан бері оқулықтар шығару ісімен айналысып келеміз. Осы уақыт аралығында еліміздің білім беру саласында сапалы оқу құралдарын ұсыну біздің басты мақсатымызға айналды. Дегенмен, заман талабына сай алға жылжу және оқыту үдерісін қызықты әрі интерактивті ету қажеттілігін сезіндік. Сондықтан жаңа форматтар мен әдістерді іздеп, дамыта беруді көздейміз.
Өткен жылы Франкфурттағы кітап көрмесінде біз италиялық Nui Nui баспасымен таныстық, бұл кездесу біздің жұмысымызға жаңа бағыт әкелді. Бірлесе отырып, көне өркениеттер жайлы поп-ап және 3D кітаптар жасадық, сонымен қатар Қазақстанның мәдениеті мен тарихына арналған дәл осындай жобаларды іске асыруға кірістік. Бұл кітаптар оқушыларды визуалды әрі қызықты форматта білім алуға ынталандырады.
Сондай-ақ көрмеде біз интерактивті аудиокітаптарымызды – «Ағылшын тілін оңай үйренеміз», «Учим английский легко», «Учим казахский легко» кітаптарын таныстырдық. Бұл кітаптар жас оқырмандарымызға тілді оңай, әрі тиімді меңгеруге көмектеседі. Сонымен қатар, Қазақстан мәдениетін насихаттайтын «Абай» энциклопедиясы, «Ғарыш құпиялары» сынды үш тілде жарық көрген балалар кітаптары Еуропадағы отандастарымыздың ерекше қызығушылығына ие болды. Мұның барлығы біздің еліміздің мәдени мұрасын сақтап, оны әлемге танытуға қосқан үлесіміз деп санаймын.
– Көрме барысында жаңа серіктестер таптыңыздар ма, және осы серіктестіктер Arman-PV баспасының болашағы мен дамуына қандай ықпал етуі мүмкін?
– Көрменің біз үшін ең үлкен жетістіктерінің бірі – Қытайдың балаларға арналған білім беру әдебиетін шығарумен айналысатын Beijiao Children Joy Education & Technology компаниясымен келіссөздер бастауымыз болды. Бұл серіктестік бізге шетел нарығында да, өз елімізде де жоғары сұранысқа ие бірегей оқу материалдарын жасауға мүмкіндік бермек.
Arman-PV баспасы үшін мұндай халықаралық байланыстардың болуы – біздің мақсатымызға жету жолындағы үлкен қадам. Біздің оқырмандарымыз сапалы, заманауи және интерактивті оқу құралдарына қол жеткізуі тиіс. Осы жобалар аясында біз оқу процесін тартымды, оқушыларға қолайлы форматта жеткізуді көздейміз. Бұл біздің еліміздегі оқырмандарымыз үшін ғана емес, жалпы білім беру саласына қосқан үлесіміз деп санаймын.
Бұл сапарымыз барысында Қазақстанның Майндағы Франкфурт қаласының Консулдығында Қазақстанның Бас консулы Таубалды Үмбетбаев мырзамен кездесу өтті. Бізге ерекше қонақжайлылық көрсетілді. Консулдықта өткен кездесуде баспамыздың жетістіктері мен алдағы жоспарларымыз туралы пікір алмасып, шет елде жүріп, өзімізді туған елде жүргендей сезіндік. Сонымен қатар, Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының төрағасы Әділ Қойтанов, Жазушылар Одағының төрағасы Мереке Кұлкенов, жазушы-ғалым Оразалы Сәбден сынды тұлғалармен пікір алмасу мүмкіндігіне ие болдық. Осы қолдау біз үшін алдағы жолда үлкен сенім мен шабыт берді.
– Arman-PV баспасы мен отандық кітап басу саласының алдағы жоспарлары қандай стратегиялық бағыттарды қамтиды, және халықаралық көрмелерден алынған тәжірибе мен жаңа серіктестіктердің елдің білім беру және мәдениет саласына тигізетін ықпалы қандай болуы мүмкін?
– Әлгінде айтқанымдай, біз 22 жыл бойы оқулықтарды шығару ісінде сапаға ерекше көңіл бөліп келеміз және бұл бағыттағы жұмысымызды одан әрі жалғастырамыз. Еліміздің әрбір өңіріндегі оқушыға сапалы, түсінікті, заманауи оқулықтар ұсыну – біздің басты мақсатымыз. Қазіргі уақытта халықаралық серіктестіктермен жұмыс жасап, қазақ оқырмандарына жаңа білім беру тәсілдерін таныстыруды көздейміз. Бұл көрмеден үйренгенімізді кітаптарымызда ғана емес, жалпы білім беру үдерісіне енгізуге тырысамыз.
Arman-PV баспасының мақсаты – Қазақстан оқырмандарына әлемдік деңгейде мойындалған сапалы әдебиетті жеткізу, оқыту мен тәрбиелеу үдерісін жаңарту және мәдени мұраларымызды сақтау. Мұндай халықаралық көрмелерге қатысу біздің тәжірибемізді байытып, жаңа серпін береді.
Шыңғыс МҰҚАЕВ