Сұрақ: Дінде мұсылман ғалым әйелдері болған ба?
Жауап: Ислам тарихында көптеген тақуа, ғалым, әулие әйелдер болған. Солардың бірі – Хасанқызы Нафиса ханым. Ол кісі хадисші әрі муфаккиһ ғалым еді. 762 жылы Меккеде Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) немересі Хасанның әулетінен шыққан. Дәлірек айтқанда Хасанның ұлы Зәйдтің Хасан деген баласынан туады.
Имам Жағфар Садықтың ұлы Исхақ Мутаминге күйеуге тиіп, Мысырға көшеді. Сөйтіп Мысырдағы ең мәшһүр хадисші болған, тіпті имам Шафиғи де оның алдында отырып, төрт жыл бойына дәріс алған. Ол дәл сол жерде өзінің іргелі шығармаларын жазып, мәзһабын жаңадан реттеген болатын.
Нафиса ханым бес жасында әкесімен еріп Мәдинаға барады. Мұнда Құранды жатқа үйреніп, фиқһты меңгерді. Сол кездің өзінде Құранға тәпсір айтқан.
Ғалым ханым өзінің әділдігі және тақуалығымен танылды. Күндіз ораза ұстап, түнде құлшылығын үзбеген жан. Оның кеңесі мен батасын алу үшін адамдар елдің түкпір-түкпірінен келетін болған.
Пайғамбар (с.ғ.с.) әулетінің біліміне мұрагер болған Нафиса ханымды халық жақсы көріп, абыройлы есімдерімен атаған. Мысалы, «Нафиса әл-илм уә әл-мағрифа» (Білім иесі және Алланы таныған Нафиса); Нафиса ат-Тахира (Тазалық ханымы Нафиса), Нафиса әл-Абида (Аллаға құлдық ұрған Нафиса), Нафиса ад-Дарайн (Екі дүниелік Нафиса), Сахиба әл-Карамат (Керемет иесі), Сайида әһл әл-Фәтуа (Пәтуа берушілердің ханшайымы), Нафиса әл-Мисриин (Мысырлықтардың ханымы Нафиса) және т.б.
Нафиса ханым Мысыр елінде заманының ғалымдарын жинап фиқһ, хадис, тәпсір мәселелері бойынша кездесулер өткізіп отырған.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ