МҰХАММЕД ӘЛИДІҢ ҚЫСҚАША ӨМІР ЖОЛЫ
Мұхаммед Әлидің жастық шағы АҚШ елінде ақ пен қара түсті адамдардың арасындағы теңсіздік, нәсілшілдік кесірі белең алған дәуір еді. Ол қоғамдағы қара нәсілділерге қарсы әрекеттерді күн сайын көріп, өзіне: «Неге қара түсті адамдарға көп шектеу бар? Неге біз ақ түсті адамдар секілді тең дәреже де емеспіз?» деген секілді сұрақтар қоя бастады. Расымен де, Әли 18 жасында АҚШ-тың ауыр салмақтағы қара түсті спортсмені атанды.
Әли жас та болса АҚШ-тағы адамдар арасындағы әділетсіздіктің тамырына балта шабудың жолдарын қарастыра бастайды. Ол өзінің әлемге танымал екенін әрі оның даусын көпшілік тыңдайды деген ниетпен босктағы карьерасын одан әрі шыңдай түседі.
Осыған байланысты Әли өз сөзінде: «Мен жеңіс үшін рингке шықпайтынмын. Менің рингке шыққан кезде бір ғана мақсатым болды. Ол халықтың алдына шығып атақты болу әрі сол атақтықты пайдаланып өз сөзімді, көзқарасымды халыққа тыңдату еді» деген.
Шындығында да, Әлидің дауысы көпке жетіп оның АҚШ-тағы әділетсіздік туралы көзқарасы көптің назарын аудартты. Сол уақытта христиан діні мүшелері шіркеуге қара нәсілділерді кіргізбейтіні Әлидың жанына қатты бататын. Нәтижесінде, адамдар арасында теңдік қағидасын ұстанатын ислам дінімен танысып өзінің өмірлік іздегеніне қол жеткізеді.
МҰХАММЕД ӘЛИДІҢ ИСЛАМ ДІНІН ҚАБЫЛДАУЫ
Мұхаммед Әли 20 жас шамасында 1960 жылы Рим қаласында өткен олимпиадада жеңіске жетіп, американдықтардың сүйіктісіне айналды. Содан ол ақ пен қара түсті адамдар арасындағы әділдікті іздеп АҚШ-тағы «ислам ұлты» деген афроамерикандық ұйымның мүшесіне кіреді.
Бір ай бойы ислам дінін жіті зерттеп 1965 жылы Мұхаммед Әли өзін ислам дінін қабылдағаны туралы ресми жариялайды. Оның бұл әрекетіне достары қарсы болып, АҚШ-тың БАҚ беттері бұл туралы жарыса жазады.
Дегенмен, Мұхаммед Әли ешкімнің пікірін тыңдамастан адамдарды ақ пен қара деп бөлмейтін ислам дінінің әділдік қағидасына риза болып, өз шешімінен таймайды. Мұсылман болғаннан кейін Әли өзінің бойын түзеп, рухани жағынан қарапайым тұлға ретінде өзін тәрбиелей бастайды.
Әли үшін ислам діні өмірдің мәні саналды. Ол ислам туралы былай деген: «Қораз таң ертең жарық түскенде ғана айқайлайтыны секілді менің де өміріме жарық сәулесі түсті».
1967 жылы Вьетнамда басталған соғыстан кейін АҚШ әскери құрамына Әлиді шақырады. Бірақ, Әли ешқандай адам баласына қару алып жүгірмейтінін алға тартып, үкіметке өзін діни миссионер деп жариялайды. Әлидің мұндай қадамынан кейін Нью-Йорк Атлетикалық комиссиясы Әлидің әлем чемпионы деген лицензиясы мен атағын алып қояды. Осыдан кейін АҚШ үкіметі Әлиді афроамерикандық ұлтшыл, нәсілшіл деп қабылдады.
Ал, Әли бұл жайында: «Ислам менің кеудеме жаңа өмір шырағын жақты. Менің әр жеңісімде Құдай менімен болды. Құдайдың көмегінсіз мен ешнәрсе жасай алмас едім» деп өзінің ақиқат көзқарасын айтты.
Бүгінге дейін Әли АҚШ-тағы ислам институттарының көбеюіне қаржылай ықпал етеді және Чикаго қаласындағы мұсылмандарға «Масжид әл-Фитр» деген мешіт салып береді. Осыған байланысты Әли: «Шынайы ұлы адамдар өзінің ұлылығымен мақтанбайды әрі ұлы болуға тырыспайды. Өйткені, олар ұлылықты адамдарға көмек тесу, мұқтаждың қажетін орындау деп түсінеді» деген.
ӘЛИДІҢ ИСЛАМ ЖАЙЛЫ АЙТҚАН СӨЗДЕРІ
Енді Мұхаммед Әлидің ислам жайлы айтқан сөздеріне зер салайық.
«Мен 20 жыл бұрын исламды қабылдаған мұсылманмын. Сіздер мені боксшы ретінде жақсы танисыздар. Мен бокста көп жетістіктерге жеттім. Егер мен қазіргі әлемді үйрейге салып отырған терроризм қолдаушысы болсам мен мұндай жетістіктерге жетіп даңқым шарықтамас еді. Барлық адам ақиқатқа тану үшін алдымен соған шынайы ықылас таныту керек. Ислам – бейбітшілік діні. Ислам ешбір зорлық-зомбылықты, адам өлтіруді, қолдамайды. Керісінше ол адамдарға жақсылық жасауды дәріптейді.
Мен бүкіл әлем ислам туралы жаман ойлап өз дінімен қара күйе жаққызып құр қол отыра алмаймын. Исламды қаралап жатқан радикалды мұсылмандардың әрекеті менің жанымды ауыртады. Себебі, олардың мұндай теріс әрекеттері Құдайдың өмірлік қағидасына қарама-қайшы. Шынайы мұсылмандар зорлыққа қарсы.
Егер, расымен мұсылмандар терроризмді қолдайтын болса, онда олар исламның негізі ұғымын таптаған болар еді. Өйткені, Құдай террористер тарапында емес, бейбітшілікті, тыныштық сүйетін мұсылмандардың жағында. Сондықтан, біз терроризм ұғымын айтқанда оны исламмен байланыстырмай жеке қарастыруымыз керек.
Терроризмның салдарынан бүгінде адамдар арасында бір-біріне деген жеккөрушілік сипаттары белең алып барады. Біздер үшін қазіргі таңда бір-бірімізді одан әрі жеккөру жақсылыққа апармайды. Керісінше, біз өзара түсінісуді, жақсы қатынаста болуды насихаттауымыз қажет».
Бірде тікелей эфирде бір жас бала Әлиге былай деп сұрақ қояды:
– Бокстан кеткеннен кейін немен айналысасыз?
Сонда Әли:
– Бокстан кеткеннен кейін мен өзімді Алланың алдына баруға дайындаймын. Себебі, Алла үшін менің атақты болғаным, даңқым шыққаны, кәсіпқой боксшы болғаным бір тиынға қажет емес. Аллаға менің ішкі дүнием, айналамдағы адамдарға көрсеткен көмегім, істеген жақсы амалдарым керек.
Мен ертең тозақ отына түсіп кетемін бе деп қорықамын. Сондықтан жәннәттан үміт етіп мен соған бару үшін дайындық жасауым қажет.
Аллаға сенуші адам Оның алдына бару үшін бәрін жасау керек. Өйткені, ертең есеп күні бұл өмірде істеген амалдарым алдымнан шығады. Сондықтан, не істесеңде Алланың сені көріп тұрғанын ұмытпау керек, – деген еді.
Осылайша, Әли әлемде мыңдаған мұсылмандардың сүйіктісіне айналып АҚШ-тағы көптеген афроамерикандық тұрғындардың ислам дініне келуіне септігін тигізген тұлға болатын.
Ол 30 жыл бойы паркинсон деген дертпен күресіп нәтижесінде өкпесінде тынысы тарылып 2016 жылы 4-ші маусымда 75 жасында өмірден озды.
Қаралы жағдайға байланысты танымал боксшы Майк Тайсон өз парақшасында: «Құдай өз чемпионын алып кетті. Қош бол, ұлы чемпион!» деп көңіл білдірген еді.