Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Еңбекқорлық біздің негізгі құндылығымыз болуы қажет. Оны ұлт сипатын айқындайтын асыл қасиетке айналдыруға тиіспіз» деп адал еңбектің басты құндылық екеніне ерекше назар аударғаны белгілі.
Халқымыздың ұмыт бола бастаған қaзaқ кәciпшiлiгiн қайта жандандыруда ұрпаққа өнеге ретінде салт-дәстүрлер мен қолөнерді сақтап, зергерлерді, суретшілерді және ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласында елеулі жетістікке жеткен қарапайым еңбек адамдарын дәріптеу өте өзекті болып отыр.
Осыған орай, «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ «Кәсіби шеберлерді таны» жобасы аясында ауыл шаруашылық, кәсіпкерлік саласында қажырлы еңбектің арқасында жетістікке жеткен және қарапайым еңбек адамдарын дәріптеуде ұмыт бола бастаған дәcтүpлi қaзaқ кәciпшiлiгiн жандандырып, қоғамға пайдасын тигізген азаматтар туралы мақалалар жариялайды.
Денсаулыққа пайдалы арнайы ортопедиялық білікшелер (валик) әзірлеп, өзіне ұнайтын кәсіп ретінде қосымша табыс тауып жүрген жас кәсіпкер, әрі Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы Медициналық oрталығы ауруханасының дәрігер-офтальмологы Айгерім Тұңғышбайқызы Дербісалиева өз ойымен бөлісті.
– Қазір Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы Медициналық oрталығы ауруханасында дәрігер-офтальмолог болып қызмет атқарамын. Сонымен қатар өзіме ұнайтын кәсіп ретінде, денсаулыққа пайдалы арнайы ортопедиялық валиктерді қолдан әзірлеп, сатылымға шығарамын. Немесе оны «чудовалик» деп те атайды. Бұл – жеке кәсібім. Кәсіпті іске асыруда маған жолдасым үнемі қолдау көрсетіп отырады. Отбасымызда үш қыз тәрбиелеп отырмыз, – дейді астаналық Айгерім Дербісалиева.
Ол 2009 жылы Алматы қаласындағы С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Емдеу ісі факультетін бітіріп, кейін Астана медицина университетінде оториноларинголог мамандығы бойынша оқыған және резидентура тәмамдаған.
Айгерім 2016 жылдан бері омыртқаны түзеуге арналған денсаулыққа пайдалы өнім ортопедиялық валиктер әзірлеумен айналысып келе жатқан жас кәсіпкер. Оны жасау – ыждахаттылық пен табанды еңбекті қажет етеді.
– Oмыpтқa – aдaмның қимыл-қoзғaлыcын peттeйтiн мaңызды мүшенiң бiрi eкeнi бeлгiлi. Былaйшa aйтқaндa, oмыpтқa – бүкiл aғзaны ұcтaп тұpaтын өтe мaңызды тipек. Жалпы ересек адамдарда бүкірлік (кифоз) жиі кездеседі. Бүкірлік – омыртқа бағанасының (әдетте кеуде бөлігінің) дөңестеніп қисаюы. Тіпті, бүгінде жас балалардың өзінде мектеп сөмкесінің ауыр болуынан иықтың бүкірлігін де аңғаруға болады. Көп жағдайда осындай дене мүсінін түзеу мүмкін емес деп санайды. Алайда жапондық дәрігер әрі шығыс медицинасы бойынша маман Тошики Фукуцудзидің пікірі басқаша. Ол бүкірліктен құтылуға және кез келген жастағы адамға дұрыс дене мүсінін қалыптастыруға көмектесетін жаттығулар жинағын ойлап тапқан. Фукуцудзи әдісі «Сауығудың жапондық жүйесі» кітабында сипатталған, – дейді Айгерім.
Доктор Фукуцудзи – жиырма жылдан астам тәжірибесі бар жапон дәрігер-гинекологы. Ол көптеген әйелдерде босанғаннан кейін патологиялық жамбас сүйектері ашылатынын және олардың үйрек сияқты ауыр жүретінін байқаған, яғни иығы қисайып, қабырғалары ішке майысатыны анықталған. Бұл жаттығулар дене мүсінін (осанка) көтеріп, ішті тартуға арналады, ал көбінесе оны әлеуметтік желілерде бұл әдістемені арықтауға арналған жаттығулар деп атайды.
Ортопедиялық валик арқылы көптеген жаттығулар жасауға болады. Сондай-ақ, ол балалардың церебралды салдауында, аутизм, омыртқа жарығы (грыжа) басқа да ақауларға көмектеседі. Мысалы, тепе-теңдікті сақтауға, отырып-тұруға, созылу жаттығулары, спастиканы азайтуға, қан айналымын жақсарту мен арқа аяқ-қол бұлшық еттерін нығайтуға жақсы әсерін тигізеді.
– Жапондық дәрігердің әдісі бойынша ортопедиялық валик әзірлеуді нәрестемді босанғаннан кейін, яғни бала күтімімен үйде отырған кездерде қолға алдым. Декреттік демалыстың бастапқы кезеңінде арқа омыртқам ауырған соң арнайы жаттығуларда қолдануға болатын ортопедиялық валик іздей бастадым. Өзім медицина саласының маманы болғандықтан, арнайы жаттығулардың бар екенінен хабардар едім. Бірақ, елімізде сол кезде валиктің сатылымда жоқ екенін білдім, – дейді жас кәсіпкер Айгерім.
Содан бала күтіміне байланысты үйде отырғандықтан валикті өзім жасап көруге бел буып, алғашқысын өзіме арнадым. Ортопедиялық валиктің денсаулығыма пайдасы тигендіктен, «басқаларға да қажет болар» деген оймен суретке түсіріп, Инстаграм әлеуметтік желісі арқылы сатуға шығардым. Осылайша валиктердің сұранысқа ие өнім екенін түсініп, үздіксіз түрде жасай бердім, – дейді ол.
Оның айтуынша, адамдар тапсырыс бере бастаған, бірақ алғашқы жарты жылдың ішінде алған тапсырыстар саны өте аз болған. Кейін оның көлемі жылдам артқан, себебі ол кезде мұндай валиктер елімізде дайындалмаған.
– Қазақстанда бұл өнімді алғашқылардың бірі болып өзім бастап жасағандықтан, бәсекелестер болмады. Сәйкесінше, адамдарда да көп таңдау еркіндігі болмады. Бұл сәт бастаған кәсібім үшін сондай бір сәтті кезең болды десем қателеспеймін, – дейді қуана Айгерім.
Бұл өнімді дайындау үшін қолданатын қажетті заттарды сұрағанымызда:
– Алғашқыда бұл өнімді дайындау үшін тігін машинасы, ал өнімнің өзін әзірлеу үшін синтетикасыз, табиғи шыт маталар керек. Бұл материалдарды арнайы мата сататын дүкеннен және елордамыздың Орталық базарынан аламын, – дейді жас кәсіпкер.
Ортопедялық валиктің ішін толтыратын зат – таза ағаш үгіндісі.
– Оны дайындауға керекті құрал – оқтау. Бұл екеуін де арнайы ағаш өңдеу цехынан тапсырыспен алдыртамыз. Бір көңіл аударатын жайт, осы ағаш үгіндісінің таза өңделген әрі құрғақ болуы өте маңызды! Себебі бұл – өнімді әзірлеу барысындағы маңызды кезең. Сол кезде ғана өнім сапалы боп шығады, – дейді Айгерім Тұңғышбайқызы.
– Бұл өнім жалпы кімге пайдалы?
– Жалпы кез келген жастағы адамға арналған бұл ортопедиялық валикті қолдану барысында онымен жасалатын жаттығудың пайдасы көп. Шын мәнінде, күнделікті бес минуттық жаттығу нәтижесінде барлық омыртқалар өз анатомиялық қалпына келетіні сияқты, іш те тартылып өз қалпына келеді. Омыртқа түзелгендіктен адамның бойы белгілі бір сантиметрге ұзарады. Сонымен қатар үздіксіз пайдалану нәтижесінде қабырғалар түзеліп, тыныс алу жеңілдейді, ентігу жоғалады және ағзада қан айналым дұрысталып, ұйқы жақсарады, – дейді жас кәсіпкер.
– Ортопедиялық валикті дайындаудағы ниетім – жалпы адамзатқа өзімнің бір пайдамды тигізу. Жоғарыда айтқанымдай, алғашқы кезде өз арқа омыртқама пайдалану үшін дайындаған болатынмын. Оның жақсы нәтижесін көргендіктен, пайдасын өзгелермен де бөлісуді жөн санап, бұл өнімді жасауды қолға алдым, – дейді Айгерім.
Сонымен ортопедиялық валикті алып, қаттылау жерге жатамыз. Дәлірек айтқанда, еденге. Валикті орналастырудың екі нұсқасы бар: кіндік тұсы асты белге және жауырын астына. Бірден екі нұсқаны қатарынан пайдалануға болмайды. Мысалы, валикті таңертең жауырын астына, ал кешке белдің астына қоюға болады.
Аяқ-қолдың орналасуы. Аяқтарды сәл ашып, аяқтың бас бармағы бір-біріне түйісіп тұруы қажет. Өкшелер арасындағы қашықтық 20-25 см. Қолды жоғары қарай созамыз. Алақандар төменге (еденге) қарай, ал кішкентай саусақтардың ұшы бір-бірімен тиіп тұрғаны жөн.
Валикке ең ұзақ 5 минут жатқан жөн, одан артық болмайды. Сосын валиктен тұрыңыз: арқадан бір жаққа қарай аунаңыз, осы қалыпта сәл жатып, баяу орныңыздан тұрыңыз.
– Ортопедиялық валиктер 100% табиғи өнімнен және қолдан жасалған. Пішінін өзгертпейді, үйіңіздің немесе кеңсеңіздің бүкіл интерьеріне сай керемет көрінеді. Дизайнын біз ұсынған түс реңктерден таңдауға болады, – дейді Айгерім.
Әңгіме арасында жас кәсіпкерден өнімді нарыққа қалай шығаратыны жайында сұраған едік:
– Алғашқы кезде бұл өнімді нарыққа шығаруды Инстаграм әлеуметтік желісі арқылы сата бастадым. Бірте-бірте экошоптар, Грин колор сияқты органикалық өнімдер сататын сауда дүкендері де клиентіме айналды. Оларға өз өнімімді ұсыну арқылы өзара келісім жасасып, үнемі тапсырыс қабылдап отырамын, – дейді ол.
Кейде арнайы массаж жасайтын кабинеттері бар мамандар да клиенттері үшін тапсырыс береді екен.
Ол бір партиясын сатып болған соң, келесі партиясына тапсырыс беріп отыратынын және сауда дүкендері мен денсаулық саласындағы мамандармен жақсы қарым-қатынаста жұмыс істейтінін алға тартады.
– Соңғы екі жыл ішінде сатылымдардың басым бөлігін «Kaspi магазин» арқылы іске асырып жүрмін. Kaspi платформасына шығарып, Аллаға шүкір өз өнімімді сол жерде ұсыну арқылы сатып, табыс табамын, – дейді жас кәсіпкер.
Айгерімнің айтуынша, кәсіпкерлерге қолдау ретінде ешқандай грант алмаған және талпынып та көрмеген. Себебі бұл өнімді дайындауға қосымша бизнес ретінде қарайды.
– Жоғарыда айтқанымдай, өз мамандығым бойынша медицина орталығында жұмыс істеймін. Сондықтан, әзірге қосымша кәсібім ретінде негізгі жұмыстан бос уақытымда істеп жүрген жұмысымды осы тәртіппен жалғастыра бермекпін. Мүмкін, алдағы уақытта кәсібімді кеңейту нәсіп болып жатса, оны уақыт көрсете жатар, – дейді Айгерім.
Оның айтуынша, еңбектенген адам әрқашан да алға қойған мақсатына жетеді. Ешқандай әрекет етпей, мемлекетке қарап, «маған мемлекет не береді» деп отырудың орнына, «Мен елім үшін не істей аламын?» деген сұрақты көбірек қойып, әрекет етуі керек.
Жастарға айтарым, биік мақсат қойыңдар. Сол кезде үлкен жетістікке жетесіңдер. Еңбектенуден шаршамаңдар, – деп аяқтады сөзін жас кәсіпкер.
Сабина КӘКІМЖАН