Сұрақ: Бір кісі әйеліне үш талақ беріп қойған. Соған қатты өкініп отыр. Қайта қосылуға қандайда бір пәтуа бар ма?
Жауап: Талақ сөзі «босату», «ажырасу» деген мағынаны білдіреді. Ислам шариғатында ерлі-зайыптылық байланысты бұзу деген.
Дәстүрлі Ислам некелі ерлі-зайыптыны бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүрулерін қалайтын дін. Халқымыз «үйлену оңай, үй болу қиын» дегендей әр отбасында келіспеушілік орын алған жағдайда ерлі-зайыптылар бір-бірінің мінезіне сабыр етіп, орын алған келеңсіз оқиғаны ақылмен шешкені абзал.
“Талақ” сөзі Ислам дінінде рұқсат етілгенімен, Алланың ең жек көретін амалының бірі екенін ескерген жөн. Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадисінде: «Алла өзінің рұқсат берген істерінің ішіндегі ең жаман көретіні – талақ» деген. Бұл сөзді орынсыз қолданып күйреп отырған отбасылар жоқ емес.
Талақ берудің өзіндік негізгі шарттары бар. Неке екі жақтың келісімімен немесе бір жақтың сұранысымен бұзылуы мүмкін. Бір мезетте екі немесе үш талақ беру – шариғатта құпталмаған жағымсыз әрекет. Ұрысу мен келеке-мазақ үшін қолданылған сөздерде талақты ниет етпей айтса, талақ түспейді. Талақ сөзін әзілге айландыру – күнә.
“Талақ мәселесінде қандай сөздерді қолданды? Ниеті қандай болды? Талақ айтқан кезде әйел хайыз кезінде болды ма? Талақ сөзінің мағынасын біле ме? Заңды ажырасып қоймады ма?” деген себеп-салдарын талдай отырып пәтуа беріледі. Сіз өзіңіздің тұрғылықты жердегі орталық мешіттегі ҚМДБ-нің пәтуа бөлімінің жетекшілеріне жүгінгеніңіз абзал болады.
Икрам АЙТАЕВ