«Әйелді төрт қабырғаға қамаған дін – ислам діні. Исламнан алдын әйелдер патша болған. Ханымдар, ойланыңыздар! Исламсыз елдер – бақытты елдер! Исламнан арылайық! Балаларыңызды мешіттерге оқуға жібермеңіздер! Өздеріңізді тыңдамайтын, бірбеткей адамға айналады», – деген фейсбуктегі діннен безгендердің пікірі әлеуметтік желіде оқырмандар арасында үлкен дау тудырды.
Осы мәселенің ақ пен қарасын ажырату үшін KAZISLAM порталының тілшісі діни білімі бар мамандардың пікірлерін білді.
Исламтанушы Мұхан Исаханның айтуынша, Исламдағы әйелдің орны мен ролі туралы терең зерттелген шығармалармен көпшілік қауым жете таныс болмағандықтан, Ислам мәдениетінде әйел адамның құқығы тым шектеулі деген жадағай түсінік қалыптаcып қалған.
– Бұндай түсінік қазіргі батыс елдерінің Исламды жаппай қаралауынан туындаған тенденция екені белгілі. Әйтсе де, Ислам дінінде әйел затына үлкен мәртебе берілген. Исламға дейінгі кезеңде арабтарда әйелдің құқығын тым төмен бағалаған. Әсіресе, арабтар қыз балаларды тірідей жерге көметін. Өлтіруге қимағандары қыздарын ұл балдарша киіндіріп, жұрттан жасырып ұстайтын.
Бұлай әйелдің мәртебесін тым төмендететін себебі, қыздар өскенде жезөкшелік жасап, абыройымызға дақ түсіреді деп ойлайтын. Шынында да Исламға дейінгі жабайы араб қоғамында жезөкшелік ерекше асқынып тұрды. Кейбір арабтар ұлдарын текті ету үшін әйелдерін өз қолымен ақсүйек адамның төсегіне апарып жатқызатын. Жезөкше әйелдер жүкті болып қалған жағдайда, Кайф деген сәуегей келіп, еркектердің біріне мына баланың әкесі сенсің деп, оны зинадан туған балаға әке қылатын.
Арабтардың «шиғар» деген некесі бойынша, қыздары бар арабтар бір-біріне қыздарын қалың малсыз беріп үйленетін. «Бәдел» деген неке бойынша, арабтар әйелдерін бір-біріне беріп айырбас жасайтын. Күйеуі өлген жесірді туыстарының бірі зорлықпен өзіне әйел ететін. Исламнан бұрынғы арабтардың азғынданғаны соншалықты, тіпті олар өгей шешелеріне дейін үйлене беретін еді, – дейді Мұхан Исахан.
Ал «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы Бауыржан Есмахан әйел қауымына Ислам діні неке жүрек пен жанның жұбанышы ретінде қарағандығын айтады.
– Қасиетті Құранда былай делінеді: «Сендердің әйелдерің сендер үшін киім сияқты, ал сендер оларға киім сияқтысыңдар…» (Құран, Бақара сүресі, 187). Олар бір-біріне жақсы киімдер сияқты – жайлылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етеді, қорғайды, көркем етеді, жылытады, бөгде көздерден жасырады. «Сендердің ең жақсыларың – әйелдеріңе жақсы қарым-қатынаста болғандарың. Ал мен әйелдерім үшін ең жақсысымын» (ат-Тиризи).
Некенің артықшылығы ол ер мен әйел бір-бірін қолдап, белгіленген отбасылық міндетті орындауға екеуара жанұя құруына мүмкіндік береді. Бұл өзара түсіністік пен көмек, шынайылық пен төзімділік ережелерін ұстанған, бір-бірін ұнататын, бауырға тартатын ер мен әйелдің бірге өмір сүруі, – дейді имам.
«Араб өркениеті» кітабының авторы Др. Г. Лебон Ислам әйелдің дәрежесін арттырып қана қойған жоқ, ол бұны жасаған алғашқы дін екендігін алға тартады.
– Құранда көрсетіліп, оны тәпсірлеушілердің түсіндіруіндегі әйелдің отбасылық міндеттері еуропалық әйелдердің құқығынан әлдеқайда жақсы, – дейді Г.Лебон.
Ал имам Бауыржан Есмахан Ислам дінінің келуімен әйелге деген зорлық атаулы күшін жойып, олар ерекше жоғары мәртебеге қол жеткізгенін айтады. Сондай-ақ “ислам әйелге мән бермеген” деп айтатындар діннің дұшпандары дейді.
– Мұсылман әйелі сауда-саттық, ғылым, өнеркәсіп, егіншілікпен шұғылдануға мәжбүр болмаса да, бұлармен шұғылдануына, ақша табуына тыйым салынған емес, харам да емес. Бірақ бұлармен шұғылданғанда және ілім үйренгенде еркектер арасына кірмеулері, оларға ашық күйде көрінбеуі, харамнан ұзақ болуы керек. Әйелдің жасаған күнәларының жазасына оған сол күнәні жасауға рұқсат берген еркек де тартылады. Ал еркектің жасаған күнәсінің әйелге зияны жоқ, – дейді Бауыржан Есмахан.
Хадис шәрифте әйелге қалай қарым-қатынас жасау керек екендігі көрсетілген:
- «Мүмин жаман мінезді деп әйеліне ашуланбасын! Жақсы мінезі де болады» (Мүслим)
- «Әйел – әлсіз жаратылыс. Әлсіздігін үндемеу арқылы жеңіңдер! Үйдегі кемшіліктерін көрмеуге тырысыңдар!» (Ибн Лал)
- «Әйелімен жақсы мәміледе болып, қалжыңдасқан адамды Алла тағала жақсы көреді, ризықтарын арттырады» (И. Лал)
- «Мұсылмандардың ең жақсысы, ең пайдалысы әйеліне ең жақсы, ең пайдалы болған адам. Сендердің араларыңда әйеліне ең жақсы, ең қайырымды, ең пайдалы болған менмін» (ат-Тиризи)
- «Әйеліне күлімдеп қараған еркектің амал дәптеріне бір құл азат еткендей сауап жазылады» (Р. Насихин)
- «Әйелдерді тек текті және абыройлы адам ғана қадір тұтады. Оларды тек жаман және төмен адамдар ғана қор көреді.» (И. Асакир)
Ислам – бейбітшілік пен мейірімділік діні. Ислам сөзінің өзі «бейбітшілік» деген сөзден шыққан. Мейірімділік пен кішіпейілділік қасиеттері әрбір мұсылманның бойынан табылуы тиіс.
Сондықтан асыл дінімізді мансұқтайтын, халықтың ауызбіршілігін жоятын жаңсақ пікірлер білдірмес бұрын мың рет ойланайық, ағайын!
Балжан ӘУЕЗХАНҚЫЗЫ