(немесе жігіттіктің өлшемі не?)
Тасқаладағы тасмаңдайдың жан шошырлық қылмысы қоғамдағы қауіпті кеселдің бетпердесін сыпырды. Бұл, өкінішке орай, қазіргі қазақтың жанына түскен сан жараның біреуі ғана. Мектептегі күш қолдану, арақкештік, нашақорлық, жезөкшелік, әйел-қыздарды зорлау, жас балаларды зорлау, жетімдер үйі, қарттар үйі, суицид, жемқорлық, заңсыздық, жұмыссыздық, ұлтсыздық, немқұрайдылық, мәңгүрттік – бұл тізімді созуға да, жіліктеуге де болады. Осының бәрі – дертіміз, қасіретіміз; жеңуге тиіс сорымыз…
Соңғы сұмдыққа байланысты отбасындағы зорлық-зомбылықты болдырмау, оның алдын алуға қатысты көптеген ұсыныстар айтылуда. Дұрыс: әр аудан, тіпті әр ауылда «Отбасына жәрдем» орталықтары ашылсын; берілетін жаза қаталдансын; құқық органдарында арыз беру-тіркеу-бақылау үдерісі бейнебақылауға алынсын; қыз бала тәрбиесімен қатар ұлдар тәрбиесі де жаңғыртылсын; тіпті қазақтың «Ердің орны – жоғары» деген түсінігі сарапқа салынсын, Құран аяттарының тәпсіріне көңіл бөлінсін… Дұрыс: барлық жағдай қамтылсын: материалды-физикалық әсер етуден бастап, танымдық-рухани қабаттарға дейін барлық мәселені тұтас күйінде сараптау қажет; сосын іске асыратын жолдарын ойластырып, жүзеге асыру қажет.
Ең әуелі жалаң жазалаудан немесе тезірек ерлі-зайыптыларды ажырастырып жіберуден ештеңе өне қоймайтынын ескеруіміз қажет. Өйткені тамырынан шіріген ағаш бұтағынан емделмейді. Әрекетіміз – ой-ниетіміздің салдары болса, ой-жүйеміз танымға тәуелді, сол таным қалыптастырған ортаға тәуелді. Осылайша «ой-ниет – сөз – әрекет – әдет – мінез – тағдыр» деген заңдылыққа тоқтасақ, мәселе шешімін «тамырымызға құрт қайдан түсті?» деген сауалдан бастаған жөн.
Сәл беріден таратсақ: отарлықтың ойраны, «құдайсыз» совет билігінің қойыртпақ уы, идеологияның әлсіздігі, «батыстың» қоқысы, тәрбие ісіндегі кемшілік болып жіктеледі. Түйіндеп қарасаңыз: таным-тәрбие – дұрыс емес. Дәстүрлі ұлттық тәрбиеден алыстадық, яғни имани тәрбиенің тегеуріні әлсіреген.
Осы бір мәселені (әйел ұру) нысана ретінде алып қарастырып көрсек, басқа дерттердің де себеп-салдары айқындалады. Ең бірінші қателік: қазіргі кезде адамды тәнімен өлшейтін тар материалдық таным алдыға шыққан. Кім өзін қалай (буддист, христиан, мұсылман, атеист, т.с.с.) атаса да, жер бетіндегі адамтанудың басты өлшемі – оған тән ретінде, яғни зат ретінде қарайтын көзқарас кеңінен тараған. Нарықтық психологияның әсері соншалық кез-келген адамға «пайдалы-пайдасыз», «құнды-құнсыз», «мықты-нашар» деген «көзілдірікпен» қарау – қалыпты жағдай…
Қазіргі адамдар (көпшілігі) өзін танымайды (рухани құрылымынан хабарсыз; қайдан келіп қайда бара жатқанын білмейді; өмірінің мәні мен мағынасын ойланбайды) – Құдайын танымайды. Тіліндегісі мен діліндегісі бөлек: «мұсылманмын» дейді, мұсылманшылықтың не екенін білмейді; «сүннет» дейді – Сүннеттің парқын білмейді, «Құранда айтылған» дейді – мағына-тәпсірін білмейді; «қазақпын» дейді – қазақтың кім екенін, қазақшылықтың не екенін білмейді; «жігітпін» дейді – жігіттіктің мағына-маңызын білмейді; «отағасымын» дейді – отағасының міндеті мен жауапкершілігін білмейді; «отбасын құрдық» дейді – не үшін құрғанын, үйленудегі мақсаттың не екенін білмейді; «өмір сүріп жүрмін» дейді – қалай сүруді білмейді; мақал айтады – мағынасын білмейді!..
Қазіргі жұбайлар бір-біріне зат сияқты қарайды: зайыбы – құмарын қандыратын, қажеттілігін өтейтін (ақша табатын, тамақ пісіретін, бала туатын…) құрал; мақтанын арттыратын, беделін көтеретін (бай, сұлу, ақылды, қызметі күшті, денесі зор…) құрал; бір сөзбен айтқанда «менін» (эгосын, нәпсісін) зорайтатын, қанағаттандыратын заты. «Зат» болған соң, қадірі қала ма? «Затың» – құлың іспетті, «қарсы шығуға хақысы жоқ»… «Заттың» (заттық, материалдық) жағдайы жасалса, болды да – «одан артық не керек оған?!»… «Зат» пайдалануға жарамай қалса, ауыстыру қиын емес – жүйкеңе салмақ салмайды, жүрегіңді ауыртпайды… «Әйел-заттан» машина артық, ат (тұлпар) артық, ақша артық, бедел артық, билік артық, басқа «жаңа (жас әйел) зат» артық… Өйткені әйел – Адам емес, зат қой!..
Ал әр пендеге «Адам» деп қараған адам – тәнінен бұрын жанын көреді; мінезін, талғамын, арманын (ұнатпаса да) құрметтейді; ерекшелігін бағалайды; асыл Рухын қадір тұтады; тағдырын сыйлайды – Жаратушысының қалауын түйсінеді! Өзін де осылай таныған адам – өзгенің қадір-қасиетін сезінеді!..
Енді «мұсылман әйелін ұра ма?» деген сұраққа келейік. «Құранда аят бар, ұруға рұқсат» дейтіндер асықпасын. Тәпсірге қарасын, білімділерден сұрасын. (Болашақ аудармашылар өте абай болсын!) Ең әуелі сыры сан қатпар қасиетті Құранның өмірде қалай қолдану керектігін үйреткен Елшіге, теорияның практикасын көрсеткен Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) өміріне, өнегесіне қарасын. Ол кісінің әйел тұрмақ, бір жануарға қол көтергенін естіген адам бар ма екен?!
Қол көтеру былай тұрсын, дауыс көтеріп зекімеген де! «Тірі Құран» аталған Адам (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) әйелдерімен арада түсініспеушілік туындағанда Алла үкімін қалай жүзеге асырды? «Енді ол кісі – Пайғамбар ғой» деу – мүлде қателік! Өйткені Ұлы Жаратушы пайғамбарға бір бөлек, үмбетіне бір бөлек дін түсірген жоқ. Керісінше «бүкіл істе өнеге болсын» деп, ««Құдай» деген адамның қандай болатынын көрсін» деп, Елшісін жіберген!
Енді талас тудырған аятты келтіре кетейік: «Нағыз ерлер – әйелдерге басшы һәм қорған. Мұның себебі: Алланың кей адамдарды кейбіреуінен әлдеқайда артық (әрі қабілетті етіп) жаратқандығы, сондай-ақ ер адамдардың маңызды жауапкершілік арқалағандығы. Ал ізгі әйелдер – Аллаға толық бағынатын және ерлерінің алдындағы міндеттерін қалтқысыз орындайтын, сондай-ақ Алла олардың құқығын қалай қорғаған болса, олар да дәл солай, ерлері қастарында болмаған кезде де, ерлерінің хақысын аяқасты етпей лайықты түрде сақтай білетін жандар. Әйелдеріңнің қыңырлыққа басып, бағынбай кетуінен қорықсаңдар, оларға алдымен насихат айтыңдар. Кейін (айтылған насихаттан нәтиже шықпаса), олардан бөлек жатыңдар. Содан кейін де (қыңырлығын қоймаса, ақырын) ҰРЫҢДАР. Егер түзеліп мойынсұнса, оларға жамандық жасаудың жолын іздемеңдер, (не болса соны желеу етіп оларды ренжітпеңдер). Біліп қойыңдар, Алла – аса Жоғары (Асқақ), өте Ұлы!» («Ниса» сүресінің 34-аяты.)
Ғалымдар осы аяттағы «ұру» деп тәржімаланып жүрген «дараба» етістігінің отыздан аса мағынасы бар екенін, һәм «ұру» деген сөздің сол отыздың ішіндегі бірі ғана екендігін айтады. Солардың ішінде бұл етістіктің «бет бұру», «тастап кету» деген мағынасының кең қолданылатынын ескертеді. Осы көзқарастағы ғалымдар бұл аятты былай деп тәржімалайды.«Ер адамдар – әйелдерді қолдап-қорғап отыратын қорғандары. Бұл Алла Тағаланың әрқайсысына өзіндік ерекшеліктер бергендігінен және ер кісілердің дүние-мүліктерін жұбайлары үшін жұмсауларының себебінен. Ізгі әйелдер – Аллаға бойұсынған һәм Алланың қорғауымен жалғыз қалған кезде де (аманатты) сақтаушылар. (Отбасына жауапсыз қарап) ажырасып тастап кетуінен қорыққан әйелдеріңе үгіт-насихат айтыңдар, төсектеріңді бөлек салып (жатыңдар), (болмаса) ӨЗ БЕТТЕРІНШЕ ҚОЯ БЕРІҢДЕР. Осыдан кейін сендерге деген құрметі қайта қалпына келіп, сабасына түсер болса, оларға қарсы басқа жолдар (сылтаулар) іздемеңдер (ажырасуға ұмтылмаңдар). Алла Тағала – Ұлы һәм өте Асқақ!».
Қайталап айтамыз, негізінде ғалымдар Құран аяттарын Пайғамбар (с.ғ.с) өмірімен байланыстыра тәпсірлейді. Мысалы: Айша анамызға (Ол кісіден Алла разы болсын) «зина жасады» деген жала жабылған кезде (бұл істің анық-қанығы аят болып түспей тұрғанда) Пайғамбарымыз алдымен насихат айтты, төсекте бөлек жатты һәм уақытша әкесінің үйіне жіберді…
Қисынға салып қарасақ та: ұрып-соғу, дөрекілік, күш қолдану ешбір шиеленіскен мәселенің шешімі бола алмайтындығы белгілі. Ендеше сау ақылды қасиет тұтқан асыл дініміз Адамшылықтың асқарына шақыру мұратынан еш айнымайтынын қаперден шығармайық! «Жұмақ – ананың табынының астында» дейтін, әйел адамға «Алланың аманаты» деп қарауға шақыратын, «әйелін қорлағандар – менің дұшпаным» (хадис) деп ескертетін, сыйлықты әуелі қыз балаға беру керектігін үйрететін, «Араларыңда ең жақсыларың – әйелдеріне жақсы қарағандарың» деп Жігіттіктің мұратын түсіндірген асыл дінімізді шала түсініп, қате ұғындырып ұятқа қалмайық! Күнәға батпайық! Шәкәрім атамыз расын айтқан:
…Бұл кeздeгi дiндeрдiң бәрi нaшaр,
Eшбiрi түзу eмeс көңiл aшaр.
Өңкeй aлдaу, жaлғaнды «дiнiм» дeйдi,
Тeксeрсeң, ойың түгiл жaның сaсaр.
Әлeмдeгi дiндeрдiң түп мaқсұты
Үш нәрсeдe бұлжымaй құшaқтaсaр:
Құдaй бaр, ұждaн дұрыс, қиямeт шын,
Eш дiннiң мaқсұты жоқ мұнaн aсaр.
Дiн aдaмды бiр бaуыр қылмaқ eдi,
Оны бөлiп, дұспaндық қaру жaсaр.
«Iнжiл» «Құрaн» – бәрi aйтып тұрсa-дaғы,
Aдaсып, aрдaн күсiп қaрa бaсaр…
Иә, «Зорлықтың басы – Құранның өзінде» деген сөз – атүсті, асығыс айтылған жаңсақ пікір.
Анасын «Алла, пайғамбардан соң» ардақтаған, жұбайын «теңі жоқ жолдас, түбі жоқ сырлас» тұтқан, қызын «қонақ» деп төріне шығарған, «қызына қырық үйден, ұлына отыз үйден тыйым салған», қызды – елдің көркі, ұлттың ұяты деп бағалаған, лайықтысына ел басқартқан, аяулы аналарын Әзіреті Сұлтан кесенесіне Ерлермен қатар жерлеген, тіпті тұтас рудың атын берген Қазақы таным жайлы айтылар әңгіме көп…
«Қыз балаларды оқыту керек, ешкімге (әсіресе күйеуіне) мұқтаж болмасын» деген пікірлер де – дұрыс. Бірақ «орта жолды» ұмытпайық. Бұл пікірдің соңы сенімсіздік пен ниеттің бұзылуына, ақыры отбасының жылдам ойрандалуына апарып соғып жүрмесін. Негізі бұл ой – біздің қоғамда бұрыннан бар, кең тараған түсінік. «Қыз – жат жұрттық, қысылмасын, еңсесі түспесін, тіпті бәсі жоғары болсын» деген ниет – құптарлық. Бірақ бұның ар жағында күйеу балаға деген, яғни жігіттерге деген сенімсіздік жатыр! Біз жігіттерімізге сенбейміз! «Қызымды ренжітпейді; қадіріне жетеді; баға алады, асырай алады» деп сенбейміз! Неге? Өйткені жігіттердің денінде жігіттік қасиет (намысқойлық, уәдеге беріктік, екі сөйлемеу, батылдық…) азайған. «Неге азайды?» деп сұрадық па өзімізден? Мектепте: «Қыз бала нашар оқыса – ұят, ұл балаға – ештеңе етпейді», үйде: «Қызға – пысық болу керек, ұлдың салақ болғаны – жәй балалық, кейін түзеліп кетеді; қызға – өтірік айтуға болмайды, ұлға – ешнәрсе етпес»; мектеп бітіргенде: «Қызымды қалай да оқытуым керек, ақылы болса да; жігіт адамға – екі қолға бір күрек табылады» (Отбасын асырау жауапкершілігі кімде еді өзі?!)…
Осылайша ұлдарды өзіміз намыссыз, ынжық, салақ, жалқау болуға итермелеп жатырмыз; білімсіз, мамандықсыз қалуына себеп болып жатырмыз. Ендеше өзіміз сомдаған: білім алмаған, көкжиегі кеңеймеген, жұмыссыз, мақсатсыз, мінезсіз жігіттердің обалы кімде? Мектепте қыздардан сабақта артта қалып (онысына іштей қысылып, күйініп), үйленген соң мамандығы мен табысының төмендігіне, жақсы жұмысының жоқтығына (экономикалық проблема) ызаланып жүріп, ақыры (санасыз-бейсаналы түрде өзінің еркектік үстемдігін, табиғи артықшылығын көрсету үшін) өшін арақ пен қол астындағылардан (әйелі мен бала-шағасынан) алып жүрген шығар…
Мектеп ұжымын құрайтын 90 пайыз әйел кісілерден тәрбие алған «әйелмінезді», қыздардан «төмен» болуды ар көрмейтін намыссыз жігіттердің тәрбиесін дұрыстау үшін өзгерісті мектептен бастау керек-ау! Ерлерді мектепке тарту, ұстаздың мәртебесін (жалақысын, статусын) көтеру, арысы білім беру жүйесін реформалау қажет-ау! Одан ары кетсек, бала тәрбиесін дұрыстау – өзімізді тәрбиелеу – ұлттық-имани тәрбие – білім беру жүйесін реформалау болып жалғасады.
Жалпы жанжал неден туындайды? Әділетсіздіктен, тәкаппарлық пен көреалмаушылықтан, тең көрмеуден, жүрек қаттылығынан, таным таяздығынан. Бір сөзбен айтқанда, нәпсіге бағынудан туындайды. Себебі осы. Мастық, ашу, сөзге еру – салдарлары. Осы негізді танытатын Ілім мектепте оқытылса, қалай болар еді, шіркін?!..
Әйел ұруға қатысты келесі бір ескеретін үлкен мәселе – бәрімізге немқұрайдылықтан, салғырттықтан арылу керек! Есі кемнің қолынан мерт болған анасы мен екі қызын жерлегенде еңіреген еркектер осыны түсінген болар. Кейбіреулерінің Ер болуға бет алуларының алғашқы қадамы сол қабір басында басталған болар…
Түйін: Ғұламалар: «Өзін таныған – Жаратушысын таниды», – дейді. Бізге өзімізді тану керек – Адам тану керек! Тілдік, діндік, нәсілдік, әлеуметтік, жыныстық өзгешеліктің ар жағында тұрған, өзектегі мазмұн – Адамды тану керек! Адамның орны мен қадірін түсіну керек! Адамдық борышымызды ұғынып, мұсылмандық міндетімізді адал атқаруымыз керек! Ата жолын – иманға суарылған Намыс пен Ар жолын жаңғырту қажет! Баршамызға Алла Тағала жар болсын!
P.S. Ұлдарымнан сұрадым: «Неге Алла Тағала ер баланы қыздардан күшті қылып жаратқан?» Батырларым көп ойланды. Ақыры: «Адамға күш өзінен әлсіздерді қорғау үшін берілген! Жігіттің мықтылығының өлшемі – қыздарға көрсеткен қамқорлығында! Анасы мен әпке-қарындасын қорғау – Жігіттің міндеті!» деген қорытындыға келдік…
Алғадай Әбілғазыұлы
Автор дін мен ұлттық танымды ұштастырып, жақсы ой тастаған екен. Қазақ дәстүрлі білімі- білімнің ең шыңы. Себебі дінде қамтылмай қалған (мүмкін дінтанушылар жеткілікті түрде тәпсірлей алмаған) тәрбие біздің салт-дәстүрімізде тұтастай қамтылған. Қазақтай ананы, қызды құрметтеген, қадірлеген ұлт кемде кем шығар.
Қыз бала білімді ең алдымен ұрпақ тәрбиесі үшін алуы керек. Бұл жерде үлкен философия жатыр. Баланы тәрбиелеу үшін де білім керек. Содан кейін барып қызметке пайдалануға болады. Сана-сезіміміздің төмендеп, ұлттық негізіміздің әлсірегені сонша, тәлімді салиқалы, саналы аналардан емес, үш күйеуден айырылысқандардың тренингінен алып жүрміз. Бұл енді қасірет. Одан да этнографиялық энциклопедия оқысақ пайдасы шаш етектен болар еді.
Тағы бір кемшілігіміз, оқу орнын бітірген соң ізденуді, өзімізді дамытуды тоқтатамыз. Болдым, толдым деуге болмайды. Адам өмір бойы ізденісте болуы керек. Қорыта айтқанда, әйел ұру білімсіздік, өз эмоциясын игере алмау, жеке тұлғаның тұлғалық қасиетін бағаламау, сананың ең төменгі деңгейінің көрсеткіші.