ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігі жылдағы дәстүр бойынша облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінде Әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» тақырыбында әйел жамағатына арналған рухани мәуліт кешін өткізді.
Игі шара Ибраһим Серікжанұлы мен Айша Серікжанқызының Құран оқуымен басталып, ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтумен жалғасын тапты. Ал Әйел-қыздар секторының Ақтөбе облыстық өкілдігінің жетекшісі Кенжегүл Кушкарова Мәуліт айының қадір-қасиеті мен мән-мағынасын кеңінен түсіндіріп өтті.
Сонымен қатар аталған шарада облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің ұстаздары Айнұр Мырзабаева мен Диляром Бектаева, «Бақытжан» мешітінің ұстазы Анар Қойшығұлова жамағатты мәуліт мерекесімен құттықтады.
Аталған іс-шараның мәйегі ретінде облыстық мешіттің ұстазы Ардақ Бағдалқызы «Сауат ашу» курсында араб әліпбиін танып, мұғалім сани оқулығын аяқтаған 21 шәкіртіне Құран Кәрім кітабын табыстап, салтанатты түрде тәж кигізіп, Құранға өтуімен құттықтады.
Шәкірттер әрбір амалды шынайы ықыласпен Алла разы болатындай орындау керектігі туралы «Мейірімді қыз» атты ғибратты көрініс қойып, Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) махаббатты арттыру туралы өлең оқыды. Жамағат арасында 10 әріппен 10 Алланың көркем есімін байланыстыру мақсатында және «Пайғамбарыңды ﷺ қаншалықты танисың?» тақырыбында викториналық сұрақ-жауап ұйымдастырылып, белсенді қатысушыларға «Адамзаттың асыл тәжі» кітабы мен арнайы сыйлықтар берілді.
Руханиятты байытатын шара барысында «Пайғамбар сүйген ас» атты байқау ұйымдастылып, қайырымдылық жәрмеңкесі өтті. Ал жәрмеңкеден түскен 40 000 теңге қаражат «Нұр ғасыр» мешітінің шәкіртіне дәрі-дәрмек алу үшін аударылды. Шара қортындысында зәмзәм суы беріліп, жамағатпен дұға жасады. Одан өзге ақ жаулықты әжелер ұйымдастырушыларға алғысын айтып, ақ батасын берді.
Айта кетейік, Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ұлықтауға арналған кеште «Әйел-қыздар» секторының жетекшісі Кенжегүл Кушкароваға шәкірттері Ұмраға жолдама табыстады. Аталған мәуліт кешіне 150-ден аса қыз-келіншек қатысты.