Тіршілік бастауы – әйел. Ғабит Мүсірепов ағамыз өзінің қойын дәптерінде мынадай оймақтай ойды түртіп қойыпты: «Ең жаман деген әйелдің қолынан адам жасау келеді». Әрине, ағамыз бұл жерде даналыққа тән тапқырлықпен сөйлеп отыр. Бұл жерде «Адам жасау» дегеніміз, адамды тұлға етіп қалыптастыру, батыр әрі отансүйгіш етіп тәрбиелеу деген мағыналарын қамтиды. Рас, әйелдің әлсізі жоқ, тек нәзігі бар. Олардың барлығы батыр, ержүрек. Өйткені, Алла тағала әйелді адам ұрпағын жалғастыратын ана құрметіне бөледі.
Қазақта «Әйел адам босанарда бір аяғы төрде, бір аяғы көрде» деген сөз бар. Толғақтың ащы азабын тартып, дүниеге адам баласын әкелем деп өмір мен өлімнің арасында жанталасқан әйел «шыр» етіп жарық дүниеге қызылшақа нәресте келгенде бар күшін сарп қылып талықсып кетеді. Пайғамбардың (с.ғ.с.) дәуірінде болған мына оқиға әйелдің баласы алдындағы мәртебесі мен құқығын анық көрсеткендей:
Бір күні сәбиге таласқан ата-ана пайғамбарға (с.ғ.с.) келеді. Бұлардың бірі әкесі болса, екіншісі оның анасы еді. Сөйтіп, баланың әкесі:
– Уа, Алланың елшісі! Бұл бала менің белімнен шықты – деп балаға құқылы екенін айтты.
Сәбидің анасы:
– Уа, Алланың елшісі! Ол, бұл сәбиді белінде ұстады, өзі қиналған жоқ. Ал оны менің жатырыма салғанда шаһуатпен салды, рахат тапты. Мен болсам сәбиді қарнымда тоғыз ай көтердім, босанған кезімде қатты толғаттым, қиналдым. Сөйтіп, оны екі жыл бойына үздіксіз еміздім, түндерімді ұйқысыз өткіздім-деп өзінің уәжін айтады.
Екі жақтың уәжін тыңдаған пайғамбар (с.ғ.с.) сәбиді анасының қолына беріпті.
Ал енді басқа риуаятта сәбидің анасы былай деген екен:
– Уа, Алланың елшісі! Менің қарным бұл сәбиге үй болды, құшағым – сәбидің қорғаны, ал кеудем оның шөлін басатын сусыны болды. Ал әкесі болса, бұл сәбиді менен тартып алғысы келеді (Ахмад, Әбу Дәуіт).
Бұл оқиғаның бізге берер пайдасы көп. Сондай пайдалардың бірі, шаңырақ – кіші мемлекет. Ата-ана бұл мемлекеттің қирап, шаңырақтың ойылып ортаға түспеуін көздеуі керек. Шаңырақ бұзылса, тек отбасы мүшелеріне емес, қоғамға да үлкен кесірін тигізеді. Отбасындағы балалар әке немесе анасының таңдау мәжбүрінде қалады. Бұл өз кезегінде баланың ер жетіп қалыптасуына кері әсерін тигізбей қоймасы анық.
Екінші пайдасы, әйел – ана. Ананың баласына деген мейірімі, маххабаты мен жұмсақтығы шексіз. Әйел нәзік, еркек күшті. Әйел балаға отбасы тәрбиесін беріп, ерінің шаңырағын айрандай ұйытып отырады. Ал отағасы отбасын асыраушы. Әйел аялы алақанға, арқа сүйер мықты ерге зәру. Бірақ, ер адам мен күштімін деп дандайсымай өз міндеті мен жауапкершілігін білгені мақұл. Имам Ахмедтен жеткен хадисте Алланың елшісі (с.ғ.с.):
«Сендердің бәрің де бақташысыңдар, бәрің де өз отарларыңа жауаптысыңдар. Ер адам отбасы үшін жауапты, ол ақырет күні солар үшін сұралады», – деп ер адамның отбасы үшін, ал әйелдің балалары үшін жауапкер екенін ескерткен. Келесі хадисте: «Сендердің жақсыларың, әйелдеріңмен жақсы қатынаста болғандарың», – деп айтады. Басқа бір риуаятта: «Әйелдердің құқықтарын аяқасты етпеңдер, Алладан қорқыңдар. Өйткені, сендер оларды Алланың аманаты ретінде алдыңдар», – деп Алланың ерлерге тапсырған аманаты ретінде қарауға шақырады.
Төртінші пайдасы, Исламда әйелдің құқығы қорғалған. Бұл жағдай әсіресе, кейінгі кезде «талақты» ойыншыққа айналдырып, қыз-келіншектердің тағдырын ермек еткен арсыздарға тікелей қатысты. Жоғарыдағы хадистен «Мен ермін, талақты мен беремін, сәби менікі», – деп баланы даулап, анасынан алып қойғысы келген адамның жағдай не болғанын білдік. Алланың елшісі (с.ғ.с.) әйелдің құқығын қорғап сәбиді анасына берді.
Ия, құрметті оқырман. Алланың бізге берген нығметін қадірлей білейік. Аманатқа қиянат жасау мұсылманға тән қылық емес. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтқандай Құдай қосқан өмірлік жарымызды қадірлеп, адамдардың жақсысы болайық. Алла тағала отбастарыңызға құт-береке берсін.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ,
дінтанушы,
философия ғылымдарының
кандидаты