Елімізде төтенше жағдайдың жариялануына орай біраз мекемелер және олардың қызметкерлері қашықтан жұмыс істеу жүйесіне көшті. Мектеп оқушыларының сабағы да онлайн режиміне ауысты. Мұғалім де, ата-ана да, бала да үйде, әке төрде… Адамдардың сабыры мен иманы осылайша сын сағатта тоғысты.
Бізде «Ер адам түздің адамы» деген түсінік бар. Дұрыс! Бірақ бұл үйдің бүкіл тірлігін, бала тәрбиесін, отбасылық мәселені әйелдің мойнына жүктеу деген сөз емес. Жайшылықта аптаның сенбі-жексенбі күні демалған еркек, үйдегі у-шудан дүйсенбі күні жұмысымызға барып қана миымыз тыныққандай болатыны рас.
Ал әйел жиырма төрт сағат бойы бүкіл жігері мен төзімін үйдің төрт қабырғасында отырып тауысады. Сөйте тұра олардың тесілген өкшесі ешкімге көрінбейді. Осы карантин уақытында барлығымыз отбасымызбен біргеміз. Әйелімнің тынымсыз жүгіріп, тамаққа да, балалардың сабағына да, басқа да үй тірлігіне үлгеруге тырысатынын көріп отырмын. «Қырық жаны бар» қазақ әйелінің қайраттылығына тәнтімін.
Иә, ислам тарихында әйелдер төңірегінде айтылар әңгіме аз болмаған. Жаны нәзік бола тұра олар – отбасының шамшырағы. Күнделікті үй шаруасындағы қайталанатын тірліктер бірте-бірте «аты жоқ жұмыстарға» айналып кетеді.
Сонан да болар, әйелдер еш жұмыс атқарып жатпаған секілді. Неге десеңіз, кез келген отағасы келеңсіз жайт орын алса, әйелін: «Осы сен не бітіріп жатырсың?» деп сөге жөнеледі. Өмірдің өзінен өрілген оқиғаны мысал етсек…
Бір ер кісі: «Сен үйде не істеп жатсың?» деп, үнемі әйелін кінәлайтын көрінеді. Бір күні әлгі отағасы жұмыстан қайтады. Үйіне келсе, ауласы ат ойнағандай әлем-тапырақ.
Ойыншықтар, қағаз-қоқыстар, тамақтың қалдықтары әр жерде шашылып жатыр. Ортасында кеше жатарда киген пижамаларын әлі шешпеген үш баласы. Бет-ауыздары кір-қожалақ, үсті-бастары шаң-тозаң, жалаңаяқ.
Үйдің есігі айқара ашық. Әйеліме бірдеме болды ма деп жүрегі зу ете қалады. Үйге кірсе оның да жағдайы даладан асып тұрғаны шамалы екен. Есіктен төрге дейін шашылған тағы да ойыншықтар.
Киімдер, кітапшалар мен қағаз қиындылары. Шам сынған. Перденің шеті жұлынған. Төсек әлі жиналмаған. Теледидар бар даусында қосылып тұр. Ас үйге бас сұғып еді ондағы “көрініске” көріп шыдай алмай, тез кері шығып кетеді.
Өзінің жатын бөлмесіне кірсе, әйелі жайбарақат кітап оқып отыр екен. Әйелін бірінші рет көріп тұрғандай: «Не болды бүгін?» – деп тіл қатты.
Әйелі: «Отағасы, сіз күнде жұмыстан келгенде: «Бүгін маңызды не істедің сонша?» – деуші едіңіз ғой.
Міне, бүгін мен түк істеген жоқпын», – деп жауап қатады.
Осы оқиғаға көз жүгіртсек, шын мәнінде «әйел еркектің өмірін екі есеге жеңілдетеді».
Хазіреті Омар (р.а.) Самура бин Жундубтен риуаят етілген сөзінде былай деген: «Әйелдер үшке бөлінеді: бір бөлімі арлы, иман жүзді және мейірімді әрі бала сүйетіндер. Қиын қыстау кезеңдерде күйеуіне сүйеніш болып, жәрдем береді. Бірақ, мұндайлардың саны өте аз.
Екінші бөлімдегі әйелдер тек бала табудан басқа ештеңе білмейді.
Ал қалған бөлімдегі әйел болса өте жалқау істеріне салқын қарайды. Алла Тағала мұндай әйелді қалаған құлына береді, қалаған кезінде ол әйелді күйеуінен ажыратып алады».
Саналы әйел отбасына көңіл бөлумен бірге құлшылығын да жалғастырады, тіпті оның «бисмилләмен» бастаған әр ісінде береке бар.
Әйелдің білімі жан-жақты болса, бала тәрбиесінде қиналмайды. Іске икемді болса, бала мен күйеудің, ата мен ененің көңілін тауып, отбасының тыныштығын сақтайды.
Әби Умамиден (р.а.) риуаят етілген хадисте хазіреті пайғамбар (с.ғ.с.) былай деген: «Мүмін үшін тақуалықтан кейінгі ең қайырлы нәрсе салихалы әйел. Салихалы әйел күйеуін тыңдайды, күйеуі қарағанда, оның көңілін көтереді. Ант еткенде оған кесірін тигізбейді, күйеуі ұзаққа кетер болса, өзінің ар-намысы мен күйеуінің мал-мүлкін сақтайды».
Міне, хадисте баян етілгендей, нағыз салихалы әйелдің атқарар міндеті жеңіл емес.
Әйелге күлімдесең, ол гүлдей жайқалады. Оларға нәзіктік пен ұяңдық, биязылық тән. Әйел осы болмысымен қадірлі.
Алла Тағала отбасының негізін құрайтын ер мен әйелге өзіне тән міндеттерді бекер жүктемеген. Отағасы нәпақа табушы болса, әйел ерінің тапқанын үйлестіруші.
Егер ер мен әйел өз шеңберінен шығып кетсе, әйелдің нәзіктігі жоғалады, ердің жігері мұқалады.
Хазіреті пайғамбар бір жолы сапарға шығады. Қасында Әнжәшәһ есімді қара құл түйелерді жетекке алып келе жатса керек. Хазіреті пайғамбар (с.ғ.с.): «Әй, Әнжәшәһ, шыны мінген жануарларды жайлап айда»,-деп ескертеді.
Хазіреті пайғамбар (с.ғ.с.) әйелдер әлсіз, нәзік жан болғандықтан әрі дереу ренжігіш келетіндіктен оларды вазаға теңеп ұқсатқан. Түзесең қисайып кететін, абайламасаң сынып қалатын нәзік жандыларға сүйіспеншілік пен мейірімділік, еркелік пен наздылық, сыпайылық пен адамгершілік ауадай қажет. Осыны санасында сәуле бар әрбір ер азамат ұмытпауы тиіс.
Бір күні хазіреті Омарға (р.а.) бір кісі әйелінің айқайынан шағымдануға келеді. Омардың (р.а.) есігінің алдына жақындағанда, әйелінің айқайлап жатқан даусын естіп, кейін қайтады. Сол кезде хазіреті Омар (р.а.) оны көріп:
– Не үшін келдің? Неге үйге кірмей кері қайттың?-дейді.
– Сізге әйелімнің айқайы үшін шағымданып келген едім. Бірақ сіздің де әйеліңіздің айқайлап жатқанын естіп, шағымданудан бас тарттым. Сонда Омар (р.а.) былай дейді:
– Біз әйелдердің әр сөзіне жауап қайтармаймыз. Олардың бізде бірнеше ақылары бар:
Біріншіден, әйелдердің себебінен жәһаннамнан құтыламыз. Өйткені хадис шәрифте, үйленген адам дінінің жартысын қауіпсіздік қорғанына алатыны айтылған.
Екіншіден, әйелдер біздің мал-мүлкіміздің қорғаны.
Үшіншіден, киімдерімізді жуып береді.
Төртіншіден, тамақтарымызды пісіріп береді.
Бесіншіден, балаларымызға қарап, оларды өсіреді. Осы себепті оларға сабыр етуіміз керек.
Осылайша хазіреті Омардың (р.а.) насихатын тыңдаған әлгі кісі шағымынан бас тартқан екен.
Біз көбінесе отбасы шағын мемлекет деп айтамыз. Шын мәнінде, отбасы тұлға қалыптастыратын институт болып табылады.
Ер мен әйелдің мақсаты, арман-тілегі бір арнада тоғысады, балаларының болшағы үшін болашаққа бірге қадам басады. Өзара сыйластық пен құрмет болған жанұядан қайратты ұл-қыз қанатын қомдап шығады. Биікке ұшқан сайын әке мен ананың тәлімі өміріне бағыт пен тірек болады.
Қазіргі таңда қоғамда ажырасу мәселесі өзекті болып отыр. Бала болашағына балта шауып қана қоймай, әйелдің сабыры түгесіліп, ердің сағы сынып кететін жайттар өте көп. Жанжалы көп жанұяда бала мейірім мен махаббаттан мақұрым қалады.
Алла Тағала Құранда «Ниса» сүресінің 19-аятында: «Әйелдеріңмен жақсы тұрып, жақсы қарым – қатынаста болыңдар»,- деп ескертеді.
Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мүмін ер адам еш уақытта мүмін әйелді жек көруші болмасын. Егер де қандай да бір мүмін әйелдің әлдебір мінезі көңіліне жақпаса, басқа бір қасиетін ұнатар» деген. Демек, мұсылман үшін әр нәрседе қайыр бар.
Шаңырағын шаттық пен берекеге толтырып, райхан гүлдің жұпар иісін таратып, отбасында тазалық пен тақуалықтың негізін ұстанып отырған әйелдерді жазғырмайық. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетіп отырған әйелдерді ар тұтайық.
Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ