Ислам дінінде ғылым мен дін бір-бірімен егіз ұғымдар іспеттес. Сондықтан дініміздің білім-ғылымға қаншалықты мән бергендігі ислам тарихын білетін мамандарға мәлім болғандықтан, әйелдердің оқып, білім алуына қаншалықты мән бергенін қысқаша ғана баяндай кетейік. Ислам дінінде оқу, үйрену, ойлану, жазып-сызу, ойлағанын іске асыру тұрғысынан әйел мен еркек тең құқылы. Құран бұйрықтарын Пайғамбарымыздың елге жеткізуі нәтижесінде әйелдер, қыз балалар , құлдар еркіндік пен қатар негізгі құқықтарына ие бола бастады. Осы құқықтардың басында оқу және тәлім-тәрбие құқы келеді. Бұған білім-ғылымның артықшылығына қатысты еркек пен қатар әйелді де қамитын жалпылама формада келген аят-хадистер нақты дәлел болумен қатар, әйелдерге қарата арнайы айтылған хадистер мен Пайғамбарымыз (с.а.с.) бен сахабалар және одан кейінгі кезеңде ислам тарихында орын алған көптеген оқиғалар да маңызды айғақ болып табылады. Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Білім іздеу – (еркек-әйел) әрбір мұсылманға парыз»,– десе (Ибн Мажа, Муқаддима 17), тағы бір сөзінде: «Жұма намазы, жиһад және жаназаның тысында еркектерге парыз етілген барлық нәрсе әйелдерге де парыз етілген» (Абдурраззақ, Мусаннаф, 5/298),– деу арқылы әйелдерді арнайы атап өткен. Пайғамбарымыздың (с.а.с.): «Бір адамның күңі болып, оған жақсы тәлім-тәрбие беріп, кейін оны азат етсе, Алла тағала оның суабын екі еселендіреді» (Бухари, Жихад 145),– деген хадисі азат әйелдерді былай қойғанда, күңдердің өзіне тәлім-тәрбие берудің қаншалықты маңызды екенін көрсетуде. Пайғамбарымыздың кезеңінде еркектер мен қатар әйелдер де мешіттерге емін-еркін келіп, Алла елшісінің уағыз-насихаттарын, тәлімдерін тыңдайтын. Сұрағы бар әйелдер Пайғамбарымыздан тікелей өзі келіп сұрайтын немесе біреуді жіберіп сұрататын. Ансарлық Умму Кәсир бинт Зәйд атты бір әйел өзінің сіңлісімен Пайғамбарымызға келіп: «Сіңілімнің сізден бір мәселе жайлы сұрағысы келеді. Бірақ ұялуда»,– деген кезде Пайғамбарымыз: «Сұрайтын нәрсеңді тартынбай сұра. Білм үйрену – парыз»,– деп әйел баласының да білмген нәрсесін үйренуі қажет екенін айтқан-ды (Ибнул-Әсир, Усдул-ғаба, VII, 381).
Пайғамбарымыз әйел еркек деп алаламай сахабаларын әрдайым тәрбиелеп отырған. Мысалы, Қадиша анамыз (р.а.) алғашқы мұсылман болумен қатар исламды үйретуші ұстаз еді. Оның уағыздауы арқылы көптеген адамдар исламды қабылдаған-ды. Әйелдер күнде мешітке келе алмағандықтан Пайғамбарымыздан бір күн арнауын сұрап, білгісі келгендерінің бәрін емін-еркін үйренетін (Бухари, Илм, 36; Иман 35). Муаз ибн Жабалдың «Пайғамбарымыз бізге осыны үйреткен әрі әйелдерімізге де үйретуімізді бұйырды» деуі де бұл мәсленің маңыздылығын көрсетеді. Әйелдер Пайғамбарымыздан ұялмай сұрақ сұрай алатын және ойларын да ашық айта алатын әрі Пайғамбарымыз олардың бетін қайтарып тастамайтын. Бұл әйелдердің қоғамда қандай деңгейде болғандығын нақты көрсетеді.
Ислам дінінің негіздерін ұрпақтан ұрпаққа жеткізуде мұсылман ғалымдарының ішінде әйел адамдардың да қосқан үлесі зор. Олардың басында Алла елшісінің (с.а.с.) жұбайларын ерекше атап өтуіміз керек. Әйелдердің тәлім-тәрбиедегі еркіндігінің натижесінде дініміздің көп бөлігі Айша анамыздан келіп жеткен. Алла елшісінің жұбайларының ішінде Айша анамыздың ілімге деген құштарлығы ерекше еді. Лімге құштарлығы соншалық «Ол білмейтін бір мәселені естісе, оны әбден түсінгенше сұрақ сұрай беретін» (Бухари, Илм 36). Айша анамыздың дінмен қатар медицинаға саласында белгілі бір деңгейде біліктілігі болғандығы да айтылады (Ахман ибн Ханбал, Муснад, 6/67).
Айша анамыз ислам әлемінің түкпір түкпірінен келген сұрақтарға жазбаша жауаптар беретін. Осылайша ол жазбаша түрде оқытудың ең алғашқы үлгісін салған еді. Пайғамбарымыз қайтыс болған соң 47 жыл бойы осы қызметін жалғастырып, көптеген шәкірт тәрбиелеген-ді. 2210 хадис риуаят еткен. Тіпті кейбір сахабалардың өздерін дінді дұрыс түсіну үшін қажет болған кездері түзетіп отырған (Зәркәши, әл-Ижаба, 103). Тіпті имам әш-Шафиғи секілді кейбір ғалымдар дініміздің төрттен бірі Айша анамыз арқылы жеткен деседі.
Умму Сәләма (ра) анамыз да дінді білуде Айша анамыздан кем қалмаған екен. Одан да көптеген ер кісілер ілім үйренген (Бухари, Сахих, Фадаилус-сахаба, 30, Муслим, Фәдәил 1/8). Пайғамбарымыздың жұбайлары Умму Сәләма, Хафса, Умму Хабиба, Әсма, Сафия, Умму Айман, Зейнеп бинт Жахш, Умму Дәрда Адамзаттың асылынан тәлім алып, әйелдеге үйреткен. Пайғамбарымыз тек қала әйелдерді үйретумен шектелмей, қыз балалардың да тәлім алуын арнайы ескертіп отырған. Ол: «Кімде кім баилғат жасын жеткенге дейін екі қыз баласының қарауын, нәпәқасын, тәрбиесі мен жетілдіруін мойнына алып, міндетін орындаса ол қияметте менімен бірге былай болады» (Муслим, Бирр 149) деп екі саусағын бір-біріне қосып көрсетті. Әйелдердің тәлім-тәрбиесі тек қана Құран және хадиспен шектелмейтін.
Меккеде алғашқы медресе ретінде қабылданған Дарул-Әркамда (Әркам ибн Әркамның үйінде) ерлермен қатар әйелдердің болғаны белгілі (Ибн Хишам. Әс-Сиратун-нәбәуия, 2/312). Имам Бухаридің «Мемлекет басшысының әйелдерге насихат жасауы» атты бөлімінде келтірген бір хадисіне қатысты оған шарх жасаған Ибн Хажар әл-Асқалани отбасының тәлім-тәрбиесі тек қана отағасына емес, мемлекет басшасы мен оның құзіреттілік берген қызметкерлердің де міндеті екенін айтқан (Ибн Хажар, Фәтхул-бари, 1/232). Демек әйелдің тәлім-тәрбиесін мемлекет өзі қолға алуы керек деген сөз.
Әзірет Омардың (р.а.) халифалығынан бұрын сахабалар әуелі бауырларын, сосын қыздарын оқытатын. Ал кейін халифа Омар арнайы медреселер ашқызып, балалрды оықту үшін арнайы қызметкерлер тағайындаған.
Ибн Хазм өз кітабында жиырмаға жақын фақиһ әйелдің болғанын келтіреді (Ибн Хазм, Жауамиус-сира, 223-б.)
Кейінгі кезеңде де көптеген ғалым әйелдер шыққан. Мысалы жазу және ақындық саласында Уләййә бинт Мәхди, Айша бинт Ахмет әл-Қуртубия, медецина саласында көз ауруларын емдеуде Табиба Зейнеп және Уммул-Хасан бинт әл-Қади.
Хадис саласында Сириннің қызы Хафса, Умму Дәрда, Абдуррахманның қызы Амра секілді танымал әйелдердің орны ерекше. Хафса танымал табиғин хадис ғалымы Мұхаммед ибн Сириннің әпкесі.
Умму Дарда өте үлкен ғалым, фақиһ әрі тақу жан болған. Ол көп ілімді өзінің жары Әбу Дардадан жеткізгені секілді Салман әл-Фариси, Кағыб ибн Асим әл-Ашғари, Айша, Әбу Һурайра (Аллаһ олардан разы болсын) сынды сахабалардан да риуаят еткен. Ибн Сағыд танымал «әт-Табақату әл-Кубра» атты еңбегінде пайғамбарымыздың жұбайлары мен сахабаларынан риуаят еткен 94 әйел табиғиндарды тілге тиек етеді.
Хижраның 463 жылы дүние салған Ахмедтің қызы Карима әл-Маруазия өз заманында имам әл-Бұхаридің хадистерін ең жақсы білген хадис ғалымы ретінде танылған. Белгілі хадистанушы Әбу Зарр шәкірттеріне одан хадис үйренулеріне кеңес берген.
Ахмедтің қызы Зейнеп (х.740 ж.д.с.) Әбу Ханифаның «Муснад», әт-Термезидің «Шәмәйыл», әт-Тахауидың «Шарх мағани әл-әсәр» атты кітаптарынан дәріс берген. Танымал ғалым Ибн Асакир Абдуррахманның қызы Зейнептен имам Мәликтің «Муатта» еңбегі бойынша рұқсат (ижаза) алған. Жалалуддин әс-Суюти имам әш-Шафиғидің «әр-Рисәлә» кітабын Мұхаммедтің қызы Хажармен бірге оқыған. Ибн Хажар әл-Асқаләни «Әд-Дурару әл-Камина» атты туындысында сегізінші ғасырда өмір сүрген 170 әйел хадистанушыларды тілге тиек етіп, олар турасында қысқаша деректер берген. (Қ. Құрманбаев. Әйел хадистанушылардың хадис іліміндегі орны). Хафыз ибн Асакир өз ұстаздарының арасында сексенге жуық әйел мухаддисті атап өтеді. Имам әш-Шафиғи, Бухари, Ибн Халликан және ибн Хиббан секілді ғұламалардың да әйел ұстаздары болған .
Ислам діні қажет жағдайларда әйелдің де жұмыс істеп, табыс табуын құптайды. Ислам діні қоғамда жұмыссыздықтың алдын алып, мемлекеттің әрбір жұмысқа қабілетті азамат-тарды жұмыспен қамтамасыз етуін талап етеді. Пайғамбарымыз әйелдердің белгілі бір мамандық иесі болуларына да мән беретін. Әйелдер үй тірліктерімен қатар бау-бақшада, қолөнер, сауда, тері илеу, тоқу, жүн иіру, оқу-сызу үйрету, дәрі жасау, ауру-сырқауларға қарау, ақындық, соғыста еркетерге көмектесу, иіс су сату секілді істермен де айналысқан. Ол кездері үйлену тойлары үшін қалыңдықты сәндейтін шаштараздықпен шұғылданатын, толғатқан ананы босандыратын, кісі жалдап сауда керуендерін шет елдерге жұмсайтын әйелдер де болған. Пайғамбарымыз бұған ешқандай қарсылық білдірмеген. Абдуллах ибн Мәсғудтың әйелі Зейнеп қолөнермен айналысып ақша табатын. Тапқан табысанан садақа беріп, жақындарына және мұқтаждарға көмектесетін. (Муслим, Бирр 149; Бухари, Илм 31). Ең алғашқы мухажир әйелдердің бірі Шифа Пайғамбарымыздың жұбайы Хафсаға оқу-сызу үйреткен. Омардың халифалығы кезінде кеңесші және базарды бақылау қызметтерін атқарған екен. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) жұбайы Зейнеп бинт Жахш тері өңдеу ісінің асқан шебері еді.
Осының өзі білім алу, еңбек ету жолында әйелдердің орнының қандай болғандығын тайға таңба басқандай көрсетеді. Қыз балаларды оқытпау, оларға білім бермеу, әйелдерді қоғамнан аластау дінді қате түсінуден туындаған. Жоғарыда келтірген мысалдар бұған нақты дәлел болады. Әйелдің тәрбиесі төмен болған қоғамның, ұрпақ тәрбиесінде қаншалықты кенже қалатындығы белгілі. Сондықтан болашақ қоғамның тәрбиешісі болып табылатын қыз балаларды оқыту, тәрбиелеуге ерекше мән беру аса маңызды болып табылады.