Жалпы иғтикаф дегеніміз жамағатпен бес уақыт намаз оқылатын мешітте құлшылық ниетімен қалу дегенді білдіреді. Иғтикафтың үш түрі бар: Уәжіп, муәккәд сүннет және мұстахап. Сіздің естігеніңіз иғтикафтың муәккәд сүннет түрі. Яғни ораза айының соңғы 10 күнінде иғтикафқа бекіну бұл муәккәд сүннет болып табылады. Айша анамыздың айтуы бойынша, Пайғамбарымыз (с.а.с.) Мәдинаға қоныстанып, Жаратқанға қауышқанға дейін (жыл сайын) рамазан айының соңғы он күнінде иғтикафқа кіретін(Бухари). Бұған қоса оразаның соңғы он түнін құлшылықпен өткізіп, «Соңғы он күннің тақ сандарында қадыр түнін іздеңдер», – деген. Имам Зухри де Пайғамбарымыздың көз жұмғанға дейін иғтикафты тастамағанын айтады.
Иғтикафты орындау үшін қажетті шарттар бар: мұсылман болу, ақыл-есі болу, мешітте өткізу, ниет ету. Ал әйел адамдарға мешітте иғтикаф өткізу мәкрүһ болып табылады. Олар иғтикафты үйінде орындауына болады. Алайда иғтикафқа бекінуі үшін күйеуінің рұқсаты керек.
Иғтикафтың орындалуына келетін болсақ, жоғарыда анықтамасында да айтылғандай, Алла тағаланың ризашылығы үшін құлшылық орындау мақсатымен мешітте қалуға бекіну қажет. Ал әйелдер жоғарыда да айтылғандай, үйінде орындауға ниет етуіне болады. Бірақ ер кісілерге мешіттен себепсіз шығып кету иғтикафты бұзатыны секілді, әйелдерге де құлшылық үшін қалуға бекінген жерлерінен шығып кету иғтикафтарын бұзады. Ал шығуға рұқсат етілген себеп болған жағдайда (ауруханаға бару, дәрі әкелу, жаназаға, жұмаға қатысу, ғұсыл алу үшін үйіне баруға т.б.), сол үшін ғана шығып, қайтадан жұмысын бітіре салысымен орнына оралу иғтикафты бұзбайды. Сондай-ақ жыныстық қатынас та иғтикафты бұзады. Муәккәд иғтикаф пен уәжіп иғтикафта ораза ұстау шарт болып табылады.
Рамазан айында иғтикафты орындау барысында басқа кісілермен сөйлесуге, тамақ пісіруге, тамақ жеуге, ұйықтауға, (әйелдерге үй жұмыстарын атқаруға) болады. Бірақ барынша уақыттарын құлшылықпен өткізгені де абзал. Уәжіп иғтикафты бұзса, қазасын өтейді. Ал қалғандарының қазасы өтелмейді.