Орта салмақтағы кәсіпқой боксшы Айдос Ербосынұлы былтыр қарашада Америка жерінде кубалық Дэвид Моррельмен жекпе-жектен кейін жасанды комаға жатқызылған еді. Бір айдан кейін БАҚ боксшының елге аман-есен қайтқанын сүйіншілеп жазды. Содан бері ел алдына шықпаған отандасымызбен сұхбаттасудың сәті түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
– Астанаға ем алу үшін келді деп естіп жатырмыз. Денсаулығыңыз әлі мазалап жүр ме?
– Дәл қазір денсаулығымда мазалайтын мәселе жоқ, Аллаға шүкір. Дегенмен боксты әрі қарай жалғастырсам да, жалғастырмайтын болсам да өзім үшін толық зерттеліп, емделу артық емес деп ойлаймын. Алматыдағы дәрігерлер Астанада жақсы бір маман бар деп кеңес берген. Сол шаруамен келіп жүрмін. Бұған дейін нейрохирургия жағынан екі рет оңалту емін алдым.
– Сонда дәрігерлер қандай қорытынды шығарып отыр? Қарсыластың соққысы бата тимей қате тиген бе, әлде құлаған кезде қосымша зақым келген бе екен?
– Енді ол жерде бірнеше фактор қабаттасып кеткен ғой. Бірақ қарсыласым қарақұстан көп ұрды негізі. Ондай соққы жасауға тыйым салынған. Ал төреші көп ескерту берген жоқ. Талай рет солай ұрған. 12-раундқа дейін қайталап ұра берген. Мен құлардың алдында да солай ұрған. Одан бөлек жекпе-жектің алдында салмақ тастау үшін 56 сағат тамақ ішпегенім бар. 56 сағат нәр татпай, тіпті су ішпей жүріп 3 рет жаттығу жасадым. Жалпы соның кесірі деп ойлаймын. Ал өйтіп салмақ қумасам, жеңілген күннің өзінде қатты құламайтын едім. Соның өзінде 12 раунд бойы шыдап келе жаттым ғой. Жалпы жекпе-жекке шаршаңқы шықтым. Қарсыласым үшінші немесе төртінші раундта сенімді соққы жасаған болса, сол кезде-ақ құлауым мүмкін еді. Өйткені физикалық тұрғыдан дайын болмадым. Күшімнің бәрі салмақ қууға кетіп қалды.
– Сол соққыларға бейнесараптау жасап, қарсыласыңыздың ережеге қайшы жұдырықтасқанын дәлелдеу ойыңызға келмеді ме? Жекпе-жектің қорытындысын қайта қарауға болмас па еді?
– Оның бәрі видеода бар. Бірақ біздің тараптан ондай сараптауға мүдделі ешкім болған жоқ. Өзім ғана мына сәтте былай ұрғаны ережеге қайшы болды деп айтып бере аламын. Бұл мәселеде мені жақтайтын адам жоқ боп тұр.
– Әдетте дәрігерлер сіздікі сияқты жарақаттан кейін рингке шықпай-ақ қойыңыз деген кеңес беріп жатады. Сізге де тыйым салып жатқан жоқ па?
– Әр дәрігер әр түрлі айтып жатыр. Біреулер: «Болды, мансабыңызды аяқтаңыз», – дейді. Тағы бірі: «Әлі де рингке шығуыңа болады» деп отыр. Айналып келгенде соңғы шешімді өзім шығаруым керек қой. Өйткені тарихта қатты жарақат алса да, қайта чемпион атанған боксшылар бар. Дәл менікіндей жарақатпен қайта шыққан боксшыны білмейді екенмін. Винченцо Эдвард Пациенца деген боксшы болған. Мойны сынып кетсе де, емделіп, рингке қайта шыққан. Оған дәрігерлер өмір бойы кемтар болып қаласың деген. Соған қарамастан боксқа қайта оралып, әлем чемпионы атанған. Кезінде мен де жағым сынғанына қарамастан жекпе-жекті аяқтап шыққам. Астанада 2016 жеңіліссіз келе жатқан грузин боксшымен шықтым. Оның көрсеткіші 7:0, менің көрсеткішім 3:0 болатын. Жақ екі жерден сынып кетті.
Бапкердің боксты тоқтатайық дегеніне қарамастан, сынған жақпен айқасты жалғастырдым. Қарсыласымды үш рет нокдаунға жіберіп, бесінші раундта техникалық нокаутпен жеңдім. Сол кезде де боксты қою керек деген кеңестер айтылған. Бірақ емделген соң қайта оралып, бесінші, алтыншы жекпе-жектерім Америкада өтті. Сөйтіп жүріп, бірнеше белдікке қол жеткіздім. Алты дүркін Азия чемпионы, WBA нұсқасы бойынша Әлем чемпионы атандым. Сондықтан бұл жерде де көп дүние өзіме байланысты. Соңғы сөзді өзім айтам (сол жекпе-жектен кейін Айдос Ербосынұлы «Жағың сынса да, сағың сынбасын» деген кітап жазады – ред.).
– Отбасыңыз, жақындарыңыз боксты жалғастырсаңыз қолдай ма?
– Әрине, ата-анам қарсы. Енді шықпай-ақ қой деп отыр. Бірақ ақырғы шешімді адамның өзі қабылдайды ғой. Өзім боксты әрі қарай жалғастыруым керек деп шешсем, жақындарымды да көндірем. Олар да менің көңіліме қарайды ғой.
–Ал өзіңіз шешім қабылдап үлгердіңіз бе?
– Негізі оралғым келеді. Бірақ әлі салмақтап, сараптау керек. Ақымақ шешім болғанын қаламаймын. Жақсылап ойланып, ақылдасып, тексеріліп көрем. Сол үшін АҚШ-қа да барғым келген. Әзірге промоутерлерім осы деңгейде демеушілік жасап отыр. Қазір боксқа келем немесе боксты қоям деп нақты айта алмаймын. Ол туралы қатты бір ойланып та жүрген жоқпын. Жаттығуларды ақырындап бастап кеттім.
– Промоутеріңіз өзгерген жоқ қой?
-Иә, байланысымыз сол қалпында.
– Олар тезірек рингке шығуыңызды талап етіп жатқан жоқ па?
– Жо-жоқ. Олар керісінше денсаулығыңа алаңдасаң, біз қал деп айта алмаймыз, өзің ойлан деп отыр. Шамасынша көмектесіп жатыр. Соларына рахмет. Америкада бір ай ауруханада жаттым. Оның бәріне сұмдық ақша кетті. Соны промоутерлерім көтеріп алды. Сондықтан ол кісілерге алғыстан басқа айтарым жоқ.
– Сұрамай кете алмайтын бір сауал туындап тұр. Жақында белгілі кәсіпқой боксшы Бейбіт Шүменовтің айналасында дау туындады ғой. Сол оқиға туралы кәсіпқой боксшы ретінде пікіріңізді білсек деп едік. Сіз Бейбіт Шүменовтің орнында болсаңыз, не істер едіңіз?
– Ол жерде Бейбіт ағаның қасында тұрған жоқпын ғой. Өз көзіммен көрмеген оқиға туралы пікір айту дұрыс емес шығар. Бірақ әлеуметтік желіден көріп, естуім бойынша, кикілжіңді ана жігіт бастаған сияқты. Бейбіт ағамыз да бекерден-бекер біреуге жұдырық ала жүгірмейді ғой. Оның үстіне ана жігіт баланы қолына қасақана ұстап алғандай көрінді. Бейбіт баланы көздеп ұрып жатқан жоқ. Керісінше ана жігіт баласымен қорғанғандай жағдай болған. Әрине, сырт көзге жалпы бұл төбелес өрескел көрініп тұр. Бірақ нақты себебін білмегендіктен бір нәрсе деу қою қиын.
– Бейбіт Шүменовті жақсы танисыз ба? Шалт мінезі жоқ па еді?
– Бебйіт ағамызды адам ретінде білем. Кезінде жақсы араластық. Ол кісі сондай бір жұдырық ала жүгіретін адам емес. Бір сөзі қатты өтіп кетті ме екен деп ойлаймын. Тілі тиген шығар. Ол жерде болмағандықтан сырттан баға бере алмаймын.
– Өз басыңызда Бейбіт Шүменовтің оқиғасы сияқты жайттар болды ма?
– Халыққа қазіргідей танылмай тұрған кезде ондай жайттар жиі болатын. 2018 жылы Бейбіт Шүменовтің бокс кешінде алғашқы белдігімді алып, Азия чемпионы атанғанмын. Содан кейін Алматыда бір төбелеске түсіп қалғаным бар. Сондағылар танып қойып, қатты ұялтқан еді. Содан бері ондай жағдайға түспеуге тырысып келем.
– Соңғы шешім өзімде деп отырсыз. Оңалту сәтті өтіп, боксқа қайта оралып жатсаңыз рингке қашан шыға бастайсыз?
– Бұл жарақат өте ауыр болды ғой. Сондықтан кемінде бір жыл керек деп ойлаймын. Ол енді өз пайымым. Алматыда оңалтуда жатқанда Оңтүстік Кореяның дәрігерлеріне тікелей байланысқа шықтық. Сонда олар медициналық құжаттарымды қарап, талдауларымды көріп, «боксқа қайтып орала берсеңіз болады» дегендей кеңес берді. «Қатты оралғыңыз келсе, оралыңыз. Ал негізі қойғаныңыз дұрыс. Өйткені рингке шыққан соң не болатынын болжап бере алмаймыз» дегенді айтты. Олар да шешімді өзіме итеріп тұр.
– Америкада емделсем деген ой болған деп қалдыңыз. Ешкімнен көмек сұрап көрген жоқсыз ба? Бәлкім ол жақта оңалтуыңыз жылдамырақ жүрер ме еді?
– Аллаға шүкір, мұндағы емге көңілім толып жатыр. Өткенде Кеңес Рақышев (Қазақстан бокс федерациясының президенті – ред). ағамызбен де кездескем. Ол кісі де қолдау білдірді. Егер нақты оралам деп жатсаң, АҚШ-қа барып емделу керек боп жатса, өзіме хабарлас», – деді. Яғни, федерация тарапынан да қолдау бар.
– Сонда дәрігерлер қандай қорытынды шығарып отыр. Нақты қандай зақым келген дейді?
– Зақым дегенде, басымды тіліп, ота жасады ғой. Негізгі мәселе соның орны болып тұр. Әйтпесе қатты бір салдары қалмаған. Әуелде бастың ішінде қан ұйыған. Оны хирургиялық жолмен сылып тастаған. Кейбір БАҚ миына қан құйылыпты дегендей жазып жатты ғой. Ондай болмаған. Ол өтірік.
– Кәсіпқой бокста аты танымал боксшыларымыз баршылық қой. Бір-біріңізбен байланысыңыз қандай? Мұхиттың ар жағында жүргендіктен бір-біріңізді қолдайсыздар ма? Мысалы, Геннадий Головкинмен байланысыңыз бар ма дегендей. Оны сұрап отырғанымыз, сіз Канеломен бір залда жаттығып жүрдіңіз ғой.
– Бәрімен байланыс бар. Геннадий ағамызбен жеке отырып сөйлесіп көрмеппін. Оның жекпе-жектеріне барып тұратынбыз. Ал Жәнібек Әлімханұлымен бір облыстан шыққандықтан жас күнімнен таныспын. Кезінде облыстық құрамада талай бірге дайындалдық та. Менен екі жас кішілігі бар.
– Бокста жүре бергім келеді деп отырсыз. Рингтен кетсем, не істеймін деген қорқыныш жоқ па? Мысалы, Еркебұлан Шынәлиевтің соңғы видеосы елі ішінде көп тарады. Спорттан кеткеннен кейін өмірден орын табу соншалық қиын ба?
– Спорттан кету оңай емес. Мысалы, мен де дәл қазір боксты қойсам, әрі қарай не істетінімді нақты білмеймін. Кәсіппен айналысам ба, мемлекет жұмыс ұсына ма, ол жағы маған белгісіз. Мысалы менің боксқа келгеніме 20 жыл болыпты. Ең жалынды деген 20 жылыңды арнайсың. Бүкіл спортшыда сондай. Сонша тер төккен салаңнан басқа арнаға ауысу қиын болып қалады. Психологиялық тұрғыдан да қиын. Дәл сол кезде сәл ғана қолдау болса, жақсы. Дегенмен өз басым оптимиспін. Біреу бір нәрсе беру керек еді деп отыра алмаймын. Бәрі талпынысқа байланысты.
– Спортшының келесі қадамы бапкерлік сияқты болып тұрады ғой. Ондай ой бар ма?
– Негізі өзімде бапкер болсам деген ниет жоқ. Бірақ бір жағынан менен жақсы бапкер шығар еді деп ойлаймын. Жалпы өзім туралы пікірім жақсы (күледі). Бапкерлік оңай емес. Жүйкенің жұмысы ғой. Бәлкім кәсіпкерлікті таңдайтын шығармын. Уақыт көрсетеді. Қысқасы, қазір қалың ойдың үстінде жүрмін. Тексерілуіме де көп дүние байланысты. Жарты жыл көлемінде әрі қарай не істейтінім белгілі болып қалатын шығар. Қазір жаттығуды ептеп жасап жүрмін.
– Сіз мұхиттың ар жағында, ауруханада жатқан кезде қазақстандықтардың қолдауы, тілеулестігі күшті болды. Соны сіз сезіне алдыңыз ба?
– Әрине. Қазақ елін мен қалай жақсы көріп келсем, қазақ та мені солай жақсы көретінін сезіндім. Есімді жиған сәттен бастап, боксқа қайтып оралам дедім. Дәрігерлер мұндай жағдайдан кейін боксшылар 3-4 ай ауруханада жататынын айтты. Менің жағдайыма таңғалды. Бір айдан кейін «Сіз жазылып қойдыңыз. Енді бұл жерде жатқаннан пайда жоқ» , – деп шығарып салды. Бұлай тез аяқтан тұрып кету өте сирек болады деп жатты. Соны мен халықтың тілеуінен, дұғасынан деп қабылдадым. Боксқа қайтып оралам деуіме де халықтың ықыласы стимул болды.
– Канеломен бірге жаттығып жүрдіңіз ғой. Геннадий екеуінің алғашқы екі жекпе-жегі туралы талас көп. Біреулер бірінші айқаста Геннадий жеңген еді деп жатады, біреулер шынымен тең түсті дейді. Сіз соның қайсына қосыласыз?
– Көбі Головкин бірінші айқаста жеңді деп ойлайды. Меніңше, бірінші жекпе-жекте екеуі тең түскен сияқты. Ал екінші кездесуде Гена таза жеңген сияқты. Жақсылап қарасаңыздар, Головкиннің соққылары дөп тиіп жатты. Канело алға ұмтылғанымен сасқалақтап, қателесіп жүрді. Ал үшінші айқаста Гена таза жеңілді. Жасы да кеп қалған кез ғой.
-Жәнібек Әлімханұлы Канелоны бірнеше рет жекпе-жекке шақырды. Біреулер оны стратегиялық қадам деп жатады. Дегенмен біздің Жәнібек мексикалықпен дәл қазір шығуға дайын деп ойлайсыз ба?
– Жәнібекке дәл қазір керек емес деп ойлаймын. Бірақ ол да жайдан-жай чемпион болған жоқ қой. Канелодан қорқатын реті жоқ. Өзі де соны айтып жүр ғой. Мүмкіндік болса, 2-3 рет белбеуін қорғап алып, шықса дәл болар еді. Өзі тәжірибе жинай түседі, ал Канело сәл де болса шау тартады дегендей… Қанша дегенмен үш жыл айырмашылық бар ғой.
– Сұхбатыңызға рахмет! Тез сауығып кетуіңізге тілектеспіз.
Есімжан Нақтыбай