– Айдар Парқұлұлы, алдымен өзіңіз басқарып отырған Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне қарасты Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы атқаратын жұмыстармен оқырмандарды таныстыра кетсеңіз. Орталық қашан, қандай мақсатта құрылды, қандай халықаралық ұйымдармен байланыс жасайды?
– Орталық 2008 жылдан бастап қызмет етіп келеді. Осы он жылдың ішінде біраз жұмыс атқарылды. Орталықтың құрылуына Елбасының өзі мұрындық болды. Бұл туралы 2006 жылы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының II cъезінде мәлімдеген болатын. Алғашқыда әлемнің 35 елімен байланысын бастаған орталық бүгінде 88 елмен қарым-қатынас жасайды. Негізгі бағытымыз – халықаралық деңгейдегі діни ахуалды зерттеу, әлемдік деңгейдегі жинақталған тәжірибе мен ең өзекті мәселеге байланысты елімізде насихат, түсіндіру жұмысын жүргізу. Біздің мекемеде әлеуметтанушы, саясаттанушы, дінтанушылар қызмет етеді. Олар әлемдік деңгейдегі өркениетті зерттей отырып, дінмен байланысты жағдайдың барлығына сараптама жасайды, нақты шешім қабылдайды. Сараптама нәтижесінде, алынған тәжірибе еліміздің таным-түсінігімен салыстырылып отырады. Мысалы, қажылық сапарды ұйымдастыруға, қайтқан адамды ақтық сапарға шығарып салуға байланысты көптеген мұсылман елдердің тәжірибелерін сараптадық. Сондай-ақ дәстүрлі емес діндер өкілдерімен қандай шаруа атқарылып жатқандығын талқылап отырамыз. Әлемде қай жерде, не жасалып жатқанына 24 сағат бойы мониторинг жасалады. Радикализм, терроризм, уахабизм, салафизм сияқты өзекті мәселелерге тереңдетілген зерттеулер жүргіземіз. Зерттеу том-том болып, монография ретінде жариялану үшін емес, қысқамерзімдік болжам үшін жасалады.
Соңғы кезде көптеген халықаралық ұйымдар түрлі мәдени және діни мәселелер бойынша байланыс жасауға қызығушылық танытып отыр. Мысалы, Әлемдік ислам лигасы (Сауд Арабиясы Королдігі), Қасиетті Эджидио қауымдастығы (Италия), Азия үйі (Испания), Тони Блэр қоры (Ұлыбритания), «Кордоба бастамасы» ұйымы (АҚШ), сонымен қатар ТМД Дінаралық кеңесі, «Діндер бейбітшілік үшін» конференциясы, Венадағы Сауд Арабиясының королі Абдалла атындағы Дінаралық және мәдениетаралық пікірлесу халықаралық орталығы, Әлемдік шіркеулер кеңесі, Дохадағы Дінаралық пікірлесу бойынша халықаралық орталық сияқты беделді халықаралық ұйымдарды атап айтуға болады. Өз тарапымыздан да көптеген елдермен түрлі деңгейде байланыстар орнатудамыз. Түркия, Ватикан және көршілес елдермен өте тығыз қарым-қатынаста іс-шаралар атқарылып жатыр.
– Астанада келесі жылы күзде дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI cъезі өтпекші. Мұнда қандай мәселелер талқыланады?
– Әлемде әртүрлі саяси, экономикалық және мәдени-әлеуметтік тақырыптарды қамтитын форумдар жиі ұйымдастырылады. Бұл басқосуда дін жағындағы мәселелер қаралады. Әңгіме «діннің қазіргі жағдайы қалай болуы керек, қай тұста ақсап, қай жерде кемшілік жіберіп отырмыз, діни қақтығыстарды тоқтату бағытында қандай қадамдар жасау қажет?» деген сұрақтар төңірегінде болады. Әлемдік деңгейдегі діни қайраткерлер жиналады, олар өзара пікір алмасып, ойларын ортаға салады. Сол себепті, әр үш жыл сайын елімізде дәстүрлі діндер көшбасшыларының cъезі өтіп тұрады. Ол – тек кездесу ғана емес, әлемдегі ең маңызды деген діни мәселелерді талқыға салып, соларды күн тәртібіне шығарады. Байқап қарасаңыз, осы съезге қатысқысы келетін елдердің саны жылдан-жылға артып келеді. Астанада өтетін жиынға дайындық жоғары деңгейде жүргізілуде. Оған қатысатын мемлекеттер мен әр елден келетін делегаттар анықталып жатыр. Сонымен қатар күн тәртібіне енгізілетін ұсыныстар әлі де қабылдануда. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе – экстремизм, терроризмнің алдын алу, жаһандану дәуіріндегі елдердің бет-бейнесі, ұстанатын жолы, әлемдік қауіп-қатермен күрес. V съезде әлемдік деңгейдегі бейбітшілік және келісімге қосқан үлесін ескеріп, көшбасшы қайраткерлерге арнайы марапат тағайындау жөнінде келісімге келген болатынбыз. Ол сыйлық әлемдік деңгейдегі ең белсенді қызмет еткен тұлғаға табысталады. Бұл дін саласындағы жоғары дәрежедегі атақ болмақ.
– Орталық халықаралық деңгейдегі діни ахуалды зерттеп, әлемдік тәжірибені елімізде насихаттайды дедіңіз, ерте заманда айтылған діни уағыздар бүгінгі жаһандану дәуіріндегі инновациялық жетістіктермен, осы заманның ұғымдарымен өзара қалай қабысады?
– Соңғы мәліметтер бойынша, әлемде адамзаттың 95 пайызы өздерін белгілі бір діни мәдениеттің өкіліміз, діни қағидат пен ұстанымға немесе сол жолға қатысымыз бар деп санайды. Демек, 100 пайыздың 95 пайызы өзін бір діни мәдениетпен байланыстырады. Әрине, уақыт өткен сайын діни ұғымдар да өзгереді. Сондықтан ерте замандағы айтылған уағыздарды бүгінгі жаһандану дәуіріндегі жетістіктермен байланыстырып түсіндіруге тура келеді. Осы орайда дін қағидаларын бұрмалауларға жол бергізбеген абзал. Бүгінгі күні діни көшбасшылар заман талабына сай жаңа тәпсірін жасап жатыр. Әлемдік діндердің өзі бүгінгі ғылыми жетістіктерді теріске шығармайды, керісінше өз мүдделеріне жаратып жатқанына куә болудамыз. Діни қағидатты қазіргі ғылыми жетістікпен байланыстырып айтса, қауымды діни фанатизмнен сақтап қалуға болатындығына көптеген ел көз жеткізген. Оны ежелгі түсінікпен түсіндіретін болсақ, халыққа дұрыс жетпеуі мүмкін.
Діни білімсіздіктің алдын алу – кезек күттірмес мәселе. Ол үшін маман даярлау – ең басты мақсат. Осы орайда Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп еліміздегі мектептерде 2018 оқу жылына арналған «Қоғам және дін» деген атаумен жаңа оқулық дайындалуда. Ол мектеп бағдарламасына енгізілетін болады. Қазіргі кезде білімді, жан-жақты, діни фанатизмнен аулақ, өркениетті дамуды көздейтін азаматтар ғана жарқын болашаққа бастай алады. Осы мәселелердің шешімін Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында келтірген. Мақалада айтылғандай, «ұлт үнемі дамып отыратын тірі ағза» десек, өз бет-бейнемізді сақтай отырып, жаңа үрдістерге бейімделе білген ұлт қана өміршең бола алады.
– Бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі – діни экстремизм. Елімізде кейіннен пайда болған әсіредіншілдер немесе теріс ағымдардың өкілдері туралы не айтасыз?
– Өкінішке қарай, жат ағым, теріс пиғыл – бұл әлемде дін пайда болған күннен бастап бірге келе жатқан құбылыс. Ақиқатпен бірге жалғандық та жүреді, дінде де солай. Пайғамбарлардың өмірлері де жалғандықпен арпалыста өткен. Қай пайғамбардың өмірін алып қарасаңыз да солай. Дін атын жамылған екіжүзділермен күрес қай кезде де болған. Кезіндегі Тоныкөк, әл-Фараби, Баласағұн, Абай, Шәкәрім еңбектерінде зұлымдық туралы айтылады. Кеңес Одағы кезінде біз әлемдегі дінге қатысты саясаттан шеткері болдық. Сондықтан тәуелсіздік алған жылдары жаһандық діни проблемаларға қатысты қоғамымыздың иммунитеті төмен болды. Халықаралық зерттеулердің нәтижесіне сүйенсек, бүгінгі таңда қантөгістердің басым бөлігі зайырлы ұстанымдағы емес, діни фундаментализм басым елдерде орын алып отыр. Айталық, мұсылман елдеріндегі қарулы қақтығыстардан қашқан босқындар бас сауғалап Еуроодаққа ағылды. Қалай десек те, атеистік көзқарасы басым Еуропа елдері оларға жағдай жасауда. Осыны көріп отырса да бай, әлеуетті мұсылман елдердің ешқайсысы оларды қабылдауға ниет танытқан жоқ.
Діни экстремизм XX ғасырдың соңына қарай белсенді бола бастағанын байқауға болады. Ислам әлемінде ғана емес, христиан әлемінде де қаншама діни ағымдар бар. Сол ағымдарға қарсы теріс ағымдар бар. Тіпті, Інжілдің өзінде «Әрбір өсімдіктің қурап қалған бұтағы болады» деген сөз жазылған. Жеміс бермейтін, гүлдемейтін, керісінше, өсімдікке зиян келтіретін құрғақ бұтақтардан арылу керек. Өсімдіктің ары қарай өсе беруіне жағдай жасау керек. Бұл қағидат Құранда да бар. Ол «бұтақтар» бүгінгі күні дінді жамылып өз мақсатын көздейтін жат ағымды насихаттау арқылы халықтың басын айналдырып, әуре-сарсаңға салып келеді. Бұл шырмауға әлі оң мен солын танымайтын жастардың түсуі мүмкін. Қазіргі секталардың барлығының көздейтіні – адамды алдау арқылы өз тобына қосу.
– Өз тобына адамдарды көптеп тартып, қатарын көбейту діни секталарға не береді? Олардың түпкі идеясы, мақсаттары не?
– Әрбір дәстүрлі емес діни секталар қатарын көбейтіп саясатқа араласуды, сол арқылы мол табысқа кенелуді көздейді. Табыс көбейген соң, билікпен тартысқа түсуге ұмтылады. Көбінің мақсаты – осы. Ислам әлемінде XX ғасырдың алпысыншы жылдарында діни секталар белсенді түрде саясатқа кіріскенін байқауға болады. Саралап қарасақ, осындай жат дүние, әсіресе, табиғи ресурс қоры мол, мұнайға бай елдерде көптеп кездеседі. Көп жағдайда діни ағымдардың шығуы байлықпен тікелей байланысты. Сирия, Ирак, Ливия осыдан біраз жыл бұрын әлемдегі бай мемлекеттердің қатарында тұрған. Тіпті бір кездері Ауғанстанның өзі бай мемлекеттердің бірі еді. Қазір ол қазба жұмыстарын жүргізетін ауқатты мемлекет емес, тек апиын егіп, есірткі шығаратын елге айналды. Ауғанстанның кезінде ислам әлеміндегі ең бай 10 мемлекеттің қатарында болғанын, ислам мәдениетінің ол елде көптеп шоғырланғанын, индустриясы дамығанын, тарихи орындарға бай болғандығын біреу білсе, біреу білмейтін жағдайға жетті.
– Бізге салафизм араб елдерінен келген бе?
– Салафизм Саудияда мемлекеттің ұстанымы, діні ретінде қабылданады. Бірақ ол жердегі салафизм мен біздің елдегі салафизмнің арасы жер мен көктей. Кейбір араб елдерінің елшілері бізге ренжіңкіреп қарайды. «Сіздер салафит деп біздің ұстанымызды, дінімізді айыптаған сияқты боласыздар. Біз ешкімді біреуге зорлық-зомбылық көрсет деп жібермейміз. Біреуді өлтіру, қиянат жасау деген біздің түсінігімізде мүлдем жоқ. Біз де сол экстремизм мен терроризмнің зардабын шегіп келеміз» дейді. Сарапшылар біздің жерге салафизм көршілес елдің Солтүстік Кавказ, Еділ бойынан мұнайлы Батыс Қазақстан аумағына келгенін растап отыр.
– Исламдағы теріс ағымдарды шет елдерде діни мектептерде оқыған қазақстандық жастар алып келеді деген сөз бар…
– Кезінде Орта Азиядан оқуға баратын бозбалаларды дәстүрлі емес діндердің өкілдері, ұстаздары өз жағына тартып, теріс тәрбиелеу арқылы кейіннен сол елдерде лаңкестік жасап, бүлік шығаруға пайдаланғаны рас. Қазіргі кезде ислам мемлекеттерінің барлығында да бакалавриат бойынша діни білім алуға тыйым салынғаны сондықтан. Себебі, әлі оң-солын танып үлгермеген жастар теріс ағым өкілдеріне «жем» болып кетуі мүмкін. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жастар діни білім алу мақсатында шетелдік оқу орындарына көптеп барғанын білеміз. Шет елден білім алған жақсы әрине, жастардың жан-жақты шыңдалуына жақсы тәжірибе. Бірақ дәл діни білім алуға келгенде қауіптенуіміз орынды. Себебі, шетелде діни білім алған жастар потенциалды қауіптің көзіне айналып үлгереді. Дін үйренемін деп кетіп, олардың діни танымын, діни тәжірибесін, сол елдердің ұлттық мәдени құндылықтарын алып келеді. Ең өкініштісі, сол идеологияны өздерімен бірге елге әкеліп, басқа жастардың санасын улауға кіріседі. Ендігі аралықта өскелең ұрпақтың шетелде діни білім алу мәселесі мемлекет тарапынан реттелетін болады. Нақтырақ айтқанда, заңнамалық өзгерістер шетелде діни білім алғысы келетіндер үшін бірқатар талаптар қарастырмақ. Қазақстанда жоғары діни білім алған мамандар ғана шетелде діни білім ала алатын болады. Яғни, діни сауаттылық деңгейі қалыптасқан тұлғаларға ғана рұқсат беру арқылы біз жастардың және қоғамның діни қауіпсіздігін қамтамасыз етпекпіз.
Жалпы, адамзат тарихында діни сенім мен ғылыми таным қашанда қатар жүрген. Жете түсінгенге ислам діні ешқашан ғылымға қарсы болмаған. Керісінше, оны әрдайым қолдаған. Біз бүгінде ғылым мен білім, жаңа технологиялар көз ілестірмес қарқынмен дамыған заманда өмір сүрудеміз. Бұл көштен артта қалмаудың бір амалы – әсіредіншілдік, керітартпалық және жат ағымның жасырын ниетті идеологиясынан арылу. Жат ағым идеологиясымен санасы уланған жастарымыз ата дәстүрді, төл тарихымызды, мәдениет, өркениет, ғылым мен білімді қажет етпей тәрк ету арқылы қоғамнан оқшауланып, ортағасырлық артта қалушылық күйге түсуде. Салдарынан теріс пиғылды ағымдар дәстүрлі ислам доктринасына, ұлттық ауызбіршілігімізге сына қаққысы келіп, қоғамда бүлік тудыруда. Әсіредіншілдік мәселесімен күресте ең әуелі идеологиялық кешенді жұмыс жүргізу арқылы қоғам мүшелерін терроризм, экстремизм және радикализммен саналы түрде күресетін, сақтануға мейілінше қабілетті рухани сана қалыптастыруымыз керек. Жалаң ұран мен формальды істер тақуалықтың белгісі бола алмайтынын түсіне отырып, нақты нәтижелерге ұмтылуымыз керек.
Жуырда бекітілген Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы қазіргі кездегі қордаланған көптеген мәселелерді шешуге бағытталған. Дін саласындағы мемлекеттік саясат, заңдар, діни бірлестіктердің қызметі, діни білім алу, жасөспірімдерді қорғау, ішкі және сыртқы қауіпсіздікті сақтауға бағытталған. Жалпы, Қазақстанда көршілес елдермен салыстырғанда жастарға қолдау көрсететін әлеуметтік жобалар өте көп.
– Айдар Парқұлұлы, қазір елімізде деструктивтік діни ағымдар идеологиялық жұмыстарын ғаламтор арқылы жандандырып, өз жағына адамдарды әлеуметтік желілер арқылы тартып жатыр. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің мәлімдеуінше, экстремистік мазмұндағы материалдарды шектеу мақсатында биыл еліміздегі 3 мың сайтқа тексеру жасалып, 1500 интернет-ресурс бұғатталған екен. Орталықтың осы бағыттағы жұмыстары жайлы толығырақ айтып берсеңіз?
– Орталық БАҚ және интернет – контентке күнделікті мониторинг жасап отырады. Шетелден келген бүкіл әдебиет біздің сарапшылардың қолынан өтеді. Орталық бұл мәселелерді шешуге құзыретті органдардың тапсырмасымен діни сараптама жасайды. Таратуға болатын, болмайтындығы жөнінде шешім шығарамыз. Осы мониторинг нәтижесі бойынша ғаламторды пайдаланушы қазақстандықтар арасында ең кең тарағаны вонтакте әлеуметтік желісі болып шықты. Онда 1,945 млн пайдаланушы тіркелген, олар айына орташа 45 млн хабарлама жариялап отырады. Желі пайдаланушылардың 53,8 пайызы ерлер болса, 46,2 пайызы әйел адамдар. Вконтакте әлеуметтік желісінің пайдаланушыларының негізін 18 жасқа дейінгі жастар, одан кейінгі белсенді топ 18-24 жас аралығын құрайды. Пайдаланушылардың ширек бөлігін ғана 25 жастан асқандар құрап отыр. Кең тараған интернет қауымдастығы – мой мир желісі, мұнда 155,3 мың қазақстандық тіркелген. Олардың ішінде 59,5 пайызы – әйелдер, 40,5 пайызы – ер адамдар. Жас аралықтары 25-44 жасты құрайды.
Бүгінгі таңда Қазақстанның белсенді интеллектуалды бөлігі facebook әлеуметтік желісіне 125,8 мың адам тіркелген. Олардың 60,3 пайызын әйелдер құрап отыр. Бұл желінің негізгі пайдаланушы аудиториясы – 25-55 жас аралығында. Одноклассники әлеуметтік желісіне 69,3 мың қазақстандық тіркелген, оны пайдаланушылардың әрбір бесіншісі – 55 жастан асқандар. Жыныстық көрсеткіш бойынша 74 пайызы – әйелдер, 26 пайызы ер адамдарды құрап отыр. Соңғы орында – twitter әлеуметтік желісі, оның таралымы – 16,6 мың адам. Оның ішіндегі 52 пайызы – ер адамдар. Орталық жыл басынан бері 2000-ға жуық интернет-ресурсқа мониторинг жасап олардың үштен бірінен құқықбұзушылық фактілері анықталды.
– Сирия соғысына өз еркімен кеткен қазақстандық азаматтар туралы не айтасыз?
– Ол жолға түскен адамдарды қайтару үшін ештеңе жасай алмаймыз. Өйткені, олар ата-ананың, туған-туыстарының көз жасына, аяғына жығылып, жалынғанына қараған жоқ, барлығынан аттап өтті. Қылмыстық жолға байланып, надандықтың, жалғандықтың, діни соқырлықтың құрбаны болды. Бала-шағасын, ата-анасын, туған жерін тастап кеткендердің адам өліміне, қан төгілген лаңкестікке қатысы бары заңды дәлелденсе, ондай қылмыскерді елге қайтару қаншалықты қажет? Ауыр қылмыс жасамай тұрып адасқанын мойындағандар болса, оларды қайта қабылдап, тиісті жазасын өтегеннен кейін туыс-туғандарының арасында өмір сүруіне мүмкіндік беруге болады.
Жалпы, осындай жағдайды болдырмауға еліміздің өңірлерінде ақпараттық насихаттау топтары және оңалту орталықтары, қоғамдық бірлестіктер мен діни бірлестіктер жұмыла қызмет жасауы керек. Діни экстремизмнің алдын алу аясында елімізде, оның ішінде жастар арасында жүйелі ақпараттық-түсіндіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Дін – өте өзекті, нәзік нәрсе. Жастарға дінді дұрыс түсіндіруіміз керек. Дін – рухани қазына, әрине, алайда, қазіргі заман білім мен ғылымға негізделген дінді қажет етеді. Мәселен, Құдай сенің әрекетіңді жарылқайды, қолдайды, рухани күш бере алады. Бар болғаны осы ғана.
Ал кейбір мешіттер осы күнге дейін «Мешітке келсең, намазыңды оқысаң, Алла саған бәрін береді, бәрін үйіп-төгеді» дейді. Қазіргі күні жастар өз адал еңбегімен нәпақасын тауып, отбасының алдындағы жауапкершілігін өтейтін шағында жұмыстарын қойып, мешіттен шықпайды. Тіпті, имамдардың «Мешітке жұма намазда ғана жарты сағатқа кел. Содан кейін жұмысыңды жалғастыра бер» деп айтуы керек сияқты. Жастарымыз уағызын тыңдап, жалпы түсінік алған соң ары қарай еңбегіне кірісіп кетсе деп ойлаймын. Жақында «Уақып» деген қайырымдылық қоры құрылды. Қор алдағы уақытта дін саласындағы сауаттандыруға, радикализм мен терроризмнің алдын алу сияқты көптеген әлеуметтік жобаларды, іс-шараларды қаржыландыруды жоспарлап отыр.
– Бүгінде дін саласындағы мемлекеттік саясатты үйлестіру мәселелері кеңінен қарастырылып, іргелі істер қолға алынды. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің бастамасымен әзірленген «Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы кейбір заңнамаларына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы бүгінде қоғам арасында қызу талқыланып жатыр, жыл соңына дейін қабылданады деп күтілуде. Заңға енгізілетін жаңа өзгертулерге халық қандай пікірлер айтып жатыр?
– Заңнамалық өзгерістер қазіргі кездегі бірқатар өзекті мәселелерді қамтитын болады. Заң жобасы қоғам тарапынан қызу талқыға түсіп жатыр. Алайда ерекше назар аударатын жайт, осы заңнамалық бастаманың барлығы жергілікті жерлердегі тұрғындардың өтініштері мен сұраныстары негізінде туындады. Дін саласының мамандары, теологтар, ғалымдармен кездесіп, талқылап, сүзгіден өткізе отырып, «жеті рет өлшеп, бір рет кесті» десек болады. Әрине, қоғамдағы кез келген өзгертулер, әсіресе, дін саласындағы, пікір қайшылықтарын тудырып, тіпті қатаң сынға ұшырап жатуы – орынды құбылыс. Заңға ұсынылған өзгертулерге қатысты елімізде көптеген қайшы пікірлер орын алып, тіпті отандық БАҚ беттерінде «тыйым салумен ғана шектелген» деген пікірлер де болды. Бұл бастаманы «шектеу» дегеннен гөрі, «реттеу» деген орынды болар. Олай дейтінім, діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнама ең алдымен азаматтардың құқықтарын сақтауға ықпал етуді және дінді экстремистік және басқа да деструктивтік іс-әрекеттерде қолдануды азайту мақсатында құқық нормаларын орнатуды мақсат етіп отыр.
Жалпы, ХХІ ғасырдағы заманауи әлемнің даму қарқыны адамзат өркениетінде артып келе жатқан шиеленістер мен қауіп-қатерлерге қарсы тұрып, дін саласындағы мәселелерді жаңадан шешуді талап етеді. Президент Н.Назарбаев Қазақстан халқына жолдаған «Қазақстан – 2050» стратегиясы – мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты бағдарламада «Мемлекеттің және қоғамның басты міндеті – дәстүрлері мен мәдени нормаларына сай келетін елдің діни сана-сезімін қалыптастыру, сондай-ақ радикализм, экстремизм және терроризмнің барлық көрінісіне бірлесе отырып қарсы әрекет ету керек» деген болатын. Бұл ретте елдегі діни ахуалдың тұрақты және бақылауда екенін атап өткен жөн. Уәкілетті және құқық қорғау органдарының жүйелі түрде жүргізіліп отырған жұмыстарының нәтижесінде діни жағдай тұрақтылығы сақталуда. Заңға енгізіліп отырған толықтырулар мен өзгертулер түрлі жат пиғылды ағымдардың қатерінен жас буынды алдын ала отырып, олардың бейбіт елде өмір сүріп, жан-жақты дамуын қамтамасыз ету арқылы қоғам тыныштығын сақтауды көздейді. Дін саласындағы мемлекеттік саясатты қазіргі жаһандық үдерістер мен уақыт талабына сай қайта толықтыру мен жетілдіру мемлекетіміздің ішкі және сыртқы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік берері анық. Атап айтар болсақ, діни бірлестіктердің өз құқықтарын қорғауына, өздерінің қызметін жүргізуіне, нақтылауға, бағытталған нормалар бар. Деструктивтік діни ағымдарды насихаттауға, олардың идеологиясын таратуға тыйым салу басты мәселелердің қатарында.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Қайыржан ТӨРЕЖАН