Әл-Мансұрдың халифалық заманында Иса ибн Мұса деген кісі зайыбын қатты жақсы көргендіктен, бір күні әйеліне: «Сен айдан да сұлу болмасаң талақсың», – деп айтып қояды. Мұны естіген жұбайы: «Сен мені талақ еттің. Енді маған қасыма жақындауыңа, тіпті көз салуыңа да болмайды», – деп бөлмесіне қамалып алады.
Түні бойы уайыммен өткізген Иса ибн Мұса азанымен Әл-Мансұр халифаға барып, болған жәйтті баяндап: «Уа, мүминдердің әміршісі! Зайыбым талақ болса, күнім қараңғы. Бұл жағдайда менің өлгенім артық»,-деп жасаған қателігіне өкініп, күйінішін білдіреді.
Халифа Әл-Мансұр жанына ғалымдарды шақыртып алады да, олардан болған жағдайдың пәтуасын сұрайды. Сонда жиналғанның бәрі: «Талақ түсті»,-деген сөздерін айтады (талақ түсті – яғни, ажырасты).
Тек Әбу Ханифаның шәкірттерінің бірі үндеместен отыра береді. Әл-Мансұр: «Сен неге үндемейсің?»-деп сұрағанда Ол: «Бисмилләһир рахманир рахим. Інжір және зәйтүнге, Сина тауына және осы бейбіт қалаға серт. Расында, Біз адамзатты ең көркем бейнеде жараттық», – деп «Тин» сүресін оқып береді. Кейін: «Демек, бұл дүниеде адамзаттан көркем ешбір жаратылыс жоқ», – депті.
Сонда Әл-Мансұр халифа Исаға: «Алла Тағала сенің мәселеңді шешіп берді. Істің мәні Хақ Тағала айтқанындай. Енді әйеліңе бара берсең болады», – деп, оның әйеліне: «Күйеуіңе бағын! Ол сені талақ етпеді», – деп сәлем айтып жіберген екен.
Дайындаған –Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ