Өткен сенбіде Мемлекеттік күзет қызметі Айрықша мақсаттағы күштерінің әскери бөлімдерінде биылғы күзгі шақырылымның мерзімді әскери қызмет сарбаздары әскери ант қабылдады.
Әскери өмірдегі ерекше есте қалатын жауынгерлік рәсімдердің бірі әрі маңыздысы – әскери ант қабылдау салтанаты. Бұл күн – елдің амандығы мен мемлекеттің қауіпсіздігі сеніп тапсырылған, халық пен Президент зор сенім артқан сарбаз үшін өзіне өмірлік жауапкершілік жүктейтін қасиетті сәт. Сондықтан бұл рәсім күнделікті өтіп жатқан іс-шаралардың қатарынан емес. «Егер мен өзім қабылдаған әскери антты бұзсам, онда Қазақстан Републикасының зандарында белгіленген қатаң жазаны өтуге әзірмін», деп аяқталатын әскери анттың мәтінінде қаншама жауапкершілік, Отанға деген адалдығың мен ер азамат ретіндегі жауынгерлік парызың сыналатын сәттерде сынып кетпеуге жігерлендіретін рух жатыр.
Еліміздің әр өңірінен сайдың тасындай іріктеліп жасақталған «Айбын» президенттік полкі әскери қызметшілерінің ант беру салтанатты рәсімі Астана қаласындағы «Отан қорғаушылар» монументі алдындағы алаңда өтті. Барынша әскери сән-салтанатпен өткен жиынға келген жас сарбаздардың ата-аналары мен туған-туыстарының да қарасы қалың болды.
Мемлекеттік күзет қызметі Айрықша мақсаттағы күштерінің, яғни «Айбын» президенттік полкі қатарына шықыртылған 200-ден аса сарбаз биыл күзгі шақырылым бойынша мерзімді әскери қызмет сарбаздары еліміздің барлық аймағы мен республикалық маңызы бар қалаларынан іріктеліп алынған. Олар әскери бөлімдердің далалық оқу орталықтарында даярлық курсынан өткен.
Салтанатты рәсімде Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары – Айрықша мақсаттағы күштердің қолбасшысы, генерал-майор Айтқұрман Омарбеков сарбаздардың нағыз әскери өмірге басқан қадамына құт-береке тіледі.
– Бүгін бәріміз үшін маңызды оқиға сарбаздардың әскери ант қабылдау рәсіміне куә болдық. Жас жауынгерлер «Отанымды қорғаймын» деп жауапкершілік алды. Бұл қасиетті борыш – әр азаматтың парызы. Биыл Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтің және Рейхстагқа алғаш болып ту тіккен Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толды. Сіздер осы батыр аталарымыздың жолын абыроймен жалғайды деп сенемін. Біздің қатарымызда әскери істің қыр-сырын үйренесіздер әрі үлкен өмір мектебінен өтесіздер. Жауынгерлік жолда бір-біріңізге серік, тірек болыңыздар, – деді генерал-майор А.Омарбеков.
Сондай-ақ қарашада жауған қардың қара суығына қарамастан, немересінің қолына қару ұстап, Отанын қорғауға серт берген сәтін көруге келген жасы 73-тегі ақсақал Жеткерген Кенжебаев та ел қорғаны болуға бекінген балаларына ақ жол тілеп, батасын берді.
– Мен де өздерің секілді керзі етік киіп, Отан алдындағы борышымды екі жыл Свердловск қаласында өтедім. Одан жаман болған жоқпын, өмірлік азық болар көкейге көп нәрсе түйіп қайттым. Балаларым, қабылдап жатқан анттарыңа адал болып, жауынгерлік міндеттеріңді лайықты атқарыңдар. Еліміздің намысты да қайратты ер жігіті болып шыңдалыңдар. Шынын айтқанда, Мемлекеттік күзет қызметі қатарында әскери міндетті атқару – көп жігіттің арманы. Бір жыл отбасыларыңнан жырақта болу, тәртіпке бағыну, командирлеріңнен керек дүниелерді үйрену – осының бәрі сендер үшін үлкен тәжірибе, үлкен абырой. Біз өздеріңе сенеміз. Аман болыңыздар, халқыңа қадірі асқан, мәртебесі биік азамат болыңдар, – деді қатардағы жас жауынгер Ислам Бексұлтанұлының атасы Жеткерген ақсақал.
Ант қабылдауды Отанға, халқыңа адал қызмет ету, тіпті ел басына күн туған шақта жан қиюға дейін сапта болу деп түсінетінін жеткізген қатардағы жауынгер Асқар Серік те елімізді қорғауға ант еткен қатарластарына жүрекжарды лебізін білдірді.
– Отан-Ананы қорғау ең асқақ парыз, абыройлы міндет екенін біле отырып, бүгін біз, жас айбындықтар, салтанатты түрде ант қабылдадық. Ант қабылдау – Отанына, халқына адал болу, ел басына күн туса, оны ақтық демі қалғанша қорғау. Қажет болса, жан қию деп білеміз. Осылайша, ұлан-ғайыр жерімізді ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғаған жаужүрек ата-бабаларымыздың ерлік жолын жалғастырушыға, ел қорғанына, сенім арқалаған азаматқа айналдық, – деді қатардағы жауынгер И.Бексұлтанұлы.
Осы күні ант қабылдаған 200-ге тарта жас сарбаз енді МКҚ әскери бөлімдерінде мерзімді қызмет атқара жүре тәжірибелі нұсқаушылық құрамның жетекшілігімен әскери іске машықтанып, жауынгерлік және арнайы даярлық сабақтарында әскери мамандықтарды меңгереді.
Мемлекеттік күзет қызметі 0112-әскери бөлімінің 6-басқармасы 1-бөлімінің аға күзет офицері, аға лейтенант Ержан Бекболатовтың айтуынша, әбден іріктеуден өткен бұл мерзімді қызмет сарбаздары МКҚ «Айбын» президенттік полкі атқаратын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы мен Мемлекеттік елтаңбасы эталондарын күзету, Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін хаттамалық іс-шараларға қатысу, күзетілетін тұлғалар мен нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету секілді маңызды міндеттерді атқармақ.
– Айрықша мақсаттағы күштердің қатарына 18 бен 27 жас аралығындағы, бойы 180 см-ден жоғары және 195 см-ден аспайтын, білімі орта білімнен төмен емес, денсаулығы жақсы кез келген азамат қосыла алады. Десе де іріктеу кезінде жоғары білімді, спорттық жетістіктері мен разрядтары бар үміткерлерге басымдық беріледі. Мерзімді әскери қызметті Мемлекеттік күзет қызметі қатарында атқару жас азаматтар үшін нағыз ерлік мектебі болмақ. Жастар үшін бұл кезең әрі қарайғы мансап жолын жалғастыруға негіз, әлеуметтік саты болуы мүмкін, – дейді аға лейтенант Е.Бекболатов.
Салтанатты жиын барысында қатысушыларға епті де сом білекті жауынгерлердің қоян-қолтық ұрыс тәсілдері, қару-жарақпен саптық өнер көрсету элементтері көрсетілді. Ал жиын соңында дәстүр бойынша сарбаздардың туыстарына әскери бөлімдерге экскурсия ұйымдастырылды. Еліміздің әр өңірінен келген ата-аналар ұлдарының оқу сыныптарын, казармаларын, асханалар мен тұрмыстық бөлмелерін аралап көрді. Сондай-ақ командирлермен де емен-жарқын әңгімелесу іс-шарасы ұйымдастырылып, ата-аналар өзін қызықтырған сұрақтарын қойып жатты. Оған қоса қалған уақытты ата-аналар ұлдарымен бірге өткізіп, көңілі көтеріліп қалды.
Жасұлан БАҚЫТБЕК