Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі соңғы уақытта министр Аида Балаеваның атынан мәдениет қайраткерлеріне түрлі мәселелер бойынша хабарламалар келіп түскен жағдайлар жиілеп кеткенін хабарлайды.
“Мұндай хабарламалар алаяқтардың ісі екенін мәлімдейміз. Аида Балаева мен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мұндай хабарламаларды электрондық пошта, әлеуметтік желілер, мессенджерлер және басқа да байланыс арналары арқылы жібермейді.
Сіздерден абай болуды және хатқа жауап бермеуді сұраймыз. Мұндай хабарламалар алған жағдайда төмендегідей әрекет етуді ұсынамыз:
1. Келген хатты елемеу, хатқа жауап бермеу.
2. Алаяқтық фактісі туралы құқық қорғау органдарына хабарлау.
Азаматтардың мүддесін қорғау – біздің басты міндетіміз. Біз алаяқтық әрекеттерін болдырмауға және кінәлілерді жауапқа тартуға бар күшімізді саламыз” делінген министрлік таратқан мәліметте.