Әлемдік және дәстүрді дін көшбасшылары съезі Хатшылығының ХІІ отырысына қатысқан Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өткен жылдың қыркүйек айында бекітілген «Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің 2033 жылға дейінгі тұжырымдамасын» әзірлеу туралы бастама көтергенін айтты.
Тұжырымдама Съездің одан әрі дамуының жалпы бағыт-бағдарын, миссиясы мен мақсаттарын анықтайды.
Сондай-ақ ол Сенат төрағасы Мәулен Сағатханұлының аталған Тұжырымдаманы іске асыру жөнінде Іс-шаралар жоспарын бекіткенін жеткізді.
“Бүгінде Жоспар шеңберінде мынадай жұмыстар атқарылды.
Бірінші.
Қазақстан Хатшылық пен Съездегі әріптестермен халықаралық қоғамдастықта тұжырымдаманы ілгерілету мақсатында маңызды жұмыстарды іске асыруда.
Съез серіктестерімен бірлесе отырып, Үндістан, Түркия, Мысыр мен Ватиканда тақырыптық дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды.
Сонымен қатар «Қазақстан – әлемнің рухани астанасы» тақырыбында тақырыптық экспозициялар, көрмелер, мұрағаттық презентациялар ұйымдастырылды, онда біздің суретшілер мен каллиграфтардың үздік жұмыстары ұсынылды.
Біз сондай-ақ Қазақстан мен шетелдің жоғары оқу орындарында Съез Тұжырымдамасының идеяларын ілгерілету бойынша дәрістер сериясын іске асырудамыз.
Съез қызметі жөнінде әлемдік жұртшылықты хабардар ету мақсатында Съездер аралығындағы уақытта, оның ішінде үздік шетелдік БАҚ-та («Euronews», «BBS», «CNN», «Bloomberg», «Washington Post», «Al Jazeera», «Xinhua», «Vatican News») 1800-ден астам түрлі материал жарияланды.
Тұжырымдама идеялары ҚР Мемлекеттік органдары мен шетелдегі дипломатиялық миссияларының, сондай-ақ Съездің халықаралық әріптестерінің 56 интернет-ресурстарында көрініс тапты.
Екінші.
Алдағы уақытта Бахрейннің Король Хамадтың жаһандық бейбіт қатар өмір сүру орталығымен, Қытай даосистер қауымдастығының Бейжің «Байюньгуань» ғибадатханасымен және Қытай буддистер қауымдастығымен, Иранның Мәдениет және исламдық бағдарлау министрлігінің Мәдениет және ислам байланыстары ұйымымен халықаралық іс-шаралар өткізу жоспарымызда бар.
Үшінші.
Съез Тұжырымдамасы Меморандум форматында бірлескен күш-жігерді үйлестірудің жаңа деңгейін талап етеді. Осы орайда, Қазақстан тарапы Н.Назарбаев орталығы арқылы Съездің Даму Тұжырымдамасын халықаралық деңгейде ілгерілететін дінаралық саладағы ынтымақтастық туралы 4 меморандумға қол қойды.
Төртінші.
Ертең Съезд тарихында алғаш рет Жас діни лидерлер форумы өтеді. Іс-шараның мақсаты – жаһандық сын-қатерлерді шешу жолында ұрпақтар сабақтастығын жалғау, бірлесе күш-жігер біріктіру.
Форум аясында Съездер мен Хатшылықтардың діни материалдарының электрондық кітапханасының, олардың қатысушыларының, халықаралық ұйымдар өкілдерінің, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ғалымдар мен сарапшылардың сөздері мен еңбектерінің таныстырылымы өтеді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасатын болады.
Бесінші.
Ізгі ниет елшілері институтын құру жөніндегі бастама іске асырылды. Бұл өте маңызды іс-шара және біз рухани дипломатияны дамытуда елшілерден үлкен үміт күтеміз” деді Аида Балаева.