Әрбір мемлекет өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бюджетінің едәуір бөлігін қорғаныс саласына жұмсайды. Өйткені, ол күтпеген сыртқы және ішкі қауіп-қатерлерге, соғыстарға, лаңкестік әрекеттерге, бүліктерге дайын болуы керек. Сол үшін оның әскері, әуе және теңіз күштері әрдайым жаңарып, соңғы үлгідегі қару-жарақпен жабдықталып отырады.
Адамның денесі де бір мемлекет тәрізді, айналасы толған жау және ол кез келген уақытта баса көктеп кірген дұшпанмен күреске дайын тұрады. Дұшпан дегеніміз – ауру тудырғыш бактериялар, вирустар және басқа да микроб түрлері. Олар бізді қоршаған ортаның барлық жерінде – дем алған ауамыз бен ішкен суымыздан бастап қолымызбен ұстаған заттарда да бар.
Алайда, көпшілік адам біздің ағзамыздың жауға қарсы тұрарлықтай қуатты әскері, яғни қорғаныш немесе иммундық жүйесінің қалай қызмет ететінін біле бермейді. Иммундық жүйе – әртүрлі деңгейдегі «сарбаздары» мен «офицерлері» бар, арнайы «үйретілген» және химиялық қаруға дейінгі су жаңа технологияларды қолданатын тұтас бір армия.
Біздің денсаулығымыздың күзетінде тұрған бұл әскер күн сайын, тіпті әрбір секунд сайын жау күштерінің шабуылын тойтарып отырады. Бұл екеуінің күресі кейде жергілікті бір аймақтағы қақтығыс ретінде өтсе, кейде біз «сырқат», «төсек тарту» деп атайтын жаппай қырғын «соғысқа» ұласады.
Бұл соғыстың басталу себебі айтпаса да түсінікті. Ол бәрімізге мәлім. Тәуелсіз мемлекет – біздің ағзамызға шабуылдап кірген басқыншы-вирус бүркемеленіп жүріп, қарсыласының қорғанысын тығырыққа тірегісі келеді. Қорнағыс шебіндегілер өз кезегінде жаудың қайда екенін анықтау үшін арнайы барлаушылар тобын жібереді де, солардың әкелген мәліметтері бойынша, дұшпанға қарсы қажетті қару-жарақ өндіреді.
Одан кейін әскер бірден жаумен айқасқа түсіп, оны кейін тықсыра қуып, майдан даласын тазартады, сосын бұл дұшпанның екінші шабуылының алдын алу мақсатында кездескен жау туралы, оның әдісі жайында толық ақпаратты жинақтап, құжат дайындап, іске қосады…
Енді осы бітіспес күресті жақыннан тамашалап көрелік.
Қорған қабырға: адамның денесу
Адамның денесін қоршалған бекініспен салыстыруға болады. Жаулар үнемі осы қорғанның өтуге ыңғайлы, әлсіз жерін іздейді. Қорғанның қабырғасы дегеніміз – адамның денесін жапқан терісі.
Адам терісінің жасушаларында болатын кератин дейтін зат – бактериялар мен микробтар үшін өткел бермес кедергі. Жат тыңшылар бұл бөгеттерді бұзып өтіп, ағзаға кіре алмайды. Құрамында кератин бар терінің үстіңгі қабығы үнемі түлеп, жаңа терілермен қапталып отыратыны мәлім. Сондықтан ағзаға енді кірем деп жатқан шақырылмаған қонақтар түлеген үстіңгі қабықпен бірге ұшып кетеді. Олар ағзаға тек терідегі ашық жара арқылы ғана ене алады.
Алдыңғы шеп
Вирустардың денеге енетін басты мүмкіндігі – тыныс алу жолдары. Жаулар біздің жұтқан ауамызбен бірге ағзамызға кіруге тырысады. Алайда, оларды мұрын ішіндегі шырышты элементтер мен тыныс жолдарындағы айрықша жасушалар (фагоциттер) күтіп алады.
Көбіне бұл әскерлер дұшпанды дер кезінде құрықтап, жағдайды өз бақылауларында ұстайды. Ал тағам арқылы ағзаға түскісі келген микробтарды қарындағы тұзды қышқыл мен ішек ферменттері залалсыздандырады.
Жанама көмек
Біздің денеміздің әртүрлі бөлігінде (теріде, тері қыртыстарында, ауыз және мұрын қуыстарында, көзде, тыныс алу жолдарында, ішек-қарын жолында, жыныс мүшелерінде) бізге ауру әкелмейтін белгілі бір микробтар бар.
Жау шапқыншылығы төнген кезде осы микробтар жатжерлік микробтармен айқасқа түседі, өйткені олардың жерлеріне де қауіп төнетіні белгілі. Біз оларға ағзамызға қызмет жасайтын «жалдама» әскер, яғни жанама көмек деп анықтама береміз.
Өз мүдделерін көздеген бұл әскер қарамағындағы аумақтарын қорғайды. Осылайша, қиын-қыстау күн туған кезде ағзаның тұрақты әскеріне осы «шағын бөлімшелер» де көмекке келеді.
Қоян-қолтық айқас
Егер жатжерлік микроағзалар біздің күзет заставаларымыздан өтіп кетіп, ағзаға түссе, онда толық көлемдегі жаппай соғыс басталады. Мұны біз қарапайым тілде «ауру», «сырқат» деп атайтынымыз белгілі. Бұл жолы біздің ағзамыз өзінің тұрақты әскерін іске қосып, бар мүмкіндігінше жауға тойтарыс беруге тырысады.
Біздің иммундық жүйеміздің стратегиясы негізгі төрт кезеңнен тұрады:
- Жауды анықтап, алғашқы соққыны беру.
- Қорғанысты бекітіп, шабуылға қару-жарақ әзірлеу.
- Шабуыл және шайқас.
- Қалыпты өмірге қайту.
Дұшпан-микробтарға бірінші боп жауды жалмап жеп қоя алатын жасушалар – фагоциттер қарсы шығады. Бұлар майданның алғы шебіндегі жаяу әскер тәрізді жаумен қоян-қолтық айқасқа түседі.
Сонымен қатар, фагоциттер барлаушы, құпия әскери агент ретінде де жұмыс істейді. Жауды бөлшектегеннен кейін оның бір бөлігін өздерінде сақтайды. Келешекте бұл бөлшектер жауды анықтау және оның әдістерін зерделеу үшін қажет. Фагоциттер бұл бөлшекті ағзаның барлаушылар басқармасы құрылымына, яғни ақпараттық Т-жасушаларға береді.
Жалпы дабыл
Кез келген елде соғыс басталса, бүкіл қоғам соғыс жағдайына көшірілетіні белгілі. Барлық табиғи ресурстар мен бюджет майданға жұмсалады. Экономика әскери ережеге сай жұмысқа көшіп, бүкіл ел қарқынды қозғалысқа түседі.
Бұл құбылыс адамның денесіне де тән. Вирус ішке өтіп кетіп, адам ағзасы сөзсіз соғыстың, яғни аурудың алдында тұрғанда, бүкіл ағза да соғыс жағдайына көшеді. Қалайша?
Алдымен жауға атты әскер (макрофагтар) шабуылды бастайды. Егер күш тең түспей, атты әскер жауды тықсыра алмайтын болса, ағза жалпы дабыл сигналы болып табылатын «пироген» атты арнайы затты бөледі. Бұл зат миға жетеді де, оның орталығын термореттеуіш жағдайына көшіреді. Осыдан кейін, ми бүкіл ағзаға дабыл қағып, адамның қызуы көтеріле бастайды.
Қызу көтерілгенде, адам өзін әлжуаз, әлсіз сезініп, демалғысы келетіні белгілі. Өйткені, ми адамға басқа нәрсенің бәрін ысырып қойып, тыным алуға итермелейді, сондықтан иммундық жүйенің азат етуші әскеріне қажетті энергия өзге мақсаттарға шығындалмайды. Адам ағзасының өте күрделі де үйлесімді жаратылғанын осыдан-ақ көруге болады.
Қозғалыстағы тұрақты әскер
Жат микроағзалар мен иммундық жүйе арасындағы күрес адам ағзасы «соғыс жағдайына» көшірілгеннен кейін, яғни сіз төсекке таңылғаннан соң созылмалы сипатқа ие болады. Жаяу әскер (фагоциттер) мен атты әскерлер (макрофагтар) күші жетпегендіктен, ауру басталып, ағзамыз басқыншыларға қарсы күресін бір минутқа да бәсеңдетпейді, бүкіл ағза аяғынан тік тұрып, шайқас қыза түседі. Осы шақта соғысқа лимфоциттер (Т және В-жасушалар) араласады.
Атты әскерлер (макрофагтар) қолдарына түсірген жау туралы мәліметтерді Т-хелперлерге (яғни Т-көмекшілерге) береді. Бұл жасушалар өз кезегінде майдан даласына Т-киллерлер мен В-жасушаларды, яғни иммундық жүйенің таңдаулы әскери бөлімшелерін шақырады.
Қару-жарақ өндірісі
В-жасушалар жау туралы ақпаратты алысымен, қару-жарақ, яғни антидене (антитело) өндірісіне кіріседі. Бұл қару-жарақ баллистикалық зымыран тәрізді, тек мәлімет берілген, көзделген жауларды ғана жояды. Бұл өндірістің ғажабы сондай, жат микроағзалардың құрылысы мен біздің ағзамыз өндірген қару-жарақ бір-біріне құлып пен кілт секілді толықтай сәйкес келеді.
Антиденелер жауға жақындап келіп, шабуыл жасайды да, оларды залалсыздандырады. Осыдан кейін дұшпан шынжыр дөңгелегі, оқпаны мен оқ-дәрісі жоқ қауқарсыз танкіге ұқсап қалады. Сосын иммундық жүйенің өзге элементтері залалсыздандырылған жауды қоршап, оны түгелдей жоқ қылады.
Осы жерде мына бір таңғажайып дерекке назар салып қараңыз: иммундық жүйе миллиондаған түрлі жат агенттер, яғни вирустармен бір уақытта соғыс жүргізуі мүмкін. Ол агент қандай болса да, В-жасушалар соған дәлме-дәл сәйкес, яғни қарсы тұрарлық қару-жарақ өндіріп шығарады. Бұл иммундық жүйенің туабітті қабілеті екенін әрі миллиондаған түрлі құлыптарға қажетті кілтті жасай алатынын көрсетеді.
Санасыз жасушалардың миллиондаған түрлі антиденелерді жасау және оларды қолдану мүмкіндігіне қарап отырып, оларды шексіз құдіретті Алла тағаланың жаратқаны екенін түйсіну қиын емес. Ешқандай сана сезімі жоқ жасушаларға өз жауларының қимыл-әрекетін дәлме-дәл анықтап, сол сәтте қарсы жауап беру мүмкіндігін берген Жалғыз Жаратушымыз емей, басқа кім?..
Жеңістен кейін
Жауды жеңгеннен кейін Т-супрессорлар іске кіріседі. Ол айқасты аяқтау туралы бұйрық беріп, Т-киллерлер мен В-жасушалардың қызметін тоқтатады. Осылайша, ағза қалыпты режимге көшеді.
Соғыс мақсатында өндірілген Т және В-жасушалардың көбісі өмір жолдарын аяқтап, өледі. Алайда, бұл соғыс ағза жадынан ешқашан ұмытылып қалмақ емес. Алғашқы соғыс басталар алдында, жауды анықтап, соған сәйкес дайындық жүргізу үшін біршама уақыт керек болған болса, аталған жау екінші мәрте шабуылдағанда, ағза бұған бек дайын тұрады. Өйткені, бұдан былай иммундық жүйеде жау белгілерін есіне сақтаған «жады» жасушалар тобы әрдайым күзетте тұрады. Сондықтан екінші қайтара дәл осы жау шабуылы басталса, жады жасушаларының ақпараты арқасында, біздің ағзамыз дұшпанға дер кезінде тойтарыс береді.
Қызылшамен немесе мысқылмен (свинка) ауырған адам екінші рет бұл дерттерге шалдықпайтыны белгілі, себебі ағзадағы «жады» жасушалар арқылы осы ауруларға қарсы «иммунитет» пайда болған.
Бұл жүйені кім жаратты?
Жоғарыда баяндалған соғыс оқиғасын көргеннен кейін, осы бір таңғажайып жүйені кім жасады деген сауалға бір ой жіберіп көрген артық емес. Темірдей тәртіпке бағынған біртұтас жүйе, онда өмір сүру үшін бәрі де бар: макрофагтар, Т және В-жасушалар, киллерлер, пирогендер, мидың термореттеуіш орталығы, ағзаның термореттеуіш тетіктері… Бұл жүйе шынында қалай пайда болды?
Дарвиндік эволюция теориясы бұл сұраққа жауап бере алмайды. Себебі, ол тек барлық тірі ағзалар мен оның жүйелері түр өзгерісі және кезең-кезеңмен даму нәтижесінде пайда болған деп тұжырым жасайды. Ал иммундық жүйенің «кезеңмен» дамуы туралы сөз онда жоқ. Ішіндегі бір ғана элементі болмаса, немесе өз «қызметінен» бас тартса, тұтас жүйе жұмыс істемей, адам өмір сүре алмас еді.
Сол себепті біздің ағзамыз бен иммунитет тұтастай бір уақытта пайда болуы тиіс. Бұл тұжырым өмірдің кездейсоқ пайда болуы және жер бетіндегі тіршіліктің кезең-кезеңмен дамуы туралы айтатын эволюциялық ілімге қарсы тұратын басты дәлел болып табылады.
Сонда, мұндай тәртіпті жасаған кім? Ауру келгенде дененің қызуы көтерілу керек екенін, қорғанысқа қажетті энергияның басқа нәрселерге шығындалмауы керектігін алдын ала анықтайтын қандай күш? Макрофагтар ма? Макрофагтар қарапайым көзге көрінбейтін денелер емес пе? Оларда ойлану, талдау, шешім қабылдау секілді қабілеттер жоқ. Олар тек жоғарыдан келетін бұйрыққа бағынады.
Мүмкін мұның бәрін істейтін адамның өзі шығар? Жоқ, адам баласы тіпті өз ағзасында осындай жетілген жүйенің бар екенін де білмейді ғой. Бұл жүйе өзін кез келген сәттегі аса қауіпті жағдайлардан қорғап жүргенін де сезбейді.
Иә, мұның бәрі құдіреті шексіз Алла тағаланың жаратқан ісі. Иммундық жүйемізді Ұлы Жаратушымыз, барлық әлемдердің Әміршісі, адамды бір тамшы судан бар қылған Алла тағаланың жаратқандығына шүбә болмаса керек. Мұндай құдіретке ие Сол ғана.
Харун ЯХЬЯ,
Қазақ тіліне аударған Ескендір ТАСБОЛАТ