Сұрақ: Ислам атын жамылған ағымдарды қалай аңғарамыз?
Жауап: Ислам атын жамылған діни ағымдарға анықтама беру – күрделі мәселелердің бірі. Өйткені діни көзқарастардың әртүрлілігі бір діннің ішінде діни араздықтың туындауына себеп болуда. Деструктивті, кереғар делінетін исламдық діни бағыттар арасында «алғашқы фундаментке оралу» идеясы жиі жаңғырады. Атап айтқанда, таза Ислам, таухид, бидғат, хижрат, тағұт т.б. сияқты идеялардың фундаменталистік діни топтар арасында жиі қозғалуы кез келген мемлекеттің саяси, экономикалық, әлеуметтік дамуына өз ықпалын тигізеді.
Ислам атын жамылған діни топтардың негізгі қағидалары – «күпірлік –діннен шығу» және дінді «жаңалықтардан тазарту». Аталмыш діни ағымдардың мұсылмандарды Алланың бірлігіне (таухид) шақыру, Ислам дінін ескі діндерден қалған қалдық (хурафа) және жаңашылдық (бидғат) амалдардан тазалау, діни сипаттағы атрибуттарға бейімдеу (ретсіз сақал өсіру, келте балаққа бейімдеу, намазда ерекшелену т.б.), зайырлы құқықтық мемлекеттерді жағымсыз көзқарастармен сынау, дінді Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбардың заманындағы қалпына келтіру, араб әлемін біріктіру сияқты мақсаттарды ұранға айналдырады. Исламның алғашқы дәуіріне оралуды фундаменталистік діни бағыттар тікелей қабылдап, оның ғасырлар бойы ғылыммен үйлесіп дамып отырған жетістіктерін жоққа шығарған бағыттары да бар.
Мұндай Ислам атын жамылған діни ағымдардан сақтанып, Отандық дәстүрлі имам, теологтарға жүгінгеніміз абзал!
Икрам АЙТАЕВ