Сұрақ: «Ағраф» сүресінде «Құранмен мүміндерге үгіт жаса» деген аят бар. Сонда насихат үшін тек Құран жеткілікті ме?
Жауап: Бұл – көбіне-көп «Тек Құранмен ғана үгіт жасау керек» дейтін діни топтың (құраншылар) дәлел ретінде көрсететін аяты. Расында да, Алла Тағала Құран Кәрімнің «Ағраф» сүресінің 2-аятында: «(Мұхаммед ғ.с.) Бұл саған түсірілген бір Кітап. Сондықтан көңіліңде кірбеңдік болмасын. Бұл арқылы ескертуің, мүміндерге үгіт үшін» деп бұйырады.
Әсілі, бұл аяттағы «харажун» (кірбеңдік) сөзі араб тілінде «күмән» және «ауыртпалық» деген мағынаны білдіреді. Ал, муфассирлер (Ибн Кәсир) аталған аятта «харажун» сөзі «ауыртпалық» мағынасында қолданғандығын айтады. Яғни, Мұхаммед (с.ғ.с.) дін насихатының ауыртпалығынан қиналған шақта, Жәббар Хақ Оған (с.ғ.с.) дем беріп, қолдап, осы аятты нәзіл еткен.
Алла Тағала Құран Кәрімнің «Хижр» сүресінің 97-аятында: «Расында, олардың (мүшріктер) айтқандарынан көңіліңнің қынжылғанын білеміз» деп бұйырады. Алла Елшісі (с.ғ.с.) адам баласы болғандықтан, Ол (с.ғ.с.) да кейде мүшріктер ақиқаттан тайып, көпе-көрінеу қатты қырсығып, әз Пайғамбармен (с.ғ.с.) қарсыласқан кезде, олардан көңілі қалып, налитын. Осындай сын сәттерде, Жаббар Хақ елшісіне дем беретін. Оны (с.ғ.с.) дін насихатын жасауда қажырлы болуға шақыратын. Яғни, жоғарыдағы Құран Кәрімнің «Ағраф» сүресінің 2-аяты Алла Елшісіне (с.ғ.с.) осы мағынада түскен болатын.
Ал, құраншылардың көзқарасы бойынша дін насихаты үшін тек Құран жеткілікті болса, Алла Тағала елшілер мен нәбилерін жібермес еді. Алла Тағала Құран Кәрімнің «Бақара» сүресінің 151-аятында: «Іштеріңе, өздеріңнен аяттарымды оқитын, сендерді тазартатын және сендерге Құранды әpi үкімдерін үйрететін, сондай-ақ білмегендеріңді үйрететін Елші жібердік», – дейді.
Шынтуайтында, діндегі ақида, құлшылық, қоғамдық қатынастарды реттеу мәселелерінің үкімдері түгел дерлік Құранда баяндалмаған. Кейбір мәселелердің діни үкімдері Алла Елшісінің (с.ғ.с.) сүннетімен бекітілген.
Мысалы, Имам Шафиғи «әл-Умм» атты трактатында: «Егер біз тек Құранды ғана басшылыққа алсақ, онда намаз, зекет, қажылық және өзге де парыз болған амалдардың түпкі сырын ұға алмайтын едік», – дейді. Яғни, Құран Кәрімде намаз оқудың парыз екені айтылғанмен, оның қалай оқылатыны сүннетте ғана толық көрсетілген. Құран Кәрімде зекеттің парыз екені айтылғанмен, оның қай мүліктен қандай мөлшерде алынатындығы сүннетте бекітілген. Сондай-ақ, қажылық рәсімдері де сүннетті үлгі ету арқылы атқарылады.
Әрі-беріден соң, Алла Тағала елшілері мен нәбилері арқылы адамзат баласына дінді үйреткенін Құран Кәрімнің «Ниса» сүресінің 164-аятында: «Саған бұрынғы елшілерді баян қылдық, сондай-ақ, елшілерден саған баян етпегеніміз де бар», – делінсе, «Фатр» сүресінің 24 аятында: «Ескертуші пайғамбар келмеген ешбір үмбет жоқ», – делінген. Ал, «Жүніс» сүресінің 47-аятында: «Әр үмбеттің бір пайғамбары бар», – деп баяндалған.
Демек, Алла Елшісінің (с.ғ.с.) сүннетінсіз, тек кітап арқылы дін насихатын жасаушылар қателеседі.
Мұхан ИСАХАН