Павлодар облысы, Ертіс ауданы, Ағашорын аулында жаңа мешіт ашылды. Ағашорын аулының халқы жаңа мешіттің ашылуын үлкен қуанышпен қарсы алды. Ауыл шетіне оншақты киіз үйлер тігіп, халыққа ас берумен қатар, ат бәйгелері (тай, құнан бәйгесі, тоқ бәйге), палуандар күресін ұйымдастырып, қомақты жүлделер тігіліпті.
Мешіттің ашылу салтанатына облыстың бас имамы Бертымұратов Жолдас Қоспақұлы және Ертіс ауданының әкімі Шәріпов Болатбек Кәрімұлы бастаған облыс, аудан басшылары, өңір халқы молынан жиналды.
Қасиетті орынды ашу әдеттегідей Алланың кәләмы-Құран оқумен басталып ресми адамдар, ауыл ақсақалдары, қадірдлі ата-апалар құттықтап сөз сөйледі.
Облыс бас имамы Жолдас Қоспақұлы жиналған жамағатқа имандылық, жастар тәрбиесі, мешіттің халықтың береке-бірлігін арттыруда атқарар рөлі, жайлы кең көлемде уағыз айтты.
Әсем де көрікті мешіттің бой көтеруіне мол үлес қосып, негізгі жұмыстарын атқарған Бәкішев Балғабай Қайырханұлы, Сейдахметов Ерболат Аманжолұлы, Байғазинов Ерқанат Қайрақбайұлы қатарлы ауыл ағалары мен кәсіпкер азаматтарға алғыс айтылып, иықтарына шапан жабылды.
Келесі кезекте мешіттің лентасы қиылып, жаңа мешітке қадам басып кірген жамағат 2 рәкағат сәлем намазын оқыды.
«Ағашорын» ауылдық жаңа мешіт 150 кісілік, имам бөлмесі, ер және әйел жамағатқа арналған заманауи дәрет алатын бөлмелермен жабдықталған.