Нұр-Мүбарак университетінде Алматы имамдарының білімін жетілдіруге арналған «Ағартушы имам» атты 2 айлық курс өз жұмысын бастады.
Оңтүстік астанада мешіт имамдарынан іріктелген дін қызметкерлеріне Нұр-Мүбарак университетінің Академиялық мәселелер департаментінің директоры, философия ғылымының кандидаты Жалғас Сандыбаев бұл курсты ұйымдастыру үшін Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспанның ерекше ден қойып, екі айда имамдардың біліммен қатар біліктілігін арттыруға мүдделілік танытқанын айта келе, университеттің оқытушы-профессорлары да аталған аманатты барынша ықыласпен қолдайтынын жеткізді.
Бас имам Төлеби Оспан: «2022 жылға арналған кеңейтілген Төралқа мәжілісінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бағдарлық баяндама жасап, ағарту саласын жаңғыртуға көңіл бөлу керектігін атап өтті. Алматы – үлкен мегаполис. Сондықтан мешіттердің де қызмет көрсету сапасы жоғары болуы қажет. Ал мешіттер имамдардың біліктілігімен бағаланады. Сол себепті біз қаладағы белсенді, жоғары діни білімі бар жас имамдарды іріктеп алдық. Нұр-Мүбарак университетіндегі кітапханадан қажет ақпаратты таба аласыздар. Оқытушы-профессорлар білімін алып, арнайы курсты тиімді пайдалануға мол мүмкіндік кезеңі туып тұр», – деп имамдарға сенім білдірді.
Бүгіннен бастап курс тәлімгерлеріне екі ай бойы Құран Кәрім, заманауи фиқһ мәселелері, Усул фиқһ, Исламдағы қаржы сауаттылығы, ислами ой-еркіндігі, Үкім аяттарының тәпсірі, Қазіргі таңдағы хадистану мәселелері, араб тілі, шешендік өнер, Қазіргі таңдағы ақида мәселелері, ахлақ, Шариғат мақсаттары, Ислам және қазақ қоғамы, т.б. өзекті салаларда дәрістер өтпек. Сондай-ақ имамдардың еңбекақысы сақталып, білім алуға қажетті барлық жағдай қарастырылған. Ал курс соңында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының өзі баға беріп, сертификат тапсырады деп күтілуде. Имамдардың зияткерлік, ағартушылығын арттыру шарасы бұнымен ғана шектелмейді. Болашақта азаншылардың жарысы секілді, қасиетті хадис білгірлері де бақ сынамақ. Қаланың Бас имамы Төлеби Дәділұлының айтуынша дін қызметкерлерінің білімін арттырып, заман талабына сай зияткер тұлға болуы үшін жан-жақты шаралар мен жобалар жалғасын табады.