Зебралар түр-тұрпаты жағынан жылқыдан аумайды, тек үстеріне жамылған киімдері ғана өзгеше: денесіндегі жолаққа қарап, оларды ала терілі жылқы деп атауға әбден болады. Зебралардың да дене тұрқы жылқы сияқты, дәл сондай жалы бар, тіпті жүгіргенде жылдамдығы да бірдей.
Сіз білесіз бе, зебраның денесіндегі жолақтар әрқайсында әртүрлі болып келеді. Өз қолыңызға қараңыз, саусақ ұшындағы сызықтар әртүрлі болатыны сияқты, зебралардың да жолақтары бір қарағанда бірдей болып көрінгенмен, әр жануарда түрліше. Сондықтан олардың осы жолақтарын өзіндік «төлқұжаты» деп қарауға да болады.
Бұл жолақтардың зебралар үшін тағы бір пайдалы жағы – оның қорғаныс элементі болып табылатындығы. Зебраларға шабуыл жасағысы келген арыстандар оларды үстеріндегі жолаққа байланысты бір-бірінен ажырата алмайды. Зебралар мұндай жағдайда жыртқыштың көзіне бәрі біртұтас нәрсе тәрізді болып көрінеді.
Африканың өзге де мақұлықтары секілді, зебраларға да өмір сүру үшін шөп пен су керек. Кейде олар шүйгін шөп пен су іздеп күніне 50 шақырым қашықтыққа дейін шарлайды. Бірақ, кеш түсе олар міндетті түрде өз жерлеріне оралады. Бұл көп жан-жануарларға тән қасиет, олар өздері туған мекеннен көп алысқа ұзамай өмір сүреді.
Ал сіз зебралардың нені қатты жақсы көретінін білесіз бе? Олар күніне бірнеше мәрте топыраққа аунап, шаңға «жуынғанды» өте ұнатады. Әрине, бұл біреулерге біртүрлі болып көрінуі мүмкін, бірақ зебралар ол кәдуілгі тірлік. Себебі, топыраққа аунау арқылы олар терісінің арасына кіріп алған зиянды жәндіктерден тазаланады.
Дегенмен, зиянды жәндіктерден арылуға көмектесетін тағы бір тіршілік иесі бар: ол – кішкентай тоқылдақ құстар. Жәндіктер – олардың сүйікті тағамы. Тоқылдақтар зебраларға «қонаққа» келіп, үстіне отырып алады да, қайда барса да, бірге еріп, қонақжай иесінің денесін тазартып береді. Ал ол жәндіктердің қаупі орасан, өйткені солардың кесірінен зебраның денесінде бірте-бірте ұлғайып, соңы тіпті өлімге апарып соқтыратын жара пайда болуы мүмкін.
Зебралардың өміріне қарап отырып, Мейірімді Жаратушының табиғатты қалай шебер жаратқанына, тіпті жан-жануарларды да бір-біріне көмектесетін етіп қойғанына таңдай қағасың.
Жаңа туған зебраның құлыншақтары жарты сағат өткен соң-ақ түрегеліп, жүре бастайды. Сосын бірден енесіне барып, пайдалы нәрлі уызын емуге асығады. Зебра сүтінің түсі де өзгеше: алқызыл түсті. Алла тағала бұл сүтті арнайы зебра құлыншақтары үшін жаратқан. Оның құрамындағы ерекше заттар арқасында құлындар тез өсіп, әртүрлі қауіпті аурулардан сақтанады.
Басқа да жануарлар тәрізді зебраларға да Алла тағала қауіптен сақтану, қорғаныш қасиеттерін берген. Соның арқасында олар түрлі жыртқыштар жайлаған мекенде еркін өмір сүреді. Бұл жануарларда маңызды қорғаныш қызметін көру, есту және иіс сезу секілді сезім мүшелері атқарады. Осы органдардың аса сезімталдығы арқылы зебралар жауларды тез аңғарып, жедел қашуға әзір тұрады. Оларды құтқаратын басты құралы да – аяқтары: зебралар жер бетіндегі ең шапшаң мақұлықтардың бірі.
Ал бұл жануарлар ұйықтаған кезде не істейді? Қалай қорғанады? Сөйтсек, зебралар үйірі тынығып, ұйықтаған кезде, біреуі не екеуі міндетті түрде ұйықтамайды екен. Өйткені олар оқыстан қатер төнген кезде бауырластарына белгі беру үшін маңызды күзет қызметінде тұрады.
Негізі, зебралардың өмір сүру салты адамдардікіне ұқсайды. Алайда, үйір ішінде зебралардың әрқайсы ешкімнің бұйрығынсыз-ақ өз міндетін атқарып, бір-бірімен толықтай үйлесімділікте өмір сүретіні таңдай қақтырады. Әлбетте, зебраларды жаратып, осындай ерекше өмір салтын берген де бір Алла тағала. Егер Жаратушы Иеміз осындай қасиетті бермеген болса, зебралардың біреуі қалайша ұйқыдан бас тартып, үйірдің тыныштығын ойлар еді?
Сол секілді жаңа туған құлыншақтың да Алла берген өзіндік қарапайым әрі оңай қорғаныш тәсілі бар. Ол – құлыншақтың қайткенде де енесінің жанынан қалмауы. Ойлап қараңызшы, қандай жаратылыс! Сәби құлын әлі де жыртқыштың не екенін білмейді, білсе де, өз аяғына діріл қағып енді тұрғандықтан, ажал тырнағынан құтылуға шамасы жоқ қой. Сондықтан Алланың қалауымен, бұл құлыншақтар туа салысымен енесінің қасынан қалмау керектігін, жаудан құтылатын ең қауіпсіз жер осы екендігін білетіндей. Сөйтіп, қауіп төне қалса, енесі құлыншағын тез арада үйірдің ортасына қарай жасырады.
Негізінен зебралар ашық алаңқайларда жайылатындықтан, жыртқыш аңдардың оңай олжасына айналуы әбден мүмкін. Алайда, Мейірімді Алла тағала бұл жерде де оларды қорғансыз қалдырмаған: зебраның денесі тез қимылдауға жаратылған, қауіп туған сәтте-ақ көз ілеспес жылдамдықпен зулап, көзден ғайып болады.
Аяқтары ұзын, бұлшықеттері мықты, сүйектері қатты, ал тыныс алу органдары ерекше дамыған, өйткені зебралардың өкпесі ерекше үлкен болып келеді. Сондықтан олар шаршамай әрі жылдамдығын бәсеңдетпей ұзақ қашықтыққа жүгіре алады.
Зебра – суды көп қажет ететін жануар. Кейбір су жоқ жерлерде олар айрықша иіс сезу мүмкіндігі арқылы қай жердің астынан су шығатынын анықтап, сол жерді тұяғымен қазып, қопарады, сосын астынан шыққан таза салқын суды ішеді.
Дайындаған Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ